Accessibility links

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы

5-7 қаңтар арасында Қазақстанда болған наразылық пен тәртіптсіздіктің хронологиясын осы парақшадан оқи аласыз.

09:52 5.1.2022

"Алтын Орда" маңында арнайы жасақ наразыларға шулы граната қолданып, резеңке оқ атты

5 қаңтарда Алматының батыс бөлігіндегі "Алтын Орда" базары маңында арнайы жасақ наразыларға шулы граната қолданып, резеңке оқ атты. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, таңертеңгі сағат 8-дер шамасында "Алтын Орда" базары маңында қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылған. Ол жаққа 200 шақты адам жиналып, "қымбатшылыққа қарсы" наразылық білдірді. Бұдан соң олар Қалқаманға қарай жылжыған.

"80 мың айлық аламыз. Ештеңеге жетпейді. Азық-түліктің бәрі қымбат" деді наразылардың бірі. Олар "Қазақстан" деп ұрандатып, шерулетіп қалаға қарай жүрді.

Алайда жолда оларды арнайы жасақ күтіп алып, шеруді тоқтату үшін шулы граната қолданды. Кейбіріне резеңке оқ атты. Адамдар жан-жаққа қашты. Кейбірі көше бойындағы тұрғын үйлерді сағалады.

Шулы граната Райымбек көшесі бойындағы кейбір тұрғын үйлер маңында жарылып, кейбірінің терезесі шағылды. Жол бойындағы шағын полиция кеңселері де бүлінді.

Демонстранттар Райымбек – Момышұлына қарай жылжып барады.

09:53 5.1.2022

ІІМ түрлі аймақтарда 200-ден аса адам ұсталғанын хабарлады

Ішкі істер министрлігі аймақтарда "қоғамдық тәртіпті бұзған" 200-ден астам адамның ұсталғанын хабарлады.

Министрлік түнгі наразылықты "заңсыз акция", ал наразыларды "арандатушылыққа шақырушыларға ерді" деп атады.

"Азаматтар тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды. Құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды" делінген ІІМ хабарламасында.

Алматының орталық алаңында жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматының орталық алаңында жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында "әкімдіктерге шабуыл жасалып", ғимараттар бүлінген.

"Тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдаланды" деді министрлік. Ведмство "ішкі істер органының 95 қызметкері жарақат алды. 37 қызметтік автокөлік бүлінген" дейді.

"Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды" делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін оқиға куәгерлері полицияның наразыларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданып, резеңке оқ атқаны, шулы граната қолданғаны жайлы хабарлаған. Көп белсендінің соққыға жығылғаны туралы да хабар тараған. Қазақстанның түрлі өңірінде полиция оқиғадан ақпарат таратқан журналистерді де ұстаған. Арасында Азаттық тілшілері де бар. Алайда ресми хабарламада ол жөнінде айтылмаған.

10:33 5.1.2022

Азаттық фотогалереясы: Түнгі қақтығыстан кейінгі Республика алаңы

5 қаңтарға қараған түні Қазақстандағы ең ірі қала Алматыда орталық алаңға жиналып, үкіметке наразылық білдірген мыңдаған наразы азаматқа қарсы полиция жасағы шулы жарық граната қолданып, көзден жас ағызатын газ шашты. Түн ішінде президент Тоқаев өз жарлығымен Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізді. Азаттық полиция мен наразылар арасындағы қақтығыстан кейін Республика алаңынан түсірілген суреттерді ұсынады.

10:55 5.1.2022

Алматыда ірі сауда үйлері жабық тұр

Алматыда 5 қаңтарда "МЕГА" сауда және ойын-сауық орталығы мен қалада азық-түлік сататын бірнеше ірі дүкені бар "Магнум" сауда желісі жұмыс істемей тұр. "Магнум" ақпарат орталығы оның себебін қалада байланыстың бұғатталуымен түсіндірді. Өйткені байланыстың ажырауы касса жұмысына кесірін тигізген. Сауда желісінің азық-түлікті үйге жеткізіп беру қызметі телефонға жауап бермей тұр.

"МЕГА" сауда орталығының тұтынушыны қолдау бірегей қызметі "сауда орталығы жабық тұрғанынан басқа ақпарат бере алмайтынын" айтты.

Алматыдағы Республика алаңында тұрған билік күштері. 5 қаңтар 2022 ж.
Алматыдағы Республика алаңында тұрған билік күштері. 5 қаңтар 2022 ж.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG