Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Батыс Қазақстан облысында (БҚО) ауыл әкімдерін сайлау екінші рет өтіп жатыр. Аудан әкімдері ұсынған кандидаттарға аудандық мәслихат депутаттары дауыс береді. Бұл сайлауда қызметін төрт жыл атқарған әкімдердің орнына сайлау өтеді.
ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕЛЕР
Орал қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Круглоозерный ауылы қалаға жатады. Мұнда бес жарым мыңнан көп адам тұрады. Жұмысқа жарамды халықтың көбі Оралға аттанады.
Тамыздың 7-сінде қалалық мәслихаттың 13 депутаты ауылдың жаңа әкіміне дауыс берді. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы, 33 жастағы Кенесары Нұршинов әкім болды.
Сайлаудан бір күн бұрын Азаттық ауыл тұрғындарынан қала әкімі ұсынған үш кандидатты – «Батыс су арнасы» сумен қамту коммуналдық кәсіпорны учаскесі бастығы Тельжан Есетовті, жергілікті мектеп директоры Аслан Шахаровты және Нұршиновты танисыздар ма?» деп сұраған еді. Ауыл тұрғындары сайлау болатынын естімеген болып шықты.
— Мұндағы жұртпен ылғи сөйлесіп жүрмін, бірақ сайлау өткенін сенен естіп тұрмын, - дейді жергілікті таксист Бақытжан Иманғалиев. – Алдыңғы әкімнің есімі Салтанат екенін естігенмін, бірақ өзін ешқашан көрмеппін. Ал оның алдында Аман Нұрышев әкім болған. Міне, сол кісі «Опель» көлігімен ауылды аралап жүретін. Оны күніне бір рет болса да көретінбіз. Ал одан кейінгі әкімдердің ішінен халықпен араласқан әкімді көрмеппін, - дейді таксист.
Бақытжанның пікірінше, ауыл тұрғындары үшін ең көкейкесті мәселе – Круглоозерный ауылына кіреберістегі үш километр қираған жол.
— Шұңқырларды көрген шығарсыз? Күз бен көктемде ол жермен жүре алмай қаламыз. Жаз болса аяқталып қалды, жол әлі жоқ. Ал салықты уақытында төлейміз, - деп шағынады Иманғалиев.
Кандидаттарды ауылға кіреберісте сүт, ірімшік сататын жеке кәсіпкер Елена Масликова да танымайды екен.
— Олары кім екен? Немен айналысады? Оларды сайлағаннан не пайда? Тіпті қайсысын болса да... Қора-қопсымнан ауылға дейінгі үш шақырым жолды қардан тазалауды сұрап, әкімдерге қыс сайын телефон соғуыма тура келеді. Олар мойнымда мемлекеттен алған несие бар екенін біледі, олармен сонда да жанжалдасамын. Бұл 1989 жылдан бері жалғасып келеді, - дейді кәсіпкер.
Круглозерный ауылдық округі тікелей қарайтын әкімдік ауылдан бес шақырым жердегі көрші ауыл Серебряковте орналасқан. Демалыс күні әкімдікте ешкім жоқ болып шықты. Ауылдық округ әкімі міндетін уақытша атқарушы Татьяна Сумкинаны жұмыс орыннан да, үйінен де таба алмадық.
2016 жылдың күзінде Орал қаласында жол полициясы ауылдың бұрынғы әкімі Салтанат Ескендіровті мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұстаған. Әкімді үш жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Облыстық мемлекеттік қызметші этикасы кеңесі оған «қатаң сөгіс» жариялауды ұсынып, Ескендіров қызметінен кеткен.
Аудандардағы 95 ауылдық округ әкімі қызметіне кандидат ретінде қазіргі 64 әкім ұсынылды. 285 кандидаттың ішінде жетеуі ғана мемлекеттік қызметкер емес.
Биылғы қаңтардың 19-ында Круглоозерный ауылының халқына есеп беру жиынында Оралдың сол кездегі әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарға жолды «қаражат тауып, жөндетуге тырысамын» деп уәде еткен. Бірақ қызметін бір жылдай атқарған Төреғалиев сенат депутатына айналып, Астанаға кетті. Ал жолды жөндеу сол күйі басталған жоқ.
Жергілікті әкімдіктің 2017 жылдың алты айында атқарған жұмысы туралы есепте ауылға кіреберістегі үш шақырым жолды жөндеу жайлы айтылмайды.
ОРНЫНДА ҚАЛҒАН ӘКІМДЕР
Депутаттар туған ауылының әкімін сайлап жатқанда зейнеткер Меруерт Сапарова шыжыған күннің астында Желаев ауылы аялдамасында №14 автобусты күтіп отыр. Оның айтуынша, автобустар әр 45 минут сайын жүреді. Демалыс күндері үлкен автобустар жүрмейді, жолаушылар сыймай қалатын шағын «Газельдер» ғана жүреді екен. Зейнеткер сайлау туралы естімеген, кандидаттарды танымайды.
— Бізде бәрі жақсы, тек автобус жағы қиын. Қалаға түске таман жету үшін үйден таңертең шығуың керек. Қыстың күні және жауын-шашында балалар мен қарттарға қиын. Әкім жұртты ұйымдастыра білсе болды, бізде халық жақсы, - дейді зейнеткер.
Дүйсенбіде қалалық мәслихат депутаттары Желаев ауылдық округінің қазіргі әкімі Тимур Әшіғалиевті қолдап, бір ауыздан дауыс берді. Қарамағындағы қызметкері, ауылдық округ әкімі аппараты бөлім бастығы Нұрлан Бағысқалиев пен Орал қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Максим Тілегенов оның бәсекелестері болды.
Әкімді жұмыс орнынан жолықтырудың сәті түспеді, әкімдіктің қабылдау бөлмесінен «ол демалыста» деп хабарлады.
Орал қаласынан бес шақырым жердегі Желаев - 2283 адам тұратын шағын ауыл. Биыл қаңтарда халыққа әкім берген соңғы есепке сәйкес, кентте 67 сиыр (2016 жылы 75 бас болған), 113 қой-ешкі, 58 шошқа мен 842 үй құсы бар. Ауыл мен қала арасында «ПАЗ» маркалы екі автобус пен алты «Газель» көлігі қатынайды.
Желаев тұрғындары қоғамдық көлік жетіспейтіні жайлы әкімнің есеп беру жиындарында екі жыл қатарынан шағымданған. Бірақ жағдай өзгерген жоқ.
Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты комментариінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) облыстық филиалының жетекшісі Қадиша Мұқанова «әкімдерді ауыл тұрғындарының өздері сайлағаны ауылдық округ үшін жақсы» дейді.
— Әкімдікке ұсынылған кандидаттар ауылды, онда тұратын халықты және ол жердің қыр-сырын жақсы білгені маңызды. Ол орынға бір жақтан әкеліп қоя салмай, ондай адамдарды дайындау керек, - дейді Мұқанова.
Облыс әкімдігі сайтында әкімдікке кандидаттар тізімі сайлау басталардан үш күн бұрын – тамыздың 4-інде жарияланды. Аудандардағы 95 ауылдық округ әкімі қызметіне кандидат ретінде қазіргі 64 әкім ұсынылды. 285 кандидаттың ішінде жетеуі ғана мемлекеттік қызметкер емес.