«80 ЖЫЛДАН СОҢ ТАБЫЛҒАН СОЛДАТ»
1941 жылы соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен атасы туралы мәлімет тапқан Ербол Әйтенов қатты қуанып отыр.
- Ұзын бойлы, ірі денелі, бұйра шашты, өнерлі жігіт еді, жалындап тұрған кезінде кетті, бәлкім бір жерде тірі жүр ме екен деп атамның қарындасы Елеу апамыз күрсіне еске алып, дұға бағыштап отыратын. Өлді деген қара қағаз да келмеген. Жаңақорған ауданы әскери комиссариатынан дерек болмаған соң іздемегенбіз. 2005 жылдары атамызға арнап ас беріп едік, - дейді ол.
Ербол биыл да 9 мамыр – Жеңіс күні жақындағанда Ресейдің «Память народа» деген сайтынан атасының аты-жөнін кездестіріп, қатты таңырқағанын айтады.
- Атамның аты Дәуренбек архивте Давранбек деп тұр екен. Бірақ фамилиясы дұрыс. Бұрын интернеттен Айтенов деп іздегенімде ештеңе шықпаған дейді, - ол.
Ербол Әйтеновтің сөзінше, 1941 жылдан хабарсыз кеткен атасы архив дерегіне қарағанда, запастағы әскери құрамадан 1944 жылдың қыркүйегінде дивизияға алынып, қазіргі Латвия аумағындағы ұрыстарға кірген. Мұны архивте аталған дивизия тарихын Google-дан тапқанда байқаған.
- 1944 жылға дейін елге хат жазбағанына қарағанда соғыстың бастапқы жылдарында Германия әскерінің тылында қалып, партизан құрамаларына қосылған болуы мүмкін. 1944 жылы Совет жері азат етілгенде қайтадан әскерге, бәлкім айып батальонына алып, алғы шепке жіберген-ау, - деп жорамалдайды Ербол.
Ербол атасы жайлы мәліметтерді әрі қарай да зерттеп көрмек. «Соғыста хабарсыз кеткендерді іздеп, тауып жүргендер бар екен, солармен сөйлессем, бәлкім қабірін де тауып қалатын шығармын» деп үміттенеді.
«БИЛБАУД - ҚЫЛБЕЛБАУОВ»
Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі, совет-герман соғысында хабарсыз кеткендерді іздеумен шұғылданып жүргендер сирек. Соның бірі Аманжол Оразбаевтың айтуынша, Ресейде соңғы жылдары архивтерді цифрландыру күшейген сой, бұрын шаң басқан құжаттар жарыққа шыға бастан. Ерболдың атасының аты-жөні интернетте пайда болғаны содан.
Аманжол Оразбаев совет-герман соғысында хабарсыз кеткендерді іздестірумен әуесқойлықпен айналысқанын айтады.
- 2008 жылы Мәскеуде жұмыс істеп жүргенімде «Мемориал» деген біріккен база ашылды дегенді естідім. Сайттан атамның бауырын екі күнде таптым. Аты-жөні сәл басқаша жазылған екен. Қай қаладан әскерге шақырылғаны, қайда қызмет еткені жазылып тұр. Содан бері осы іспен шұғылданып, соғыста хабарсыз кеткендерді іздестіруге көмектесемін, - дейді ол.
Аманжол Оразбаевтың сөзінше, хабарсыз кеткендер жайлы мәліметтер Ресей қорғаныс министрлігінің орталық архивіне жиналып, «Мемориал», «Память народа» деген екі сайтқа жарияланады. «Память народа» сайтының «Подвиг народа» деп аталатын қосымшасы да бар.
- Жақында Қызылорда облысынан соғысқа аттанып, хабарсыз кеткендердің бірін таптым. Сайтта Бильбауд деп тұр. Әрі қарай іздестіргенімде Қылбелбауов болып шықты, - дейді ол.
Аманжол Оразбаевтың сөзінше, сайттан әркім-ақ іздегенімен, зерттеу тәсілдерін білмесе іздестіре алмайды, қазақ солдаттарының аты-жөні орыс тіліне көбіне қате жазылады. Кейде оларды әскери бөліміне байланысты жанама мәліметтер арқылы іздеуге тура келеді.
«ЦИФРЛАНҒАН ҚҰЖАТТАР»
Алматы қаласының тұрғыны Күлән Нұрмұхамедованың соғыста хабарсыз кеткендерді іздестірумен шұғылданып жүргеніне 30 жылдан асқан. Алматы облысындағы ауылдардың бірінде мектеп мұғалімі болып бастаған ол хабарсыз кеткендерді іздеу тәсілдерін оқушыларына да үйреткен.
