Тұтқындармен алмасу қарсаңында Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік тізімдегі 16 адамға рақымшылық жасаса, Ресей президенті Владимир Путин украиналық тізімдегі 11 адамды босатты.
Бұған қоса, Ресей билігі Украина омбудсмені Людмила Денисоваға 24 украиналық теңізшіні тапсырды. Ал Украина соты екі ел президенті арасындағы келісімдерге сүйене отырып, ресейлік тізімдегі 19 адамды бостандыққа шығарды.
Киевке АН-148 ұшағымен жеткізілген тұтқындарды Борисполь әуежайында сотталушылардың туыстары, журналистер және ел президенті Владимир Зеленский қарсы алды. Ұшақтан ең соңғылардың бірі болып Ресей түрмесінде бес жыл отырған украиналық режиссер Олег Сенцов түсті.
ВИДЕО: Борисполь әуежайында тұтқындарды қарсы алу (7 қыркүйек 2019 жыл).
"Тіпті соңғы тұтқын бостандыққа шықса да, біздің күресіміз әлі аяқталған жоқ. Жеңіс күні әлі алыс. Қарсыласымыз өте мықты және берілейін деп тұрған жоқ. Бірақ міндетті түрде біз жеңеміз. Бізде басқа таңдау да жоқ. Украина жасасын!" деді Олег Сенцов журналистерге.
Елге келген тұтқындар арасында Сенцовтан бөлек, Владимир Балух, Павел Гриб, Николай Карпюк, Станислав Клых, Александр Кольченко, Евгения Панова, Артур Панов, Алексей Сизонович, Роман Сгущенко және Эдем Бекиров бар. Украинаға сонымен бірге 2018 жылы қараша айында Керчь бұғазында ресейлік әскерилер ұстаған украин теңізшілері де оралды. Ресейде теңізшілерге "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айып тағылды. Украиналық омбудсмен Людмила Денисованың сөзінше, Ресей түрмелерінде тағы 110 украиналық азамат бар.
Әуежайда өткен брифинг кезінде Владимир Зеленский Ресейден барлық украиналық тұтқындарды қайтаруға күш салатынын айтты. Журналистер сұрақтарына жауап берген Зеленский малайзиялық "Боинг" ұшағының апаты бойынша күдікті ретінде танылған Владимир Цемахты Ресейге тапсырардың алдында одан голландиялық тергеушілер сұрақ-жауап алғанын айтты.
Нидерландының MH17 ісі бойынша Цемахты тергегенін осы елдің сыртқы істер министрі Стефан Блок та растады. Алайда "Украинская правда" басылымының жазуынша, Голландия билігі Украина басшылығынан өте маңызды куәгерді Ресейге бермеуді сұраған.
Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" әуе шабуылына қарсы әскери бөлімінің бұрынғы жетекшісі Владимир Цемахты украиналық арнайы қызмет өкілдері биыл маусым айының соңында Донбасс аумағында ұстаған.
Киев сарапшыларының пікірінше, Цемах "Боинг" ұшағы апатына байланысты сот процесінде маңызды куәгерлердің бірі болуы мүмкін еді. Бұл іс бойынша сот келесі жылы Нидерландыда өтеді деген болжам бар.
Украинаның қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Иван Баканов журналистерге Цемахты бермей Кремль тұтқындар алмасудан бас тартқанын растады. Ақпарат құралдарының жазуынша, Цемахты бермеген жағдайда Ресейден Сенцовтың оралуы да неғайбыл болған.
"Егер Олег Сенцов үшін Ресейге Владимир Цемахты беруіміз қажет болған болса, моральдық тұрғыда бұл дұрыс қадам. Біздің Сенцовты Ресей абақтысынан суырып алуымыз қажет болды, ал "Боинг" апатына байланысты істе Цемахтың рөлі тым асырылып көрсетілген" дейді украиналық философ Евгений Быстрицкий.
Гаага халықаралық соты мамырдың 25-і күні Ресей украиналық теңізшілерді босатып, Украинаға тәркіленген әскери кемелерін қайтаруы тиіс деген қаулы шығарған. "Интерфакс-Украина" агенттігіне берген сұхбатында адвокат Николай Полозов Ресей билігі іс жүзінде Гаага сотының құзыретін мойындамаса да, бәрібір ол жаққа теңізшілердің босатылғаны туралы ақпарат жібереді деп айтқан.
"Ал трибуналға Ресей қаулыға сүйеніп отырып, теңізшілерді босатты ма, әлде басқа себеппен босатты ма, бәрібір" деді адвокат. Полозовтың ойынша, екі әскери кеме мен буксирді қайтару туралы келіссөздер алда жалғасады.
Кейбір украиналық сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің "норман форматы" аясындағы келіссөз қарсаңында тұтқындар алмасуға келісуі кездейсоқ емес. Германия мен Франция Украина және Ресеймен бірге Украинаның шығысындағы жанжалды бейбіт реттеуді талқылайтын "норман төрттігіне" енеді. Әзірге жиынның нақты қашан өтетіні хабарланбады.
"Менің ойымша, Путин қазір Батыс пен Украинаға келіссөз жүргізуге дайын екенін көрсетуге тырысып отыр. Мұның барлығы "норман форматындағы" келіссөзге дайындық аясында болып жатқан қадамдар. Алдағы келіссөздерден оң нәтиже шығады деп ойламаймын. Иә, декларацияларға қол қояды. Бірақ алдағы уақытта тағы келіссөз жүргіземіз деп келіседі, болды. Путин мен Зеленскийдің форматтан тыс тікелей келіссөз жүргізуін "Норман төрттігінің" жетістігі ретінде атауы мүмкін. Путин Зеленскийден "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасы" жетекшілерімен тікелей келіссөз жүргізуді сұрауы мүмкін. Бірақ Зеленский бұған бара қоймайды, себебі бұл қоғамда наразылық туғызуы мүмкін. Халық Путинмен тікелей келіссөз жасауын кешіруі мүмкін, бірах ЛХР және ДХР жетекшілерімен кездесуін кешірмейді. Жалпы осыдан кейін Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жақсарады деп ойламаймын" деді әскери сарапшы Алексею Арестович.
Ал украиналық сарапшы Алексей Якубиннің пікірінше, тұтқындар алмасқаннан кейін Зеленский Путинге Донбасстағы қақтығысты шешудің өз жолын ұсынуы мүмкін.
- Тұтқындар алмасу ма, әлде босату ма, терминдер жайлы біраз дауласуға болар. Мұның барлығы Украина мен Ресей президенттері телефон арқылы келіссөз жүргізгеннен кейін жүзеге асырылды. Бұған дейін Украина билігі Ресеймен тікелей келіссөз жүргізуге болмайды, Батыс пен Ресейге қарсы санкциялар бар, соның өзі жетеді деп келген еді. Бірақ мұндай ұстанымнан еш нәтиже шықпағанына Петр Порошенко тұсында көзіміз жетті. Қазіргі мемлекет басшысы бұл ұстанымды өзгертті. Демек, Зеленский бұрынғы биліктің саясатын қайта қарап, егер нәтижесіз болса, бас тартуға дайын саясаткер, - дейді саясаттанушы.
Ол тұтқындар алмасу екі ел үшін "пиарға" айналмай, шынайы келіссөздерге жол ашса, жөн болар еді деп санайды.
Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР