Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтардағы телеүндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасағанын". "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.
"Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деді Қазақстан президенті.
Тоқаев елдегі болып жатқан ахуалға "жергілікті және шетелдік содырларды" кінәлады, бірақ олардың кім екенін атап айтпады: "Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады" деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, "содырлар" әкімшілік ғимараттарға "ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасаған". "Алматы қаласына 20 мың содыр шабуыл жасады" деді Тоқаев.
Елдегі қазіргі ахуал қандай?
Азаттық елдегі қазіргі ахуал жайлы мәтін түріндегі тікелей блог жүргізіп жатыр. Қазірге дейін не белгілі? Шолып шығайық.
- "Хабар 24” телеарнасы ІІМ-ге сілтеме жасап, күштік құрылымдар Алматыдағы әкімдік ғимаратын, президент резиденциясын және Республика алаңын бақылауға алғанын хабарлады. "Елде мемлекеттік органдардың барлық ғимараты бақылауда" деді телеарна.
- ІІМ Алматыдағы Республика алаңы "қылмыстық топтардан тазартылды" деді. Ал Азаттық тілшілерінің айтуынша, Алматы қалалық әкімдігінің ғимаратындағы өртті өшіріп жатқан адам байқалмайды, көшеде тәртіп сақтап жүрген орган өкілдері сирек, қираған және тоналған ғимараттардың біразы сол қалпы жатыр.
- Vlast.kz сайтының жазуынша, прокуратура "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған және "терроризм" бабы бойынша тергеу бастады.
- ІІМ арнайы операция кезінде 26 "қарулы адам" өлтірілгенін, 18 адам жараланғанын мәлімдеді. Күштік құрылымдар ел бойынша үш мың адамды ұстағанын да хабарлады. Министрлік бұл ақпаратты 7 қаңтарда жариялады.
- ІІМ "бұзақы топтармен" қақтығыс кезінде Алматы мен Шымкентте 216 әскери жараланғанын айтты. 6 қаңтарда ведомство күштік құрылымның 18 қызметкері қаза тапқанын мәлімдеген. Билік "бұзақы топтар", "қылмыстық топтар" деген терминді қолданса да, олардың нақты қандай топтар екенін айтпай отыр.
- АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Джен Псаки Вашингтон ресейлік әскерилердің Қазақстандағы әрекетін бақылауда ұстайтынын айтты. "Қазақстандағы институттарды басып алуға жағдай жасайтын әрекеттер болса, оны да бақылаймыз" деді ол.
- 7 қаңтарда таңғы сағат 7-де Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев контртеррористік штабтың жиынын өткізді. "Негізінен елдің барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келді. Жергілікті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ террористік топтар әлі де қару қолданып, азаматтардың мүлкін бүлдіріп жатыр. Сондықтан содырларды толық жойғанша контртеррористік шараларды жалғастыру керек" деді Тоқаев. Ол бұл жолы да қандай террористермен күресіп жатқанын, оларды неге содырлар деп атайтынын нақтылаған жоқ.
- 7 қаңтарда Тоқаев телеарна арқылы елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтыны хабарланды.
- Елде интернет әлі нашар. Ақтаудағы Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Маңғыстау облысы әкімдігі жабық, оған кіріп-шығып жатқан адам байқалмайды.
Тоқаев "контртеррористік штаб" жиынын өткізді
7 қаңтарда таңғы сағат 7-де Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев контртеррористік штабтың жиынын өткізді. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады. Оған президент әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесінің және күш құрылымдарының басшылары қатысқан. "Негізінен елдің барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келді. Жергілікті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ террористік топтар әлі де қару қолданып, азаматтардың мүлкін бүлдіріп жатыр. Сондықтан содырларды толық жойғанша контртеррористік шараларды жалғастыру керек" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің ресми сайты қайта ашылып, ондағы ақпарат жаңара бастаған. Бұған дейін Ақорданың сайты ашылмай, президенттің және басқа ресми органдардың әлеуметтік желідегі парақшалары үнсіз қалған.
Облыс әкімдіктерінің біразының ғимараты өртке оранған, Азаттық тілшілерінің айтуынша, Алматы қалалық әкімдігінің ғимаратындағы өртті өшіріп жатқан адам байқалмайды. Ақтаудағы Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Маңғыстау облысы әкімдігі жабық, оған кіріп-шығып жатқан адам байқалмайды. Алматыдағы тілшілердің айтуынша, көшеде тәртіп сақтап жүрген орган өкілдері сирек. Қираған, тоналған ғимараттардың біразы сол қалпы жатыр.
Тоқаев бұл жолы да қандай террористермен күресіп жатқанын, оларды неге содырлар деп атайтынын нақтылаған жоқ. Мұның алдында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін шақыру туралы мәлімдемесінде президент "шетелде дайындалған бандалық топтармен ұрыс жүріп жатқанын" айтқан.
Оралдағы наразылық кезінде полиция ұстап әкеткен адамдарды туыстары іздеп жүр
Оралдағы наразылық кезінде ұсталған азаматтарды туыстары таба алмай жүр. Бұл жөніндегі адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Оралдағы өкілдігінің жетекшісі Павел Кочетков хабарлады.
Оның айтуынша, наразылық кезінде полиция ұстап әкетті деген адамдардың жақындары оған хабарласып көмек сұрап жатыр. Ал полиция ұсталғандардың қайда екені жайлы ешқандай ақпарат бермейді.
Митингіде ұсталып, бір тәулікке жуық жоғалып кеткендердің бірі – белсенді Амангелді Оразбаев. Қызының айтуынша, Оразбаевтың демікпе ауруы бар, сондықтан дәрігер берген дәрілерді үзбей ішуі керек. Қызы дәрілерін берейін деп әкесін таба алмай жүр.
5 қаңтардағы наразылық кезінде Орал полициясы ондаған адамды ұстап алып кеткен. Кочетковтың айтуынша, олардың ешқайсысының туыстары ұсталғандар туралы хабар білмей отыр.
ПІКІРЛЕР