- Интернет жоқ кезде Украина, Беларусь, Балтық жағалауы мен Ресей архивтеріне хат жазып, хабарсыз кеткендерді іздестірушілермен сол кезден-ақ байланыс орнаттым, - дейді ол.
Күлән Нұрмұхамедованың сөзінше, соғыс кезіндегі құжаттарды Ресейдің цифрландыра бастағаны іздеуді жеңілдеткен. Бірақ іздеу тәсілдерін кез-келген адам біле бермейді.
- Қазақша кісі есімдерін орысша жазғанда әрқилы өзгереді. Аты-жөнін тапқандар әрі қарай қабірін тапқысы келеді. Ондайда ТМД елдерінде өзіміз секілді іздестірумен шұғылданатындармен дереу хабарласамыз. Бауырластар зиратында аты-жөні бар ма, жоқ па анықтаймыз. Жоқ болса, оған қалай кіргізу процестеріне де кеңес береміз, - дейді ол.
Қазір Күлән Нұрмұхамедова Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Поиск воинов Казахстана пропавших без вести в ВОВ» және «Долгая дорога домой!!!!!» топтарының және хабарсыз кеткендерді іздеумен шұғылданатын «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Оның сөзінше хабарсыз кеткендерді іздеушілер - еріктілер.
- Арамызда банк қызметкері де, ғалымдар да, басқа да мамандық иелері бар. Бір-бірімізбен хабарласып, үнемі байланыстамыз. Бүкіл бір ауданнан соғысқа қатысқандардың бәрінің аты-жөнін тапқандар да кездеседі, - дейді ол.
Бүгінде ол 1400-ге жуық адам хабарласқанын, ТМД елдеріндегі әріптестерімен байланыса отырып, 200-ге жуық адамды тауып бергендерін айтады.
Күлән Нұрмұхамедованың сөзінше, аудандық әскери комиссариаттарда соғыста өлді деген «қара қағаздың» түбіртегі, әскерге алынғандар тізімі бар. Бірақ ол мәліметтер туысқандарына ғана беріледі, ерікті іздеушілерге берілмейді.
- 75 жыл өтсе де неге сақтап отырғанын түсінбеймін. Қорғаныс министрлігінің архивіне де кіре алмаймын. Мысалы, соғыс кезінде төленген жалақы қай уақытта тоқтады, сол уақыттан бастап хабарсыз кеткен, я өлгендер қатарынан іздеу керек. Бұл да жанама дерек.
«ӘСКЕРИ ТАРИХ МУЗЕЙІ»
Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарасты «Әскери тарих» музейінің басшысы Нұртаза Асиловтің сөзінше, әзірге хабарсыз кеткен 250 мыңнан астам адамның тізімі бар.
- Соғысқа қатысқандардың электронды базасын жасап жатырмыз. Арасында соғыс тұтқындары да, хабарсыз кеткендер де бар, барлығы 1 млн-нан асты, - дейді ол.
Оның сөзінше, әскери тарих музейі айына хабарсыз кеткен 60-70 адамды анықтайды. Оған ТМД елдері мен Қазақстан ерікті іздеушілерінің де пайдасы тиеді. Қазақстаннан майдан орнына арнайы барып, қазба жұмысымен шұғылданатын 7 отрядтың да көмегі бар.
- Соғыс тарихына байланысты Қазақстанға қатысы бар ақпаратың бәрін музейге жинаймыз. Ресей қорғаныс министрлігінің үш сайты көп мағлұмат беріп отыр. Қазақстан қорғаныс министрлігінің орталық архиві Ресейдің орталық архивімен байланысады. Қазақстандағы әскери комиссариаттың мәліметтері де әскери тарих музейіне жинала бастады, - дейді ол.
Нұртаза Асиловтың сөзінше Қазақстаның әскери тарихында зерттелмеген мәліметтер көп.
- Соғыс кезінде Қазақстан үш әскери округтің мобилизациялық жоспарын орындады. Бірі Орта Азия әскери округі, екіншісі Оңтүстік Орал әскери округі, үшіншісі Орал әскери округі. Біздің статистикамыз тек Орта Азия әскери округі әскер қатарына шақырғандар жайлы ғана. Батыс Қазақстан азаматтары Оңтүстік Орал әскери округінен әскерге алынды. Орталығы Орынбор болды. Орта Азия әскери округінің жарты әскері Иранда 1946 жылға дейін болды. Ол да әлі біздің тарихшыларымыз зерттемеген дерекет, - дейді ол.
1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысқа ресми дерек бойынша Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам алынған. Оның 350 мыңы қаза тапқан. Азаттық тілшісі сөйлескен еріктілер 1 миллион 366 мың адам әскерге алынып, 600 мыңнан астам адам майданға қаза болды, оның 271 мыңы хабарсыз кеткен деп санайды.
ПІКІРЛЕР