Атырауда және Ақтөбеде де күштік құрылым өкілдері наразыларды тарату үшін шулы граната мен водометтер қолданып жатыр.
Алматыда прокуратура ғимараты да өртеніп жатыр
Алматыда наразылар мен полиция арасында қақтығыс болған. Қалалық прокуратура ғимараты да өртеніп жатыр. Күштік құрылымдар артқа шегінгені, бір әскеридің жараланғаны да айталады. AFP агенттігі Алматыдағы наразылыққа мыңнан аса адам жиналғанын хабарлады.
Кейбір ақпарат құралдары наразылардың көшелердегі бейнебақылау камераларын сындырғанын жазып жатыр. Vlast.kz сайты наразылардың Алматы қаласындағы президент резиденциясына беттегенін хабарлады.
Алматыдағы наразылықта 190 адам зардап шекті. Жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр
Алматы денсаулық сақтау басқармасы қаладағы наразылық кезінде 190 адам зардап шеккенін, 40 адам ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Зардап шеккендердің 137-сі - полицей, 53-і тұрғын.
"Жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр, оның төртеуі полиция қызметкері" деді басқарма.
5 қаңтар түстен кейін наразылар Алматы қаласы әкімдігін басып алған. Ғимараттың бір бөлігі өртенген.
Наразылар Алматы әкімдігіне басып кірді
Алматыда наразылар қала әкімдігіне басып кірді. Әкімдіктің есік-терезелері сындырылды деп хабарлады Vlast сайты. Ақпаратқа қарағанда, жаңа алаңға бірнеше мың адам келген.
Жаңа алаңға жақын кеңселерде істейтіндер оқ атылғанын естіген. Күштік құрылымдар топқа шулы гранаталар лақтырған. Әкімдікте қызметкерлер бар-жоғы белгісіз.
Бұған дейін бірнеше наразы топтың қала орталығына қарай жылжып бара жатқаны хабарланған еді. Алайда әкімдікке нақты қай топтың кіргені белгісіз.
"Новая газета" әкімдіктің орталық бөлігі мен алдыңғы жағын өрт шалғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР