Бұл - Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының шетінде оқшау тұрған ескі шіркеу.
Шатыры жоқ ескі ғибадатхана қазір қаңырап бос тұр.
Архитектурасымен назар аудартатын шіркеу - Дербісек ауылындағы ең биік ғимарат.
Христиан шiркеуінің шамамен 1880-1915 жылдар арасында салынғаны айтылады.
Кейбір деректерге қарағанда бұл ғибадатхана Покров шіркеуі (Церковь Покрова Пресвятой Богородицы) деп аталған болуы мүмкін.
19 ғасырдың соңында Дербісек маңында Константиновка және Кауфман деген ауылдар болған.
"Туркестанские епархиальные ведомости" басылымы 1917 жылы тамыз айында Кауфмандағы шіркеу қызметкерінің Әулиеата уезіндегі шіркеудің біріне ауысқаны жайлы хабарлаған.
Жергілікті тұрғындар, ауыл округі басшылығы және христиан діні өкілдері бұл шіркеу туралы әзірге құжат жүзінде толымды дерек жоғын айтады.
Ғимараттың тұрған жері биіктеу болғанымен қабырғаларынан су өткені байқалады.
Кейбір тұрғындардың сөзіне қарағанда ғибадатхана маңында кезінде христиан дінбасылардың бірі жерленген болуы мүмкін.
Дербісек ауылындағы бұл ескі ғимарат совет кезінде де бос тұрған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шіркеуді трактормен қопармақ болған адамдардың әрекеті сәтсіз аяқталған.
Төрт қабырғасы сақталғанымен шатыры мен қоңырауы жоқ шіркеудің солтүстік жағы құлай бастаған.
Ал ғибадатхананың қасбеті жақсы сақталған.
Бірақ шіркеудің төбесіндегі күмбездер мен крестер қисайып тұр. Жел соққанда күмбездегі шынжырлардан әлсіз дыбыс шығады.
Қазір апатты жағдайда тұрған ғимарат қоршалмаған.
Шіркеу маңы бүгінде егістікке айналған.
ПІКІРЛЕР