Ақтөбеде демонстранттар әкімдікпен келіссөз жүргізіп жатыр, олар өздерін "террорист" деп атауға қарсы
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ақтөбеде жаппай тонау сынды оқиға болмаған. Наразылар арасынан ынталы топ құрылып, әкімдікті, әуежайды, теміржол бекетін түнімен күзеткен.
Демонстранттар жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп жатыр. Олар наразыларды "террорист" деп атауға қарсы. Жиналғандар халықты қымбатшылық қысқан соң ғана алаңға бейбіт митингіге шыққанын айтады. Кеше, 5 қаңтарда белгісіз біреулер әкімдікке басып кіріп, бірнеше ноутбукті сындырғаны да айтылады.
Оралда дүкендер жұмыс істеп тұр, қоғамдық көлік сирек жүріп жатыр
6 қаңтардағы жағдай бойынша, Оралда интернет бұғатталған, телефон байланысы да әлсіз. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалада дүкендер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік сирек жүріп жатыр.
Банкоматтардың алдында ақша алуға жиналған адам кезегі көп. Орталық алаңды полиция қоршап, күзетіп тұр. Наразылық болып жатқан жоқ. Куәгерлер алаң маңынан өтіп бара жатқанда бірлі-жарым адамды полиция ұстап әкеткенін көрген.
Нұр-Сұлтанда жағдай қалыпты, Семейде байланыс жоқ, Талдықорғанда әлдекімдер әкімдікті басып алған
Нұр-Сұлтанда ахуал бірқалыпты. Қалада күзет күшейген. Ақорда, үкімет пен парламент ғимараттарын арнайы жасақ, әскерилер қоршап тұр. Ешқандай демонстрация, қарсылық жиыны болып жатқан жоқ.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Семейде байланыс үзілген. Өзара SMS хабарлама арқылы ғана сөйлесуге болады. Азаттық тілшісінің сөзінше, кейбір тұрғын жедел жәрдемге де хабарласа алмағанын айтқан. 5 қаңтарда кешке мыңнан аса адам жиналған наразылық тоқтаған. Полиция орталық алаңды қоршап тұр.
Талдықорғанда белгісіз адамдар әкімдікті, полиция басқармасын басып алған. Қалада тонау болып жатыр. Кешке қарай наразы топ тағы жиналуы мүмкін деген ақпарат бар.
Ақтау мен Жаңаөзенде демонстранттар алаңда тұр. Жұрт интернетті қосуды талап етеді
Ақтауда жүрген Азаттық тілшісі 6 қаңтарда демонстранттар тарамаған айтады. Жиналғандар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ әскерилерін алдыру туралы шешіміне наразы. "Ресейден әскер келеді" деп қауіптенген адамдар әуежайға барар жолда баррикада құрып алған. Бірақ атыс-шабыс, тонау жоқ. Қазір орталық алаңда шамамен 5 мыңдай адам тұр.
Жаңаөзенде де жұрт алаңнан кетпеген және ешкім жұмысқа шықпаған. Оқиға орнында жүрген orda.kz тілшісінің хабарлауынша, шамамен 6-7 мың адам алаңда отыр. Оларға бүгін, 6 қаңтар түс кезінде қала әкімі мен Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары келген. Олар наразыларға мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің "ешкім қудаланбайды" деген сөзін жеткізген. Тұрғындар интернет байланысын қалпына келтіруді талап еткен.
ПІКІРЛЕР