Шымкент қалалық әкімдігі орталықтағы ескі үйлер сүріліп, орнына жаңасы салынатынын мәлімдеді. Ал ескі үйде тұратындардың кейбірі бұл жаңалықтан бейхабар, ақпаратты интернеттен оқып, таңқалғандары да бар. Ескі үйінен шығарылатын адамдарға қандай өтемақы берілетіні де әлі нақты емес. Тұрғындар әкімдік пен "инвестор" уәдесіне сеніп, далада қаламыз ба деп алаңдайды.
5 наурызда Шымкент қалалық әкімдігі апатты үйлерді сүру туралы жиын өткізді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жиында тозығы жеткен үйлерді жамап, күрделі жөндеумен мәселе шешілмейтінін, ең дұрысы – оларды сүріп тастап, орнына жаңа тұрғын үй соғу керегін айтты. "Үйлерді құлатпастан бұрын әр тұрғынның пікірін тыңдап, санасамыз. [Олар] құрылыс кезінде уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі немесе орнына тең пәтер қарастырылады" деген еді шенеунік.
ТҰРҒЫНДАР АҢ-ТАҢ
Миллион тұрғыны бар Шымкенттегі Әл-Фараби ауданына кіретін Тәкен Әлімқұлов көшесінің бойында алдымен сүріледі деген екі қабатты үйлер орналасқан. Мұндағы апатты деп танылған 18 үйде 147 отбасы өмір сүріп жатыр.
Көшенің басы Орталық базар болса, орта тұсы "Әкбар" көтерме базарына тиіп тұр. Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы мен Орталық саябақ та жақын жерде. Көше бойында мектеп пен балабақша бар. Емхана мен аурухана да алыс емес.
Зейнеткер Валентина Куланина үйді сүру туралы естімеген. Үш бөлмелі үйде 50 жылдан бері өмір сүреміз деген ол "келін-баламмен бірге барлығымыздың жалғыз баспанамыз – осы пәтер" дейді.
– Үйді құлату туралы ештеңе естіген жоқпын. Кәсіпкерлерді білмедім, бірақ жақын арада әкімдік үйлерді сүріп, орнына жаңа пәтер беруі екіталай. Өйткені, біздің көшеден Қошқар ата өзеніне қараған жақта салынған жекеменшік ескі үйлерді "сүреміз, жасыл аймаққа айналдырамыз" дегелі біраз болды. Өзгерген ештеңе жоқ, – дейді зейнеткер.
Әлімқұлов көшесі, №21 үйдің тұрғыны 70 жастағы Қадиша Тұрсынбаева болса үйінің сүрілетінін интернеттен оқып, білген. Ол кісі әкімдіктің тұрғындармен ақылдаспай, олардың мүддесін ескермей, "сүріледі", "көшіреміз" деп кесіп-пішіп қойғанына налиды, "бір үйдегі 7 адам қай жерді паналаймыз?" деп уайымдайды.
"ӘКІМДІККЕ СЕНБЕЙМІЗ"
Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындардың айтуынша, "келіссөз жүргізуге" келгендер үйлердің көлемі қалай есептелетінін, пәтерлерді қай жерден жалға беретінін, кіммен, қанша уақытқа келісім-шарт жасалатынын нақты айтпаған, ешқандай құжат та, келісім-шарттың жобасын да ұсынбаған. Жауапкершілік мемлекет мойнында бола ма, әлде басқа бір компания міндеттеме ала ма, ол жағы да түсініксіз.
Әлімқұлов көшесі, №11 үйдің тұрғыны Иринаның (фамилиясын айтудан бас тартты – ред.) айтуынша, жекеменшік құрылыс компаниясының өкілдері мен әкімдік қызметкерлері екі рет келіп, тұрғындармен "келіссөз" жүргізген. Олар уақытша жалға пәтер алып, ақысын өздері төлеуге, кейіннен жаңадан салынған үйден пәтер беруге ауызша уәде еткен.
Не қала шетіндегі "Асар" және "Тұран" ықшамауданында салынып біткен жаңа үйлердегі пәтерлермен айырбастауды ұсынған. Онда да нақты шарттары, мерзімдері белгісіз.
Ирина күйеуімен және екі қызымен сүріледі деген үйдің екінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бір қызы мүгедек, ал өзі үшінші баласына екіқабат. Бұл пәтер оған ата-анасынан мұраға қалған.
– Үйді сүруге келіспеймін. Мен ғана емес, осы үйдегі сегіз пәтердің иесі келіспейді, – дейді Ирина.
– Қып-қызыл өтірік. "Жалдамалы пәтерде тұрыңдар, жаңа үй біткен соң пәтер береміз" дегенге мына заманда кім сенеді? Бұл – біздің жалғыз баспанамыз. Қыста жылы, жазда салқын. Осында тудым, балаларым да осы пәтерде өсіп жатыр. Бізге осы үйде тұру ыңғайлы, – дейді ол.
Иринаның көршісі, екі қабатты үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде тұратын елу жас шамасындағы әйелдің (аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.) айтуынша, ол 17 жылдан бері осында екі баласымен тұрады. Үй 1960 жылы салынғанымен қабырғасы қалың. Мұнда Орталық және "Әкбар" базарында сауда жасап, күнкөретіндер көп.
– Қала шетіндегі ықшамауданнан пәтер таңдап алыңдар дейді. Көнбедік. Үй ескі болғанымен, тұрған жері орталықта. Үйренген жеріміз – осы. Жұмысымызға жақын. Мектеп, балабақша, емхана алдымызда, – дейді ол.
"ПӘТЕР ОРНЫНА ПӘТЕР БЕРМЕСЕ, ДАЛАДА ҚАЛАМЫЗ"
Көше бойындағы ескі үйлердің барлығы екі қабатты. Әр үйде сегіз пәтерден бар. Подъезінде есігі бар үй сирек. Жарық орнатылмаған. Аула шұрқ-тесік, кейбірінің қара топырағы шығып жатыр. Бір үйде ешкім тұрмайтыны байқалады. Қаңырап бос тұрған үйдің шатыр, терезесі сынған. "Пәтер сатылады" деп жазылып тұрған үйлер де бар.
Кей тұрғындардың айтуынша, олар бұл үйлерді қымбатқа сата алмайды, сондықтан "нарықтық бағамен өтемақы беру" деген ұсынысқа да үрке қарайды.
– Алдымен "жеке кәсіпкерміз, үй саламыз" деп бірнеше адам келді. Екінші рет кәсіпкерлермен бірге әкімдіктен адамдар келді. "Үйді сүреміз" дегеннен көршілеріміз келіспей, тарап кетті. Мен тыңдадым. Бәрі ауызша айтылды. Жаңа болса да қала шетіндегі ықшамаудандарға барғым жоқ. Тегін болса да, уақытша жалдаған пәтерге бармаймын. Үйді сүріп, қайта жаңа үй біткенше "пәтер беріле ме, жоқ па?" деп уайымға салынғым келмейді. Ескі болса да, орталықтан қызыл кірпіштен салынған пәтер алуға жететін ақша берсе, көшуге келісемін. Мұндағылардың бәрі осыны айтып жатыр, – дейді аты-жөнін атамаған №11 үй тұрғыны.
Зейнеткер Қадиша Тұрсынбаеваның пікірінше, пәтердің орнына осы ауданнан пәтер берілмесе, оны "нарықтық бағамен" сатқан тиімсіз. Қадиша апайдың айтуынша, жақында бір көршісі осындағы пәтерін 7 миллион теңгеге сатыпты. Ал ол ақшаға Шымкенттің орталығы түгіл, шетінен де пәтер ала алмайсың.
– Пәтерімізді сатсақ, бір бөлмелі үй де ала алмаймыз. Орнына [осыған сай] пәтер бермесе, үйсіз қаламыз, – дейді Қадиша апай.
Қала әкімі орынбасары "бағаны нарық шығарады" дейді:
– Тұрғындарға бірнеше ұсыныс айтып жатырмыз: уақытша жалға пәтер алып, оған көшіру, үй соғылып біткен соң пәтер беру. Немесе бірден жаңа пәтер беріп, ескі үйлерді алу. Тұрғындардың орталықтан сатып алатын пәтердің ақысын берсін дегені де – бір вариант. Бірақ бағаны нарық шығарады. Егер тұрғындар нарықтағы бағамен есептеуге келіссе, қарсылық жоқ, – дейді Білісбеков.
Оның айтуынша, "тұрғындар жаппай көшірілмейді, тек келісім берген үй бұзылып, инвестиция есебінен үй салынады".
АПАТТЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Қала әкімдігі Әлімқұлов көшесіндегі екі қабатты ескі үйлерді тексеруден өткізіп, апатты деп таныған. Енді үйлерді сүріп, ондағы тұрғындарға пәтер беру, жаңа пәтерге көшіру, не болмаса өтемақы төлеу жайын арнайы құрылған комиссия есептеп, жоспар дайындап жатыр. Ал тұрғындармен қазірге тек ауызша келіссөз жүргізілген. Үйді қай компания салатыны да белгісіз. Жаңа үй салуға инвесторларды "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы іздеуге кіріскен.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада 1930-1960 жыл аралығында соғылған 107 үй апатты деп танылған. Оның 56-сы – Абай, 43-і – Әл Фараби, 8-і – Еңбекші ауданында орналасқан. Қалада жалпы 2196 көпқабатты тұрғын үй бар. Ресми мәлімет бойынша, апатты үй саны жыл санап көбейіп барады.
2018 жылғы 19 маусымда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Шымкентке "республикалық маңызы бар қала" статусы беріліп, ол Қазақстанның 17-аймағына айналған. Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) орталығы Түркістан қаласына көшірілген.
ПІКІРЛЕР