Совет өкіметі Семей ядролық полигоны аумағындағы Дегелең тауында негізінен жер асты сынақтарын жасаған. Дегелеңде ядролық жарылыс жасауға қажет жабдықтарды жер астына жеткізетін штольня көп болған. Дегелең маңындағы совет кезінде Мәскеу облысына тікелей қараған әскери қалашықтың кейбірі қазір қаңырап бос жатыр, ондағы ғимараттар қирандыға айналған.
Аумағы 18 300 га жерді алып жатқан бұрынғы Семей полигонында жиі жарылыс жасалған жердің бірі – Дегелең тауы. Совет өкіметі осы тауда 1961 жылы бастаған сынақтарды Семей полигоны жабылған 1989 жылға дейін жалғастырған.
Одан кейін де Дегелеңде соңғы ядролық зарядтарды жою жарылыстары жасалды.
1963 жылға дейін Семей полигонында атом бомбасын жер бетінде жарып сынаған Совет одағы кейін сынақты жер астына көшірген. Ол үшін Дегелең тауының астына көлденеңінен қазылған шахта, тоннельдер салған.
Полигон жабылар кезде осындай ұңғыма штольняның ұзын саны 181-ге жеткен. Кейбір штольняда бірнеше сынақ жасаған. Осы штольнялардың көмегімен Совет одағы Дегелеңде 215 рет жойқын қару сынағын өткізген. Ал жалпы Семей полигонында 450-ден аса ядролық жарылыс жасалған.
Совет одағы ыдырап, Семей полигоны қараусыз қалған кезде Дегелеңдегі шахталар оңай пайда табуды көздейтіндердің нысанасына айналды. Сол маңдағы шаруашылығы Совет одағымен бірге күйреген ауылдардың жұмыссыз қалған адамдары шахтадағы кабель мен темір бұйымдарын жинап, сатып, өткізіп пайда табуға тырысты. Олардың арасында кейбір адамдар кейін түрлі ауруға шалдығып, кейбірі мезгілінен бұрын қайтыс болды.
Қазақстан билігі 1995 жылдан бастап, АҚШ-пен бірігіп, ядролық сынақ алаңы инфрақұрылымын зарарсыздандыруға бағытталған "Дегелең" жобасын қолға алды. 2000 жылдары оған Ресей қосылды. 2012 жылы "Дегелең" жобасының ресми түрде аяқталғаны жарияланды.
Қазір Дегелеңдегі бұрынғы сынақ орындарында радиоэкология және реабилитация жұмыстары жүргізіледі.
Дегелең тауы теңіз деңгейінен шамамен 1050-1080 метр биік деп айтады. Тау төңіректегі биік тұсқа, жер шоқтығы деп атауға лайық нүктеде орналасқан. Дегелең тауын айналып жүріп өткен кезде сол маңдағы өзге де тау, шоқылардың одан төмен жатқаны байқалады.
Дегелең тауының алқабында совет уағында сол төңіректегі совхоздардың жылқысы қыстап, жазда мал азығы әзірленетін. Қазір де Дегелеңге бара жатқан жолда жылқышы қостарын көруге болады.
Дегелең маңындағы малшылар совет кезінде қазылған артезиан құдықтарын пайдаланады. Мал ішетін суды да, ауыз суды да осы құдықтардан насостың көмегімен тартылады.
Артезиан құдықтарынан тартылған су астауға құйылады. Жылқыға бұл төңіректегі жалғыз суат – осы.
Жылқышы қосының маңында бұрын зират болған. Бүгінде жермен-жексен болған зираттың құлпытасы құлап жатыр. Онда 42 және 21 жастағы әкелі-балалы екі адамның 1914 жылы бақилық болғаны жазылған.
Дегелең тауына жақындағанда, мынандай тыйым салған белгілер кезікті. Оны елемей өтіп кеткендер болса, оларды көп кешікпей әскери күзет ұстайды. Әскери адамдар бұл төңіректі тауға қойылған бейне-камералар арқылы онлайн бақылап отырады.
Тыйым салынған аумақты бойлай жүрсеңіз Дегелең тауы қойнауындағы штольнялардың кейбірін көруге болады. Бір кезде ядролық сынақ үшін пайдаланылған бұл тоннельдер қазір толықтай жабылып, бітелген. Зарарсыздандыру кезінде тоннельдер бетонмен бекітілген. Ұңғымаларды бітеу кезінде плутонийді ерітетін бетон қолданылды деп хабарланған.
Дегелең тауының үгітілген тұсы. Таудың кейбір тұсында жарылған апан, жарықтар да кездеседі. Осы төңіректе мал бағатын адамдардың айтуынша, осындай апандарға арқар тәрізді түз жануарлары түсіп өлген оқиғалар да болған. Қазір Дегелең тауының қойнауын мекендейтін арқар мен ақбөкен аз емес. Аңшылардан бой тасалап қашқан қасқыр тәрізді жыртқыш аңдардың да күзетілетін аумаққа өтіп кетіп, жан сақтайтынын жергілікті жұрт жырдай ғып айтады.
Кейбір штольняның ені мен биіктігі таңғалдырады. Сондай тоннельдердің қақпасына жүк көлігі еркін сыйып кететіндей әсер қалдырады.
