Коронавирус деп аталған көзге көрінбес “жаудың” енді беті қайта ма дегенде, Оңтүстік және Орталық Азия қаптаған шөл шегірткесінің (Schistocerca gregaria - ред.) нөпірінің астында қалатын түрі бар.
Шөл шегірткесі алғаш 2018 жылы Шығыс Африкаға таралып, оның бір шоғыры Йемен, Оман, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Иракты басып өтіп, шығысқа - Иран, Пәкістан, Ауғанстан және Үндістанға “жорық” жасаған.
Ауа райы көбеюге жақсы жағдай жасаған соң шегірткелер солтүстікке қарай құлаш жайып, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстанға жайылып, аймақты жиырма жылдағы ең ірі “шегіртке обасына” ұшыратқан.
Жолындағы дәнді дақылды атаулыны жайпап өтетіндіктен, шегіртке ойраны аймақтағы егіске үлкен шығын әкелді.
Шегіртке келтірген зардапқа коронавируспен күрес мақсатындағы шектеу шаралары кесірінен болған азық-түлік өндірісінің, ғаламдық сауданың кемуі сияқты қиындықтар қосылып, биыл қыста әлемнің кей бөлігінде азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін деген болжам айтыла бастады.
“Шөл шегірткесін” БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ААҰ) “жолындағы барлық өсімдікті жайпап өтетін ең тойымсыз жәндік” деп сипаттаған.
Осы ұйымның айтуынша, бір шаршы километр аумаққа “шамамен 40 миллион шегіртке жабылып, бір күн ішінде 35 мың адамның азығын жеп кетеді”.
Қанаты өскен соң бұл жәндік “күніне 150 километрге дейін ұша алады, көбеюге ыңғайлы орын іздеген олар тіршілігі тоқтағанша 2 мың километрге дейін ұзап кетеді”.
2018 жылы Үнді мұхитында болған циклондардан Африка мен Араб түбегінде нөсер жауып, шегірткенің күрт көбеюіне аса қолайлы жағдай туған.
Иранда ерте көктемде жауған жауындар жергілікті шегіртке санын көбейтті және оған Африка мен Араб елдерінен ұшып келген “шөл шегірткесі” қосылған.
Иран 2020 жылдың ақпан айынан осы бір тойымсыз шегіртке нөпірімен күресіп жатыр.
Ресми орындардың айтуынша, шегіртке елдің оңтүстігіндегі Хормозган, Систан-Белуджистан, Бушехр, Фарс, Хузестан, Оңтүстік Хорасан және Херман деген жеті аймаққа шабуыл жасаған.
Иран ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты өсімдіктерді қорғау ұйымының өкілі Мұхаммед Реза Мирдың айтуынша, “шегірткелердің көптігі сонша, дәрі шашқан соң жерді 10-15 сантиметрге өлі шегіртке жауып қалған”.
Мирдың мамырдың 15-індегі сөзіне сенсек, шегіртке оңтүстіктің жеті аймақтағында 200 мың гектар егістік пен бау-бақшаны тып-типыл еткен. Тіпті жәндікпен күреске әскер жұмылдырылған.
Пәкістан ақпанның басында-ақ бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Былтырғы жаздан қалған шегіртке шоғыры елдің Белуджистан, Синд, Пенджаб және Хайбер-Пахтунхва аймақтарындағы егістік пен бау-бақшаны жайпап өткен.
Nikkei Asian Review басылымының маусымның 1-і күнгі мақаласында “Пәкістанның 60-қа жуық ауданындағы дәнді-дақылдың көп бөлігін шегіртке жеп кеткен” деп жазды.
Сол мақалаға қарағанда, шегіртке шоғыры Үндістанға өтіп, солтүстік Раджастан, солтүстік Панджаб, батыс Гуджарат және орталық Мадия Прадеш аймақтарын жайпап жатыр.
Ауыл шаруашылығы мамандарының көбі жаздың басында шегірткенің екінші шабуылы басталып, олар Африка мен Араб түбегінен Иран, Пәкістан және Үндістанға “басып кіреді” деп отыр.
Ресми орындар бұл туралы көп айтпағанымен, кейінгі апталарда Түркіменстанның шығысы мен Өзбекстанның батысы да шегіртке шабуылынан зардап шекті.
Түркіменстан басшылығы шегіртке туралы тіс жарып айтпады. Ал Азаттықтың Түркімен қызметінің дерегінше, елдің шығысындағы Лебап аймағының Керкі ауданында 35 мың гектардай жерді шегіртке басып, егіске шығын келтірген.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, елдің төтенше жағдайлар министрлігі 25 мамырда Түркіменстан жақтан келетін шегіртке шабуылына дайындалып жатқанын мәлімдеген.
Қашқадария, Сурхандария, Наманган және Ферғана аймақтарына шегіртке шоғыры келді деген ақпарат бар.
Алайда Орталық Азияға тарап жатқан шегіртке Иран, Пәкістан, Ауғанстан мен Үндістанды жайпаған шөл шегірткесі емес сияқты.
Мамырдың 19-ы күні Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігі елде дақылды жеп жатқан шегіртке Түркіменстаннан келді деген ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, “елде шегірткенің 150-ге жуық түрі бар, олардың 10-ы егіске, жайылымға және жалпы өсімдік атаулыға зиян”.
Осы 10 түрдің ішінде Орталық Азия мен Ауғанстанда ең көп кездесетіні - Марокко шегірткесі.
Мамырдың 29-ы күні өткізген брифинг кезінде Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс “2020 жылға жасалған болжам бойынша, шегіртке шоғыры 554 мың гектардай алқапты жайлауы мүмкін” деді. Оның айтуынша, жәндіктің Италия шегірткесі, Азия шегірткесі және Марокко шегірткесі деген түрлерінен қауіп көп.
Марстың сөзіне қарағанда, Марокко шегірткесі Қырғызстанмен шектесетін Жамбыл облысының және Өзбекстанмен шектесетін Түркістан облысының 150 мың гектар алқабына жайылып үлгерген.
Оның айтуынша, биыл Қазақстан шегірткемен күреске 3,6 миллион доллар қаржы бөлген.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы шегірткемен күрес үшін Қырғызстанға техникалық көмек көрсететінін хабарлады. Сырттан жәрдем болмаса, қырғыз елінің 120 мың гектар егіс және жайылым жерін шегіртке жайпап кетуі мүмкін.
Әзірге Қырғызстан өкіметінен шегіртке мәселесі туралы хабар болған жоқ. Дегенмен Қазақстан мен Өзбекстанның Қырғызстанмен шекаралас аймақтарына зиянды жәндіктің қаптап жатқанын ескерген жөн.
Тәжікстанның негізгі ауыл шаруашылық аудандарының бірі саналатын оңтүстіктегі Хатлон облысында егіске шегіртке түскенін Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Хатлон облысы Вахш ауданының диқандары жәндіктер жүзім алқаптарын талқандап кетті дейді. Олардың айтуынша, шегірткені улайтын дәрінің бағасы өте қымбат, ал мемлекет шаруаларға жарытып көмек беріп отырған жоқ.
Онсыз да коронавирустың таралуы кесірінен абдырап отырған Орталық Азия елдері шегірткенің шабуылын көтере алмайды, биыл оларға ауылшаруашылық өнімдері ерекше қажет болады.
Аймақтағы кей елдердің басшылары жыл соңында және келер жылдың басында азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертіп, қолдан келгенше көп өнім алуға шақырды.
Азаттықтың Тәжік, Өзбек, Түркімен, Қазақ, Ауған қызметтерінің және Mashaal радиосының мәліметтері негізінде жазылды. Ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.
ПІКІРЛЕР