ОРК елде 7,5 миллионнан астам адам дауыс бергенін хабарлады
Орталық референдум комиссиясы (ОРК) Астана уақытымен сағат 18.00-ге дейін тізімдегі сайлаушылардың 61 пайыздан астамы дауыс берді деп хабарлады. ОРК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, елде 7,5 млн-нан астам адам дауыс берген.
Ресми мәлімет кестесінде сайлаушылардың референдумға қатысу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы алда тұр – 80%.
Ең төмен көрсеткіш Алматыда тіркелген – 22,9. Астанадағы көрсеткіш одан екі еседен де көп – 49,3%.
Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға елдегі дауыс беру құқына ие азаматтардың қаншасы қатысқаны жөніндегі алдын ала мәліметті ОРК жексенбі күні сағат 21-де жарияламақ.
Қазақстандағы 10 мыңнан астам референдум учаскесінде 6 қазанда таңертеңгі сағат жетіде басталған дауыс беру сағат 20.00-де аяқталады.
Қазақстанның өзге елдердегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан құрылған 74 референдум учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылған.
Мәдениет және ақпарат министрі "Уральская неделя" газеті құрылтайшысына айыппұл салынғаны заңды деді
Астанада журналистер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан "Уральская неделя" газеті құрылтайшысы Тамара Есләмоваға салынған айыппұл жөнінде не ойлайтынын сұрады.
Осы аптада Орал соты газет құрылтайшысы, "Журналистік бастама" компаниясының жетекшісі Тамара Еслямоваға басылым журналистері жұрттан АЭС жөнінде пікір сұрап, видеоға түсіргені үшін 110 мың теңге айыппұл салды. Басылым YouTube-каналында жариялаған видеода тілшілер қала тұрғындарынан АЭС идеясы жайлы пікір сұраған.
Прокуратура мен сот бұл сауалнама заңға қайшы деп тапты. Заң бойынша, қоғам пікірін сұрап, сауалнама жүргізіп, жариялау құқына әлеуметтік зерттеумен бес жылдан артық айналысып жүрген, Орталық сайлау комиссиясының рұқсатын алған ұйымдар ғана ие.
Есләмова сот шешіміне келіспейтінін мәлімдеді. Ол газет қоғам пікірін білуді көздейтін сауалнама емес, блиц-сұхбат өткізген деп есептейді. Баспасөз құқық қорғаушылар газетті қорғап сөйледі.
Аида Балаева айыппұл салу туралы шешім заңды деді.
"Сауалнаманың өз тәртібі бар. Біз алдын ала ескертіп, жарияладық. Оны бұзуға болмайды", — деді Балаева жексенбі күні референдум учаскесінде дауыс беріп болғаннан кейін.
"Уральская неделя" редакциясымен сөйлесіп көрдіңіз бе деген журналистер сауалына министр жоқ деп жауап берді.
Қазақстанда референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Жексенбі, 6 қазанда сағат 20-да елдегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталып, бюллетень санау басталды.
Қазақстанның Еуропа мен Америкадағы дипломатиялық өкілдіктерінде дауыс беру жалғасып жатыр.
Орталық референдум комиссиясы елде АЭС салу туралы референдумға дауыс беруге қанша адам қатысқаны туралы алдын ала мәліметті сағат 21.00-де жарияламақ.
Алматыда белсенді Әсет Әбішевті референдумға бара жатқан кезде полиция алып кеткен
Алматылық белсенді Әсет Әбішевті референдумға бара жатқан жерінен полиция әкеткенін "БелсенділерЭкстремистЕмес" тобы хабарлады. Жексенбі кешке белсендінің өзі Азаттыққа видео жіберіп, жағдайдың қалай болғанын баяндады.
ПІКІРЛЕР