Қарағанды облысындағы моноқала – Теміртау COVID-19 вирусын жұқтырған науқастың қазасынан кейін карантинге жабылған. Азаттық тілшісі қаланың карантиндегі тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен тілдесіп көрді.
180 мыңға жуық халқы бар Теміртау қаласының қаңырап бос қалған көшелері постапокалипсис туралы фильмдегі көріністі еске салады. Мүлгіген тыныштықты ары-бері өткен такси мен полиция көліктерінің даусы ғана бұзады. Орталық көшелерден дабыл қағып, дауыс зорайтқыш қосқан арнаулы көліктер жиі өтеді.
«Құрметті тұрғындар! Қала аумағында карантин жарияланған. Қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған! Себепсіз үйден шықпауға кеңес береміз. Көшеде үш адамнан артық жиналуға болмайды. 65 жастан асқан адамдар көшеге шықпағаны дұрыс. Кәмелетке толмағандарға ересек адамсыз жалғыз жүруге рұқсат етілмейді. Санитарлық норманы сақтаңыздар» дейді дауыс зорайтқыштан шыққан үн.
«Теміртауда коронавирустан бір адам қайтыс болды» деген суыт хабар жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Дәрігерлер қайтыс болған науқастың жанында болған адамдарды анықтап, оларды карантинге жауып жатыр. Дәрігерлердің есебінше, сәуірдің 1-і күні қайтыс болған науқас екі жүзден астам адаммен байланыста болуы мүмкін. Бұл дерек әзірге науқаспен байланыста болғаны расталған адамдардың ғана санын көрсетеді. Қарағандыда тұрып, Теміртауда жұмыс істеген науқастың қазасынан кейін билік моноқаланы жауып, инфекцияның таралуын тоқтату үшін тұрғындардың қала аумағынан шығуына тыйым салды.
Теміртау тұрғындары қаланың карантинге жабылғаны туралы хабарламаны кеш алған. Мәселен, Қарағанды облысындағы бес қалада карантин енгізілгені туралы хабарлама көп адамға келесі күні келген. Ал карантин аумағына азаматтар мен көліктердің кіріп-шығуына тыйым салынғаны туралы хабарлама көп абонентке сәуірдің 2-cі күні кешкісін бір-ақ түскен. Бұл кезде шектеу шараларының күшіне енгеніне 16 сағаттан асып кеткен еді.
Теміртау тұрғыны Ирина Добренько коронавирус жұқтырған науқастың қазасы туралы естіп, көшеге шығудан қалған. Туыстары мен достарына мүмкіндігінше үйде отырып, көшеге маска мен қолғап киіп шығу керегін ескерткен.
— Неге қаланы енді ғана жапты? Коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелген кезде-ақ, Қарағандыны карантинге жабу керек еді. Сонда қайтыс болған науқас Теміртауға жұмысқа келмес еді. Блокпосттан өтерде науқастың жағдайы ертерек анықталып, қаншама адамның өміріне қауіп төнбес еді. Қарағанды мен Теміртауда марқұммен байланыста болған қаншама адам жүргенін кім білсін? Жағдай өте қиын, қазір көшеге шықпаған дұрыс. Әжем жалғыз тұрады, ол қалада карантин екенін білмеген. Оған ешкім айтпапты. Дүкен аралап, арзан азық-түлік іздеп жүрген. Қазір оған үйге жақын дүкеннен бірден көп таамақ әкеліп, одан кейін көшеге шықпа деп ескерттім. Өзім бара алмаймын, кішкентай балам бар, — дейді Ирина.
Билік өкілдері карантин кезінде тек жұмысқа (қашықтан жұмыс істеу режиміне көшпеген азаматтар), азық-түлік дүкеніне, дәріхана мен банк бөлімшесіне ғана баруға болатынын ескертеді. Үй жануарларын серуенге алып шығуға рұқсат етілген. Карантинді бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, кейінгі бес күнде «карантин режимін бұзған» азаматтарға 233 әкімшілік қаулы толтырылып, 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Карантин Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай мен Саран қаласында енгізілген.
— Сізді полиция тоқтатса, сабыр сақтап, жағдайды түсіндіріңіз. Сөзіңізді растайтын құжат көрсетсеңіз, тіпті жақсы. Уайымға салынып, ашуланудың қажеті жоқ. Полицияның мақсаты – сізге айыппұл салу емес. Ортақ мақсатымыз — заңбұзушылықтың жолын кесу. Карантин талаптарына түсіністік танытыңыз, — деді Қарағандыда өткен онлайн-брифингте облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков.
КАРАНТИНДЕГІ ҚАЛА
Теміртау тұрғындарының көбі қаладағы негізгі кәсіпорын саналатын металлургиялық комбинатта жұмыс істейді. Олар жұмысқа адамға лық толы автобуста баратынын айтып, шағынды.
— Таңертең жұмысқа баратын кезде автобустар лық толы болады. Бұл жерде қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық. Автобуста адамды маска да құтқара алмайды. Комбинатта бірнеше мың адам жұмыс істейді. Олардың көбі жұмысқа автобуспен барып келеді. Қоғамдық көліктегі адам санын азайтудың амалын қарастыру керек. Мүмкін автобустар санын арттыру керек шығар, — дейді таңертең аялдамада кездескен Теміртау тұрғыны.
Азаттық тілшісі наурыздың 31-і күні қаланы түгел аралап, Теміртауда әлі де жұмыс істеп тұрған дәмханалар барына назар аударды. Көп дәмхананың сыртына «Ашық» деген жазу ілінген. Осындай қоғамдық тамақтану орындарының біріне кірген Азаттық тілшісі үстел басында отырған азаматтардан дәмхана жұмыс істеп тұрғанын, карантин жарияланбағанын (карантин режимі облыстың бес қаласында, оның ішінде Теміртауда наурыздың 30-ы күні жарияланған) білді. Есіктің сыртына аяқты сүртіп, қолды тазалап кіру керегін еске салатын ақпарат ілінген. Сәуірдің 3-і күні Азаттық тілшісі бұл дәмхананың жабық тұрғанын көрді. Бұл күні қаладағы азық-түліктен өзге тауар түрлерін сататын дүкендер де жабық болды.
Азық-түлік дүкенінің ет сататын бөлімінде жұмыс істейтін саудагерлердің бірі жұма күні уақытша жұмысын тоқтататынын айтты. Қазір қолында қалған етті сатып отырған сатушы мұның себебін карантин кезінде ауылдан ет әкелуге бара алмайтынымен түсіндірді.
Теміртауда тұратын Елена Красовскаяның отбасы карантиннің салдарын анық сезіне бастаған. Еленаның күйеуі табысынан қағылған. Өзі карантинге дейін еш жерде ресми жұмыс істемеген.
— Дағдарыс болып жатқаны аздай, жұмыс мәселесі туып, баға шарықтап шыға келді. Екі кішкентай баламыз бар. Бір баламыз – мүгедек. Кішкентай балама жөргек алуға барсам, қымбаттап кетіпті. Карантинге дейін 3 600 тұрған жөргек қаптамасын енді 4 200 теңгеден сатып жатыр. Азық-түлік бағасы да өскен. Енді баламызға мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыны отбасыны асырауға жұмсауға тура келеді. Бұл ақша баламыздың еміне керек еді. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Адамдар барлық жағынан қиын жағдайда қалды, — дейді Елена Красовская.
ҚАЛАҒА КҮНІ ҚАРАҒАН АУЫЛДАР
Карантиннің кесірінен Теміртауға жақын орналасқан ауыл тұрғындарының қаламен байланысы үзілген.
Бұрын Теміртауда жұмыс істеп, азық-түлікке дейін қаладан сатып алып келген Чкалово ауылының тұрғындары карантин кезінде қиын жағдайда қалып отыр. Әкімшілік бөлініс бойынша, Чкалово ауылы Теміртауға кірмейді, бірақ қалаға өте жақын орналасқан. Ауыл тұрғындарының көбі Теміртауға баруға болмайтынын сәуірдің 2-сі күні жұмыс не басқа шаруаларымен қалаға жолға шыққанда бір-ақ білген. Ауылда тұрғындарға қажет заттар сататын не дәріхана, не дүкен, тіпті дәрігер де жоқ. Картадан ақша алатын банкомат, телефонға бірлік салатын, не әртүрлі қызмет төлемдерін аударатын терминал да кездеспейді.
Сәуірдің 2-сі күні Чкалово тұрғындарының көбі жұмысқа бара алмаған. Оларды ауылдан шығармай, үйлеріне қайтарған. Сәуірдің 3-і күні қалаға жұмысқа баратын адамдарды өткізу мәселесі аздап реттеле бастады: қала тіршілігін қамтамасыз етумен айланысатындарға қалаға кіруге рұқсат берілді. Бірақ көліктерді өткізбеді, сондықтан адамдарға қаладағы жақын аялдамалардың біріне дейін жаяу жүруге тура келді. Қалған тұрғындарды әлі күнге ауылдан шығармай отыр.
— Бізге ешкім қалаға кіре алмай қаласыңдар деп ескерткен жоқ. Біз азық-түлік пен басқа қажетті заттар алып, дайындалып үлгермедік. Бұрын азық-түлікті тек қаладан алатынбыз. Енді қала жабық. Жағдай қиын боп тұрғанын түсінеміз, ешкім инфекция тарағанын қаламайды. Оның үстіне біз қалаға тым жақын орналасқанбыз. Онда бізге ауылда автодүңгіршектер қойып, азық-түлік, гигиена мен жеке күтім құралдарын, жөргектер, балалар тағамы мен басқа тауарларды жеткізіп берсін. Карантин ұзаққа созылуы мүмкін ғой, — дейді жергілікті биліктен аяқ тартып, аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ауыл тұрғындарының бірі.
Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындар биліктен Чкалово ауылына назар аударып, азық-түлік пен тауар жеткізіп беруін сұрайды. Халықтың айтуынша, Чкаловода қазір көмекке мұқтаж жалғызбасты қарт адамдар көп. Олардың кейбірінің туыстары Теміртауда тұрады. Бірақ қазір ондағы жақындары ауылға келіп, қарттарға азық-түлік әкеліп бере алмайды.
— Бүгін таңертең пеш жағатын ештеңе таба алмадым. Сіріңке таусылыпты. Көршілерден сұрадым. Көршімнің су ағатын краны сынған, қайдан сатып аларын білмей отыр. Осындай тұрмыстық мәселелер қажытып жібереді. Қалаға тіпті, дүкенге баруға да жібермей отыр. Көлігі барлар азық-түлік алу үшін үлкен жолмен Самарқанд ауылына барып-келе алады. Бірақ ауыл алыс, қазір ары-бері жүріп, жанармайымызды тауыссақ, сатып алатын жер таба алмаймыз. Біздің ауылда не жолдың бойында жанармай бекеті жоқ. Бұрын бензинді тек қаладан алатынбыз. Карантиннің кесірінен, мәселенің үстінен мәселе туып отыр. Ал билік осы жағдайларды қарастырмаған, — дейді Чкаловоның тағы бір тұрғыны.
Чкаловода бір ғана шағын дүкен бар. Карантин оның да жұмысына кері әсер етіп, кәсіп иесі қиындыққа тап болған. Дүкен сөрелері жартылай бос тұр. Дүкенге бұрыннан тауар жеткізетін азаматтар Чкалово аумағына Теміртаудан өте алмаған.
— Мәселе адамның өмірі мен денсаулығына келіп тірелсе, әрине, жолды жабу керек. Бірақ тауар жеткізу жүйесін қайта қарастыруға тура келеді. Тауар жеткізушілердің көбі ауылға кіре алмаған, содан дүкен сөрелері босап қалды. Тек нанды ғана кіргізуге рұқсат берген. Біз селге дайындалып отырғанбыз. Сел қаупі туса, шығынға ұшыраймыз деп, дүкендегі заттарды алып шығып үлгеру үшін бұрынғыдан аз тауар ала бастадық. Осы кезде төбемізден жай түскендей, науқас қайтыс болды да, Теміртауды жауып тастады. Біз дайындалып үлгермедік. Тауар жеткізушілер қызметін жолға қоя алсақ, бұл жағдайдан әупірімдеп шығармыз. Бәрі тезірек қалпына келер деп үміттенеміз, — дейді дүкен иесі, кәсіпкер Тамара Цечаева.
Ақтау ауылы тұрғындарының да күні қалаға қарап отыр. Ауыл тұрғындары карантин енгізілгеннен кейін бірден шарықтап шыға келген азық-түлік бағасына көңілі толмайтынын айтады. Ауыл халқы қалаға кіре алмайды. Қалада жұмыс істейтіндер арнаулы рұқсат қағазымен ғана жүреді.
— Бірінші вокзалдан Теміртауға автобус жүрмейтін болды деп естідік. Бірақ кейін Ақтау-Теміртау рейсі ашылды. Сәуірдің 2-сі күні адамдар автобус күтіп, жұмысқа кешікті. Автобусты блокпостта тоқтатып, медбике жолаушылардың ыстығын тексергеннен кейін ғана қалаға кіруге рұқсат берді. Арнаулы рұқсат қағазын сұраған жоқ. Бірақ қалаға жұмысқа келетіндерге рұқсат қағазын дайындап қоюды тапсырды. Кейін «карантинге жабылған аумаққа кіріп-шығуға тыйым салынған, сондықтан қайда тұратыныңызды ойластырыңыз” деген хабарлама келді. Бастығым әкімдікке өтініш берген, бірақ рұқсат қағазы әлі дайын емес. Енді қайтерімді білмей отырмын. Жұмысымнан айырылып қалғым келмейді. Қазір жығылған үстіне жұдырық болып, ауылда бәрі қымбаттап шыға келді, — дейді Ақтау ауылының тұрғындары.
Ол жұмысқа кедергісіз жету үшін әзірге Теміртаудағы туыстарының үйінде қалған.
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Билік өкілдерінің айтуынша, қала тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарда істейтін басқа елдімекен тұрғындары Теміртауға кіріп-шыға алады. Бұл үшін жұмыс беруші қызметкерін бірыңғай электронды базаға енгізуді сұрап, әкімдікке өтініш беруі керек. Теміртау тұрғындарына қаладан шығуға болмайды. Бұл тыйым медициналық, санитарлық, коммуналдық және полиция мен құтқарушыларға жүрмейді. Шектеуден жүк тасымалы, инкассаторлар мен жерлеу қызметі де босатылған.
«Карантинге жабылған аумаққа қажетті дәрі-дәрмек тоқтаусыз жеткізіледі. Барлық қаладағы дәріханалар шектеусіз жұмыс істейді. Ауруханаға жеткізілуі керек азаматтарға жедел көмек көрсетіледі. Шұғыл шаруалардан басқасын кейінге қалдыру керек» деді жиында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Облыстық әкімдіктің дерегінше, Қарағанды облысында 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек журналистерге берген жауабында шектеу шаралары көп кәсіпорынға тікелей әсер ететінін айтты. Билік өкілдері инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және елдімекендерді дамыту мақсатында жұмыспен қамтудың жол картасы дайындалып жатқанын хабарлады. Әкімдік болжамына сәйкес, мемлекеттік бағдарлама жұмыссыз қалған азаматтарға 17,5 мың жаңа жұмыс орнын ұсынады. Карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтар туралы ресми дерек жоқ.
ПІКІРЛЕР