Жас комсомол Анатолий Даншин Теміртаудағы металлургиялық комбинат – Қазақстандық Магнитканың құрылысына Ресейдің Кубань өлкесінен келген. Жас жігітке совет өкіметінің бүкілодақтық құрылысқа қатысуға шақырған үндеуі әсер еткен.
1950 жылдардың соңында бұрын ГУЛАГ қамтамасыз етіп келген ақысыз әрі басыбайлы еңбек ететін жұмысшы таусылды. Ал Совет одағының индустрализация арқылы "капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озу" саясатын жүзеге асыруға жұмыс күші қажет болды. Сондықтан билік комсомол жолдамасымен жастарды, әскерден және түрмеден босағандарды "коммунизм құрылысына" жібере бастады. Сол кезеңдегі патриоттық фильмдер зауыттар мен фабрикалар құрылысына қатысатын бірлігі жарасқан ұжымдарды көрсетіп, еңбек адамын насихаттайтын. Бірақ жұмысшылардың шынайы өмірі кинодағы "бақытты" картинадан мүлде басқаша боп шықты.
"ХАЛЫҚ ТҰРА ҰМТЫЛДЫ". КУӘГЕР ӘҢГІМЕСІ
Теміртауға 1956 жылы келген 18 жастағы Анатолий Даншинді жатақхананың бір бөлмесінде бұрыннан тұратын төрт адамның жанына орналастырған. Комбинат құрылысшыларының "алғашқы легімен" барған ол басқалармен салыстырғанда біршама жақсы жағдайда өмір сүрген. Даншиннен кейін келген жұмысшыларға құрылыс алаңының қасындағы күркелерден (палатка) орын берген. Бір күркеде 30-40 адамнан тұрған. Электр жарығы мен су, дұрыс тамақ болмаған. Алыстан таситын цистернадағы су күн ыстықта жылып, борсып кететін. Мыңдаған жұмысшы осындай жағдайда тұрып жатқан еді.
Даншин күркеден құралған қалашықта тұрғандар көрші үйлерге жүгіріп, су сұрап күнелткенін еске алады. Жұмыстан кейін жуынуға су таппайтын жұмысшылар наразылығы күн өткен сайын күшейе берген.
Даншиннің айтуынша, 1959 жылы шілденің 31-і күні жұмысшылар "Казметаллургстрой" тресті ғимаратына келіп, басшылықпен келіссөз жүргізуді талап еткен. Бірақ жұмысшылармен сөйлесуге ешкім шықпаған. Халық шулай бастаған. Осыдан кейін милиция келіп, бірнеше адамды ұстаған. Жұмысшылар наразылығының соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан.
- Олардың басқа жоғалтатын несі қалды? Милицияға барды. Ішіне жұмысшыларды тиеген жүк көліктерін көрдім. Сол жерге барғанымызда, милицияның күш қолданғанын көрдік. Жерде қолдарында қаруы бар әскерилер отырды. Көліктегі милиция қызметкері жұмысшыларға жақындағанда, халық оған қарай тұра ұмтылды. "Басынан ұр", "Шешіндір", "Көлікке сал" деген дауыстар естілді. Оны шығарып алды. Милиция қызметкері "жұмысшылар ереуілді қойып, үйлеріне тарасын" деген хабар әкелгенін, кәсіпорын басшыларымен кездесу болатынын айтты. Жұмысшылар тарай бастады. Бірақ оқиға мұнымен аяқталған жоқ, - дейді Анатолий Даншин.
Қанды қақтығыс әлі алда болатын. Тамыздың 1-і күні Теміртауда жұмысшылар асханада бүлік шығарып, (куәгерлердің сөзінше, тамақтануға келген құрылысшылардан олардан жақсы жағдайда өмір сүретін болгариялықтар таңғы асын ішіп болғанша күте тұруды сұраған) кейіннен шаруашылық дүкендеріне көшкен. Бірнеше адам ұсталып, қалаға қосымша милиция күші жіберілген. Жұмысшылар ереуілі келесі күндері де жалғасын тапқан. Тамыздың 4-іне қараған түні әскерилер мен милиция қызметкерлері жаңа универмагқа кіріп, азық-түлік пен заттар алып шыққан адамдарға қарсы оқ атқан.
- Әскерилерге қарай бет алған МАЗ көлігін көрдім. Артынша автомат даусы естіліп, адамдардың айқай-шуы құлақ тұндырды. Қабырғаға тиген оқ дауыстары жетті. Адамдардың басынан жоғары атқанымен, кейбіреуге оқ тиген сияқты. Көлік жүргізушісі сыртқа құлап түсті: не жараланған, не өлген болуы керек. Жолды жауып қалған МАЗ маған қалқан болып, ажалдан алып қалды. Болмаса қақ маңдайыма оқ тиер еді. Әскерилер оқ жаудырды, ереуілшілердің қолында қару болмады. Шамамен 20 секундтай атты. Содан кейін өлі тыныштық орнады. Сәлден соң, шулап, бір әйелді әскерилер жаққа апарғанын көрдім. Офицердің "Тоқта! Атамыз!" деген дауысы шықты. Әлгілер тоқтап, кейін қайтты. Халық арасынан "10–12 жастағы бала өлді" деп айқайлады. Сол жаққа қарай жүгірдім. Иығы қанға малынған. Жиналғандардың бірі тақтайшаны жұлып алып, баланы соның үстіне салып, жедел жәрдем көлігіне қарай алып кетті. Артынан бардым. Жедел жәрдем көлігінде бір адамның аяғын көріп үлгердім. Жараланған баланы қабылдап алып, көлік жүріп кетті, - дейді Даншин өткен күндерді еске алып.
Даншин алғашқы күндері ешкім жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға тырыспағанын айтады. Оның пікірінше, олар мұны әдейі жасаған.
- Құжаттардан дүкенге біреулер кіріп, тонағаны туралы хабар милицияға бір тәуліктен кейін бір-ақ жеткенін көрдім. Ал ереуілшілер ол кезде дүкенге бекініп, ашық тонау басталған. Ұрланған заттарды көліктерге тиеп, тасыған. Осыған қарамастан, ешкім күзет қойып, тонау әрекетіне тосқауыл жасауға тырыспаған. Осы тұста "Неге?" деген сұрақ туындайды. Бұл болған оқиғаға халық кінәлі екеніне барынша көп дәлел жинау үшін жасалғанға ұқсайды. Сонша халықты не үшін қырғанын осылай түсіндіруге тырысқан сияқты.
ОНДАҒАН ЖЫЛ БОЙЫ АЙТЫЛМАҒАН ОҚИҒА
1959 жылғы Теміртау оқиғасы құрбандарының нақты саны белгісіз. Тарихшы, 2006 жылы Мәскеуде жарық көрген "Неизвестный СССР. Противостояние народа и власти 1953-1985 гг." кітабының авторы Владимир Козловтың дерегінше, Теміртауда тамыздың басында болған қақтығыс кезінде 11 адам өліп, жараланған тағы бес азамат келесі күндері қайтыс болған. Тарихшы қақтығыс кезінде жүздеген адам жараланғанын айтады. Көп жылдар бойы Теміртауда болған оқиға туралы еш жерде жазылып, айтылған жоқ. Құрылыстағы жұмысшылар наразылығы мен бүлік туралы ақпарат советтік үгіт-насихат картинасына сай келмейтін. Сондықтан құжаттарды құпия қалдырып, архив деректерін ондаған жылдан кейін бір-ақ ашқан.
- Барлық құжатқа қол жеткізу қазір де мүмкін емес. Біз қарауға рұсқат берген деректерді ғана пайдаланамыз. Бәрін "қақтығыс кезінде қанша адам құрбан болды?" деген сұрақ толғандырады. Ресми дерек бойынша, 16 адам мерт болған. Бірақ куәгерлердің барлығы бірауыздан адам шығыны әлдеқайда көп болғанын айтады. Біреу өліктерді жүк көлігімен алып кеткен дейді. Куәгерлердің сөзінше, қақтығыс кезінде бейбіт халық та жапа шеккен. Бірақ халыққа қарсы оқ атқан әскерилер ме, әлде ереуілшілер ме? Біздің қолымызда қандай да бір адам қолына қару алып, атыс бастағаны туралы дерек жоқ, - дейді Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайының аға қызметкері Татьяна Хмелева.
Мұражайда Теміртау оқиғасының 60-жылдығына арналған бұрыш дайындалған. Онда шынайы буржуйка пеші, сол кездері тамақ ішуге пайдаланылған металл ыдыс пен күркелерден құралған қалашықтың суреті бар. Музейде оқиғаны бейнелейтін деректі сурет аз. Облыстық архивтен алынған бүліктен кейінгі суреттер ғана бар. Музей қызметкерлері бұл тақырыпты ондаған жыл бойы қозғамаудың салдарынан 1959 жылы тамызда болған оқиға туралы толық материал жинау қиын екенін айтады.
- Архивті қашан ашқанын дөп басып айту қиын, бірақ 1990 жылдардан кейін ашқаны анық. Бірақ ол кезде халықтың тарихты саралауға мұршасы болмады. Біздің ғылыми қызметкерлер 1990 жылдардың соңынан бастап куәгерлермен, облыстық архивпен жұмыс істеп, ұсталғандар мен сотталғандардың жеке ісін, партия анықтамаларын, есептерді қарады. Куәгерлерден оқиғаға қатысты тың суреттер таба алмайтын шығармыз. Ол кездегі оқиғаны біреу суретке түсіріп алды дегенге сенбеймін, - дейді Татьяна Хмелева.
Жақында музей қызметкерлері Теміртау тұрғындарының арасында сауалнама жүргізіп, әрбір екінші респондент 1959 жылғы оқиғаны білмейтінін анықтаған.
81 жастағы Анатолий Даншин "1959 жылдың ыстық жазы" туралы естеліктерін қағазға түсірген. Ол жазған деректі кітап еш жерде жарияланбаған, үйінде электронды форматта сақтаулы тұр. "Бұл адамдар өлді. Олар қанымен бізге қалай өмір сүру керегін көрсетіп кетті. Болған жайт пен құрбандар туралы, жұмысшылардың кінәсін дәлелдейтін деректер жоқ. Бірде-бір жұмысшының денесін туыстарына жерлеуге бермеген. Қанша адам өліп, қаншасы жараланғаны әлі күнге белгісіз. Оқиғадан хабары бар адамдардың бәрінен ешкімге тіс жармау туралы қолхат алған болуы керек. Баспасөзде құрбандар саны туралы дерек шыққан. Бірақ жарияланған деректердің бәрі әртүрлі және нақты емес, - деп жазады Даншин.
Теміртау құрылыс алаңындағы жағдай 1959 жылғы оқиғадан кейін өзгерді. Өмір сүру жабдықтары жақсарып, баспана мәселесі шешіле бастады. Күзге қарай шатырлы қалашықты алып тастады. Теміртауда тез қарқынмен инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлер салына бастады. Спорт алаңы мен мәдениет сарайы пайдалануға берілді. Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын саналған металлургиялық комбинаттың алғашқы өнімі 1960 жылы шықты. Совет одағы тарағаннан кейін, отыз бес жылдан соң, комбинат жабық тендер арқылы Индияда туған миллиардер Лакшми Митталға сатылды. Өндірістік нысан мен Қарағанды өңірінің шахталары Митталға тиесілі "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының иелегіне кіреді.
ПІКІРЛЕР