ӘСКЕРИ СОТ ҮКІМІ
5 қазан күні Шымкент гарнизонының әскери сотында Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы №10216 әскери бөлімнен "қару-жарақ ұрлап сатты" деп айыпталған сегіз адамға сот үкімі жарияланды. Судья Жәмила Төленова төрағалық еткен сот отырысына айыпталушылар (бесеуі тергеу абақтысынан видеобайланыс арқылы), олардың адвокаттары мен туыстары, жәбірленуші тараптан әскери бөлімнің өкілі қатысты.
Бұрын сотталмаған сегіз адамның арасында бір әскери қызметкер, жергілікті екі кәсіпкер, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің екі студенті бар, өзгесі еш жерде жұмыс істемейтін азаматтар.
Сот үкіміне сәйкес, №10216 әскери бөлімде келісімшартпен қызмет атқарған кіші сержант Абылай Балғынбай Қылмыстық кодекстің "Жауынгерлік кезекшілікті атқару қағидаларын бұзу" (444-бап), "Қашқындық" (442-бап) "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" (291-бап), оларды "заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап) баптары бойынша айыпты деп танылып, он жылға бостандығынан айырылды. Балғынбай үкімді сот залында отырып тыңдады.
Оған қару-жарақты әскери бөлімнен алып шығуға және сатуға көмектесті деп айыпталған кәсіпкер Шадияр Қамбар мен Бағдәулет Мәліктің әрқайсысы – 8 жыл, студент Шыңғыс Шатаев – 5 жыл, Қағанат Орынбек – 3 жыл түрме жазасын өтейтін болды. Олар Қылмыстық кодекстің 291-бабы мен 288-бабы бойынша сотталды.
Ал кәсіпкер Бағдәулет Арын мен Бауыржан Дамиров 288-бап бойынша 3 жылға бостандығынан айырылды. Сот бұл екеуіне 291-бап бойынша тағылған айыпты алып тастады. 288-бап бойынша айыпты деп танылған студент Санжар Бекжанға 500 айлық есептік көрсеткіші көлемінде (1 млн 325 500 теңге, шамамен 3120 доллар) айыппұл салынды. Үкім шыққан соң Бекжан қамаудан босатылды.
Бұған қоса сот жауапқа тартылған азаматтардан сот шығыны мен әскери бөлімге келген залалды өндіріп алуды бұйырды. Сот үкім шыққанға дейін тергеу кезінде қамауда отырған алты адамның абақтыда өткізген әр күнін бір жарым күнге есептеп, оны жаза мерзімінен шегерді.
Тергеу кезінде кепілмен босатылған Қағанат Орынбек сот залында қамауға алынды. Орынбек пен оның туыстары Азаттыққа сот үкімі жайлы пікір білдіруден бас тартты.
"ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙМІН"
Сот үкімі жарияланғаннан кейін Абылай Балғынбек Азаттыққа "үкіммен келіспейтінін" жеткізді. Тілшінің "Апелляцияға шағым бересіз бе?" деген сұрағына Балғынбек те, адвокаты да жауап бермеді.
Бұған дейін соттағы жарыссөз кезінде Балғынбек кінәсін ішінара мойындайтынын, істеген ісіне шын өкінетінін айтып, судьядан ең аз жаза тағайындауын сұраған. Ал Орынбек қылмыс жайлы ешкіммен алдын ала сөз байласпағанын, істеген ісіне өкінетінін айтып, соттан кәмелетке толмаған баласы барын әрі отбасының жалғыз асыраушысы екенін ескеріп, бостандығынан айырмай, жазаның басқа түрін қолдануды сұраған еді.
Айыпталушылардың кейбірі өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Бекжан Санжар Шыңғыс Шотаевқа "қару сатып алатын" Бауыржан Дамировтың телефон нөмірін бергені үшін айыпталғанын мәлімдеп, соттан "қылмыстық іске қатысы жоғын" айтып, өзін ақтауды өтінген болатын.
Әскери прокуратура өкілі Асылбек Темірбеков соттан айыпталушыларды 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге түрме жазасын беруді сұраған. "Олардың айыпты екеніне іс-материалдарында дәлел жеткілікті" деді ол. №10216 әскери бөлімінің өкілі Ербол Шүкеев әскери прокуратураның айыптауымен толық келісетінін жеткізді.
Темірбеков айыпталғандардың әскери бөлімнен "30 автомат, 30 тапанша және жүздеген оқ-дәрі алып шыққанын" айтқан еді. Бірақ сот үкімінде "әскери бөлімнен 29 автомат пен 16 тапанша, жүздеген оқ-дәрі ұрланғаны" аталды.
Шымкент гарнизонының әскери соты 40 томнан тұратын істі қарауды 4 тамызда бастаған.
Биылғы 20 ақпаған қараған түні Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы №10216 әскери бөлімнің кіші сержанты Абылай Балғынбай "қызмет орнын тастап, өзімен бірге ондаған Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын және жүздеген оқ-дәріні алып кеткені" хабарланған. Көп ұзамай оның және тағы бірнеше адамның ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
ПІКІРЛЕР