Accessibility links

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы

5-7 қаңтар арасында Қазақстанда болған наразылық пен тәртіптсіздіктің хронологиясын осы парақшадан оқи аласыз.

22:41 5.1.2022

Еуропа одағы Қазақстандағы тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырды

"Азаматтардың бейбіт митингіге құқығы бар екенін ескере отырып, Еуропа одағы азаматтар зорлық-зомбылыққа бармайды деп үміттенеміз" деді ЕО мәлімдемесінде.

"Еуропа одағы билікті азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығын бұзбауға, өзінің құқықтық әрі заңдық мүдделерін қорғауда сақ болуға шақырады" деп мәлімдеді блок.

ЕО Қазақстанды наразылықты бейбіт жолмен шешуге шақырды.

23:03 5.1.2022

5 қаңтар. Қазақстанда не болды?

Азаттық елдегі қымбатшылыққа қарсы наразылықтан мәтін түрінде тікелей блог жүргізіп жатыр. 5 қаңтарда елдегі оқиғаларды шолып шығалық.

  • Алматыда белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимаратына, қаладағы әуежайға басып кірді. Әкімдіктің бір қанаты, қаладағы прокуратура ғимаратының бір бөлігі өртенді. Әуежайдан жолаушылар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Алматыға келуі тиіс әуе рейстерінің біраз бөлігі ұшпай қалды.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы наразылық кезінде күштік құрылым өкілдері қаза болғанын мәлімдеп, олардың жақындарына көңіл айтты. Кейін ІІМ елдегі наразылық кезінде сегіз полицей мен ұлттық гвардия қызметкері қаза болғанын, 317 әскери мен полицей жараланғанын мәлімдеді. ІІМ елде жүзден аса полицей зардап шегіп, ондаған полиция көлігі бүлінгенін хабарлады.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын да мәлімдеді. Бұл кеңесті бұған дейін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген.
  • Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде "қатаң шаралар қолданатынын" айтып, ескерту жасады. Ол "жақын уақытта Қазақстанның саяси трансформациясы бойынша ұсыныстарымды жариялаймын" деді.
  • Елде бірнеше сағат интернет толығымен өшіріліп, түн ауа қосыла бастады. КТК, НТК, "Еуразия бірінші арнасы" эфирге шықпай қалды.
  • Талдықорғанда наразы жұрт Назарбаевтың ескерткішін құлатты.
  • Еуропа одағы Қазақстанды елдегі мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқарады. Үкімет мүшелері жаңа кабинет құрамы бекітілгенге дейін өз міндетін атқара береді.
  • Тоқаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылып, оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Бұған дейін Қарин президент көмекшісі болған.
  • Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 қаңтар түнде қалада болған "тұрақсыздандыру талпынысы мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр" деп мәлімдеді. "Қазір қаладағы жағдай бақылауға алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр" деді ол. Бірақ "экстремист, арандатушы" деп кімді меңзегенін нақты айтпады.
23:32 5.1.2022

ІІМ: 8 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болды

Қазақстан ішкі істер министрлігі 5 қаңтардағы наразылық кезінде 8 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болғанын, 317 қызметкері жараланғанын мәлімдеді.

Ведмство "елдің бірнеше аймағында арандатушылар ұйымдастырған тәртіпсіздік, вандализм жалғасты", "тас, арматура, өртенгіш заттармен шабуыл жасалды" деді.

Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы наразылық кезінде әскерилер мен полицейлер қаза болғанын мәлімдеп, олардың жақындарына көңіл айтқан еді.

"Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза болғандар мен жараланғандар бар. Бандиттік топтар әскерилерді қорлап, жалаңаш жүргізген. Әйелдерге тиісіп, дүкендерді тонаған" деген Тоқаев.

5 қаңтарда елде жағдай ушығып, Алматы қаласы наразылықтың эпицентріне айналды. Қазақстан билігі елде төтенше жағдай жариялады.

00:21 6.1.2022

Тоқаев Алматыда бес ұшақты басып алғандар жайлы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы әуежайға "террористік бандалар шабуыл жасап, бес ұшақты басып алды" деп мәлімдеді.

"Олар шетелде дайындықтан өткен, бұл шабуылды Қазақстанға жасалған агрессиялық әрекет деп қарастыруға болады" деді ол.

Алматы әкімдігі қалада арнайы операция басталғанын, әуежай босатылғанын хабарлады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG