25 қарашада таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан "заңсыз кесіп өтті" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атады.
Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков жариялаған видео
26 қарашада Украинаның қарулы күштері әскери дайындық режиміне көшірілді. Украинаның қауіпсіздік қызметінің жеке құрамы да әскери дайындыққа кірісті.
Бұған дейін Украина әскерилері Керчь бұғазындағы жағдайдың күрт ушығуына байланысты елде әскери жағдай жариялауды ұсынған. Бұл ұсынысты ел президенті Петр Порошенко қолдаған.
Украинаның жоғары радасы бүгін Киев уақытымен сағат 16.00-де (Астана уақытымен сағат 20.00-де) елде әскери жағдай жариялау туралы президент Петр Порошенконың өтінішін тыңдап талқылайды.
Ал сәл кейінірек, Киев уақытымен кешкі 18.00-де осы мәселеге байланысты БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді.
"Әскери жағдай - бұл соғыс жариялау емес, Украина қандай да бір шабуыл ұйымдастырады деген сөз емес. Украина өз территориясын қорғауға қатысты амал-әрекеттер жасайды" деп мәлімдеді Украинаның президенті Петр Порошенко 25 қарашада.
Ол бұған дейін НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг және одақ елдерінің басшыларымен шұғыл түрде келіссөз жүргізетінін де хабарлаған еді.
"Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді мойнына алған Будапешт меморандум бойынша әріптес елдерге қайрыламыз. Украинаны қорғау бойынша бірігіп әрекет ету үшін Еуропа одағына, оның ішінде Норман форматының қатысушыларына да қайрыламыз" деді Порошенко.
АЗОВ ТЕҢІЗІНДЕГІ ОҚИҒА
Ресей Қара теңізден Азов теңізіне өтетін жалғыз жол - Қырым түбегіндегі Керчь бұғазына салған көпірінің астына танкер қойып, жолды жапқан. Украина кемелері Қара теңіздегі Одесса портынан Азов теңізіндегі Мариуполь портына бармақ болған. Украинаның әскери-теңіз күштеріне тиесілі кемелер Азов теңізіне өте алмаған соң кері қайтпақ болғанда оларға оқ атылып, ұсталған. Порошенко атыстан соң 23 теңізшінің тұтқынға алынғанын, Киев ұсталған кемелер және олардың экипажымен байланыса алмай отырғанын хабарлаған. Украина тарабы кемелердің бұл аумақтан өтетіні алдын-ала Ресей жағына ескертілгенін айтып, Ресей әскерилерінің әрекеттерін айыптады.
Ал ФСБ украин әскери кемелері Ресей акваториясын "заңсыз кесіп өтті" деп мәлімдеп, оларды күшпен тоқтату үшін атқылағанын хабарлады.
“Украина әскери кемелерін күшпен тоқтату мақсатында қару қолданылды. Қара теңіздің Ресейге қарайтын аумағында Украинаның әскери-теңіз күштерінің үш кемесі ұсталды. Украинананың жараланған үш әскери қызметкеріне медициналық көмек көрсетілді. Олардың өміріне қауіп жоқ” деп ресейлік РИА Новости агенттігі ФСБ-ның хабарламасынан үзінді келтірген.
"Интерфакстың" хабарлауынша, ұсталған үш кеме Керчь қаласына жеткізілген.
Украинаның теңіз-әскери күштерінің хабарлауынша, ұсталған "Бердянск", "Никополь" броньды артиллериялық кемесі және "Яны Капу" рейдтік буксирінде барлығы 23 теңізші болған. Соңғы дерек бойынша, алты украин әскери қызметкері жараланған. Олардың екеуінің жағдайы ауыр.
Бұл оқиғадан соң Ресей жағы Керчь бұғазындағы азаматтық кемелердің қозғалысын шектеген. Тек 26 қарашада таңертең ондағы жағдай қайта қалпына келген.
Сарапшылар бұл оқиға Киев пен Мәскеудің қарым-қатынасын онан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін деп отыр.
BBC хабарлауынша, 2003 жылы Киев пен Мәскеу арасындағы келісімге сәйкес, бұл екі ел Керчь бұғазы мен Азов теңізін бірігіп қолданады. Бірақ соңғы уақытта Ресей бұл аумақта украин порттарына барған-келген барлық кемелерді тоқтатып, тексеру жүргізе бастаған.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Twitter-дегі парақшасында 26 қарашада Қауіпсіздік кеңесі Украина мен Ресей арасындағы жағдайға байланысты төтенше жиын өткізетінін хабарлады. France Press агенттігінің хабарлауынша, жиын өткізуді Украина мен Ресей бірдей сұраған.
26 қарашада түнде Киевтегі Ресей елшілігінің алдында Азов теңізіндегі оқиғаға қатысты наразылық шарасы болып, акцияға қатысушылар елшілік ғимаратының алдына түтін құтылар лақтырып наразылықтарын білдірді.
Киевтегі Ресей елшілігінің алдындағы наразылық (26.11.2018)
ПІКІРЛЕР