Дегелең тауының камерамен күзетілетін сайларының біріндегі Байтілес қалашығын әскерилер әлі де пайдаланады деседі. Онда зәулім ангарлар байқалады.
Дегелең тауының төңірегінде ескі қыстау, қоралардың орны көптеп ұшырасады. Олардың кейбірі саман кірпіштен, енді бірі тастан салынған. Мына тұстан қарағанда Дегелең тауының басы эрозияға ұшырағаны байқалады.
Жеке шаруа қожалықтары Дегелең бауырынан малға қыстық азық әзірлейді. Олардың айтуынша, шөп шабушылар арнайы аумаққа аңдамай өтіп кеткен кезде, әскери адамдар келіп ескерту жасаған.
Шөп шауып жүрген қазіргі техниканың байқамай тасқа жанасуынан от тұтанып кетуі жиі болады. Ондайда шөп шабушылар трактор кабинасының сыртына іліп алған резеңкемен ұрып, өрт қауіпін сейілтуге тырысады.
Дегелең тауындағы соңғы ядролық заряд осы тұста жарылған. Алыстан қарауытқан тағы бір штольня көзге шалынады.
Дегелең тауы маңындағы "Г" қалашығының қирандысы. "Г" − әскери қалашықтың шартты атауы. Совет кезінде әскери нысандарға осындай шартты атау берілетін. Ол кезде Мәскеуге тіке бағынған бұл қалашық ерекше жабдықталған екен. Төңіректегі совхоз тұрғындарының кейбірі арнайы рұқсат алып, осы қалашықтан азық-түлік алып тұрған. Техниканың қат қосалқы бөлшектері осы қалашықтан тез табылатын болған.
Совет одағы ыдырап, қалашық иен қалған кезде адамдар қалашық маңындағы және қалашықтағы металл бұйымдарды сатып, күнкөріс нәпақа тапқан.
"Г" қалашығындағы жалғыз бүтін сақталған бұл ғимарат – электр станциясы әлі жұмыс істеп тұр. Бұрын қалашықты электр энергиясымен қамтамасыз етсе, қазір осы тұстан 70 км жердегі Саржал ауылына электр энергиясын жеткізіп тұр (қалашық шетіндегі нысан).
Қалашық иен қалған кезде сол маңда жұмыссыз қалған тұрғындар ондағы ғимараттарды бұзып, құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Олар одан алынған бетон қабырға, кірпіштерді сатып та күнелткен.
Ядролық әскери қалашықтың ғимараттарын қирату үшін ауыр техника пайдаланылғаны байқалады. "Г" қалашығындағы биік ғимараттардың бірінің қирандысы.
"Г" қалашығының сырт жағындағы атом бомбасын сақталатын орын болды дейтін, бетон жол төселген ангардан да түк қалмаған.
Қалашықтағы ғимараттардың дені екі қабаттан аспайтын етіп, берік салынған. Олардың кейбірін адамдар қирата алмаған сияқты.
Қираған ғимараттардың ішкі жабыны қазір осындай күйде сақталған.
"Г" қалашығындағы ғимараттардың дені дәліздік типте салынған. Ғимараттардың екі шетіндегі бөлмелерін ортадағы ұзын дәліз бөліп жатқан.
Адамдар ғимараттарды ғана емес, оларды жалғап жатқан жылу жүйесін де қопарып алған. Одан алынған құбырларды қайтара кәдеге жаратқан немесе сатып жіберген болуы мүмкін.
"Г" қалашығынан қарағандағы Дегелең тауы. Көшеге төселген бетон да байқалады.
Жылыту жүйесі, су құбырларынан ештеңе қалмаған.
Қиратылғанына көп болған ғимараттың маңына бұта өсіп, шөп басып кеткен.
"Г" қалашығының бұрынғы көшесінің бірінде жатқан әскери етіктің қалдығы.
Қиратылған ғимараттарды қоян тәрізді ұсақ аңдар паналайды.
Қиратылған ғимараттың төменгі қабаты. Мұндай жерде қауіпсіздік техникасы туралы айтып жатудың өзі артық...
Қиратылған казармалық типтегі ғимараттың бірі.
"Г" қалашығында адамдар қирата алмаған ғимараттар да кездеседі. Мәселен, қызыл кірпіштен қаланған мына ғимараттың сырты да арматурамен өрілген.
Бүтін сақталған бұл ғимараттың құбырлары қазылып алынған.
Дегелең тауын бір айналып, "Г" қалашығын аралап келгесін тағы да жылқышы қосына аялдадық. Жылжымалы бұл қостың ішіне антифризбен жылытылатын жылу жүйесі тартылған. Өзге де тұрмысқа қажет қуат көзі үшін күн энергиясы аккумуляторы пайдаланылады.
Жылқышы Төлеш қос ішінде түскі дастархан басында отыр. Ол жергілікті оқиғаларды жақсы біледі. Айтуынша, Дегелең тауын туған жерім деп іздеп келетін адам көп. Бірақ әскери қызметкерлер олардың бәрін бірдей тауға қарай өткізе бермейді.
Дегелең тауының жылқышы Төлештің қосы тұрған жағында Семей полигоны құрылғанға дейін Ұзынбұлақ колхозы болған. Төлеш сондағы ата-бабасының мазарына зиярат етуге келетін белгілі адамдарды көп кездестіргенін айтады.
ПІКІРЛЕР