Экс-президент Назарбаев Астанада дауыс берді
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні Астанада дауыс берді. Қасында баспасөз хатшысы Айдос Үкібай еріп жүрді.
Назарбаев дауыс бергеннен кейін Азаттық журналисінің қойған сұрағына жауап бермей:
– Сәлеметсіздер ме! Табысты, бақытты болыңдар, жарай ма?! – деп өте шықты.
84 жастағы Назарбаев былтыр желтоқсанда "Менің өмірім" атты мемуары жарыққа шыққаннан кейін жұрт алдына көп шықпай жүрген. Ол кітапта Назарбаев екінші отбасы бар екенін, өзінен 40 жас кіші әйелден туған балалары барын алғаш рет мойындаған. Мемуарында Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрған кезде "Қазақстан аруы - 1999" деген атағы бар Әсел Исабаевамен (Құрманбаева) мұсылманша неке қидырғанын, одан екі ұл бала сүйгенін жазған. Ұлдардың үлкені Тауман қазір кәмелетке толған, ол да референдумге дауыс беруге қатысу құқына ие.
6 қазанда референдумге дауыс берген кезде Назарбаевтың қасында туыстарынан ешкім болған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев пен алғашқы әйелі Сара Назарбаевадан Дариға, Динара және Әлия есімді үш қыз өмірге келген.
Белсенділер референдум күні де үйін полиция торуылдап жүргенін айтты
Референдум күні Қазақстанның түрлі аймағында - Алматы мен Шымкент қалалар, Ақмола, Маңғыстау облыстарында тұратын бірқатар белсенді үйінің маңын полиция торуылдап тұрғанын хабарлады.
Алматыда оппозиция митинг орны деп белгілеген жерді полиция бақылап тұр
Алматыдағы Райымбек даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында, бұрын "Саяхат" автовокзалы болған маңда полиция жеңіл көліктері мен бірнеше автозак тұр. Бұған дейін шетелде тұратын қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов осы жерді АЭС-ке қарсы митинг өтетін орын деп айтқан.
Азаттық тілшісі сөйлескен полиция қызметкерлері бұл жердегі қоғамдық тәртіпті бақылап тұрғанын, митинг туралы ештеңе естімегенін айтты.
Қазақстанда бүгін АЭС құрылысын салу жөнінде республикалық референдум өтіп жатыр. Референдум қарсаңында елде ондаған белсенді ұсталып, жауапқа тартылған. Кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген.
ОРК: сағат 12-ге дейін 4,8 млн адам дауыс берген
Орталық референдум комиссиясының 6 қазан күні сағат 12-де жариялаған мәліметі бойынша, таңертеңгі сағат жетіден бері елде 4,8 млн адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 39,23 пайызы референдум бюллетенін алып үлгерген.
Ресми дерекке сай, дауыс беруге қатысқандар көрсеткіші бойынша Шымкент алда тұр – 57,03 пайыз, ең азы Алматыда – 11 пайыз. Елдегі аймақтардың жартысының аумақтық комиссиясы сайлаушы тізіміндегі адамдардың 40 пайыздан астамы дауыс беруге қатысты деп есеп берген.
Сағат 12-дегі ресми мәлімет бойынша, референдумге қатысқандар көрсеткіші мынадай:
1. Абай облысы – 42,22 %
2. Ақмола облысы – 45,48 %
3. Ақтөбе облысы – 44,87 %
4. Алматы облысы – 41,76 %
5. Атырау облысы – 43,94 %
6. Батыс Қазақстан облысы – 36,67 %
7. Жамбыл облысы – 36,27 %
8. Жетiсу облысы – 37,35 %
9. Қарағанды облысы – 46,89 %
10. Қостанай облысы – 44,04 %
11. Қызылорда облысы – 37,63 %
12. Маңғыстау облысы – 38,50 %
13. Павлодар облысы – 36,54 %
14. Солтүстік Қазақстан облысы – 39,85 %
15. Түркістан облысы – 44,52 %
16. Ұлытау облысы – 43,31 %
17. Шығыс Қазақсан облысы – 37,63%
18. Астана қаласы – 41,93 %
19. Алматы қаласы – 11,88 %
20. Шымкент қаласы – 57,03 %
ПІКІРЛЕР