Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

15:08 10.1.2021

Алматы мен Нұр-Сұлтанда Әблязов белгілеген "митинг орындарында" полиция наразыларды ұстап әкетті

Астана алаңы маңына жиналып тұрған тұрғындар. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Астана алаңы маңына жиналып тұрған тұрғындар. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "митинг орны" деп белгілеген жерлерде полиция адамдарды ұстап әкетті.

Ұстаулардың ең ірісі Алматыда болды. Мұнда түскі сағат үштер шамасында Төле би және Панфилов көшелері қиылысына ондаған адам жиналып, ақпарат құралдарына әлеуметтік жағдай, сайлау туралы шағымдарын айта беріп еді, жергілікті әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, ескерту жасады. Билік өкілдері мұндай шараның "заңсыз" екенін айтып, тарауды сұрады. Бірақ азаматтар тараудан бас тартты.

- Мен сайлауға барып едім, "тіркеуде жоқсың" деп дауыс бергізбей қойды. Осы жерде көптен бері тұрамын. Сайлау құқығым бұзылған. Соны айту үшін келдім, - деді наразылардың бірі.

Сәлден соң арнайы жасақ пен полиция оларды тықсыра бастады, тұрғындар "Тоқаев бүгін ғана бейбіт жиынға шыққандар жазаланбайды деп айтты емес пе? Не істеп тұрсыңдар?" деп айқайлады. Арнайы жасақ мұнда 30-дан астам адамды ұстап әкетті.

Парламент сайлауы өтіп жатқанда Нұр-Сұлтанда Жастар алаңының маңында да полиция кемінде 6 адамды ұстады. Жастар алаңы - Әблязов "митинг орны" ретінде белгілеген қаладағы алты орынның бірі. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілері ол жақта тұрғындардан гөрі полицияның көп жүргенініне куә болды.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев ұстаулар себебін былайша "түсіндірді":

- Экстремистік партия осы жерге жиналуға шақырған. Осы жаққа жұрт жиналып жатыр. Біреуіне "үйге қайтыңыздар" деп жатырмыз. Бірі білмей келген болар. Бірі дүкенге келген шығар. Соларға ескертіп жатырмыз, - деді.

Жексенбі күні осыған ұқсас ұстаулар Ақтөбе мен Шымкентте де болған. Әзірге республика бойынша нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Ішкі істер министрлігі түсініктеме бермеді.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Оған 5 партия қатысып жатыр, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Бұған дейін бірқатар белсенділер саяси партияларын ресми түрде тіркеуге күш салған, бірақ билік қысымына тап болғанын айтқан. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік "оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады" деп санайды.

Сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген кейбір белсенділер бұған дейін сайлауға белсенді бойкот жариялауға шақырған, кейбірі сайлау заңнамасын өзгертіп, сайлаудың өзін кейінге шегеруді талап еткен. Билік мұндай үндеулерге реакция білдірмеді.

Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол сайлау алдында "жаппай дауыс бұрмалауды әшкерелеу" мақсатында билікшіл "Нұр Отан" партиясына дауыс беруге үндеген.

14:27 10.1.2021

Нұр-Сұлтанда бірнеше белсенді үйінен ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттық тілшісі Сәния Тойкен хабарлады. Азаттық тілшісі сондай-ақ полиция қызметкерлерінің журналистік жұмысына кедергі келтіргенін айтты. Оның сөзінше, полицейлер тілшінің қолынан телефонын тартып алған.

Азаттық тілшісі белсенділерді ұстау сәтінің сырттан түсірілген видеосын да жариялады.

14:13 10.1.2021

Бас прокуратура: Сайлау комиссиялары тарабынан ешқандай заңбұзушылық көріп тұрған жоқпыз

Полицияның сайлау күні наразылыққа шыққандарды ұстау сәті. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл
Полицияның сайлау күні наразылыққа шыққандарды ұстау сәті. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл

Қазақстанның бас прокуратурасы бақылаушылар мен журналистерді сайлау учаскелеріне түрлі себеппен кіргізбей қойған аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының әрекеттерінен заңбұзушылық "көрмейді". Бұл туралы Бас прокурордың көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді.

– Әлеуметтік желілерде түрлі байқаушылар жекелеген учаскелерде сайлауды бақылауға жағдай жасалмағанын айтып жатыр. Бәріне бірдей орындық жетпейді не ПТР тестін сұрайды. Бұл тұрғыда сайлау комиссиялары тарабынан заңбұзушылық көріп тұрған жоқпыз. Бұл шаралар бас санитар дәрігердің коронавирус пандемиясына байланысты талабынан туған, – деді Сарғазин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, "қазірге дейін дауыс беру талаптарын бұзу секілді мәселелер бойынша прокуратура органдарына ешқандай арыз-шағым түспеген".

Азаттық Ақтөбе қаласында бірқатар тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскесінде "орындық жоқ" деп кіргізбей қойғанын хабарлады. Сондай-ақ, бүгін Азаттықтың сайлау учаскесіне кірмек болған екі тілшісінен ПТР тестін талап еткен. Осы екі учаскесінде біреуінде Азаттық тілшісіне тіпті қол жұмсаған. Алматыдағы № 173 сайлау учаскесіне кірмек болған журналист Аян Қалмұратты учаскелік комиссия төрағасы қолынан қайырып, итеріп шығарып жіберген.

Азаттық Бас прокурор көмекшісінен наразылық акциясына шыққан не шығуға ниет білдірген, сол үшін ұсталған белсенділер мен азаматтардың санын сұрады. Сарғазин бұл сұраққа жауап бермеді, кешкі брифингте қамтылады деді. Түрлі оппозициялық топ Қазақстанның қалаларында наразылық акциясына шақырған. Полиция наразылық өтеді деген жерлерді қоршап тастап, онда келген белсенділерді түрлі себеппен алып кетіп жатыр.

Мәселен, Алматыда Азаттық тілшілері наразылыққа шыққан отыздан астам адамның ұсталғанына куә болған. Ұсталғандардың кейбірі билік партиясы "Нұр Отанды" сынайтын сөздері бар плакат ұстап шыққан.

14:00 10.1.2021

Алматыда орталық алаңда полиция кемінде 31 адамды ұстады

"Назарбаев билігі кетсін!" Алматыда полиция сайлауға наразыларды күштеп ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауына дауыс беру жүріп жатқан кезде күндіз Алматыдағы орталық алаңда полиция кемінде 31 адамды ұстап әкетті. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, олардың кейбірі "сайлауға бойкот" деп айқайлаған. Кейбірі пікірін айтып та үлгермеген. Арнайы жасақ оларды газельге отырғызып алып кеткен. Ұсталғандар арасында плакат көтергендер де болған.

Жексенбі күні таңертең полиция "сайлауға бойкот" жариялауға үндеген тіркелмеген демократиялық партия жақтастарын қоршап алған. Бірақ олардың ешқайсысын ұстамаған еді.

Ұсталғандардың нақты қай қозғалыс немесе ұйым атынан келгені белгісіз.

Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол қалада адам көп жүретін алты орында жиналуға шақырып, "Астана" алаңын негізгі митинг орны деп белгілеген. Бірақ ол орталық алаңды "митинг орны" ретінде атамаған.

Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де осыған ұқсас ұстаулар болып жатыр. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Шымкент пен Нұр-Сұлтанда әрқайсысында онға жуық адам ұсталған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG