Алматыда наразылық акциясына шыққан белсенділерді алаңда полиция қоршады
10 қаңтарда күндізгі сағат 12-ге қарай Алматының орталығындағы Республика алаңына шыққан "Қазақстан демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топ пен жақтастарын, сонымен бірге "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының бірнеше белсендісін полицияның арнайы жасағы қоршауға алды. Белсенділер Қазақстанда осы күні оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына наразылық білдіру үшін алаңға барған. "Жалған сайлауға бойкот" деген жазу ұстап шыққан олар "Бойкот!" деп ұрандады.
Белсенділер алаңға таяп қалған кезде әлдекімдер оларды "елдің шырқын бұзуды көксейсіңдер" деп айыптады. Белсенділер оны "биліктің ұйымдастырған арандатуы" деп атады. Билікке наразы топ Республика алаңына жақын қалған сәтте, Сәтпаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысар тұсында оларды полиция қоршап алды. Кеттлинг (наразы топты қоршауға алып, біраз уақыт тыпыр еткізбей ұстап тұру) деп аталатын бұл әдісті полиция Мамайдың жақтастары мен "Oyan, Qazaqstan" белсенділеріне Тәуелсіздік мерекесі күні – 16 желтоқсанда дәл осы алаңда қолданған еді.
Сайлау күні Республика алаңында мобильдік интернет байланысы нашарлап кетті. Бұл алаңнан YouTube пен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде хабар таратуға барған Азаттықтың түсірілім тобының жұмысын қиындатты.
Қазақстан азаматтары бүгін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды сайлап жатыр. Сайлауға билікті қолдайтын бес партия түсіп жатыр. Оппозиция бұл сайлауға қатысқан жоқ. Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар Қазақстанның бірнеше өңірінде билік орындары белсенділердің үйін тінтіп, қудалауды күшейткенін хабарлаған. Қазақстанда бұған дейін өткен ешбір сайлауды халықаралық демократиялық ұйымдар әділ, ашық өтті деп бағаламаған.
10 қаңтарда Қазақстанның бірнеше өңірінде парламент және мәслихат сайлауынан хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшілері сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылауға барғанда кедергіге тап болды. Мұндай оқиғалар Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысында болды. Шымкентте полиция қызметкері сайлау учаскесінен бақылаушыны әкетіп бара жатқан сәтті түсіріп тұрған Азаттық тілшісінің смартфонын тартып алуға әрекет жасады.
Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова сайлау процесінен хабар таратып, кәсіби міндетін атқарып жүрген Азаттық тілшісін қаладағы №173 сайлау комиссиясы ғимаратынан шығарып жіберген комиссия төрағасын жазаламайтынын мәлімдеді.
– Журналистерден ПТР-тестінің талап етілмейтінін бүгін ғана ресми түрде айтқанмын, учаскелік сайлау комиссияларының барлық қызметкерлері мұны жақсы біледі. Учаске [-лік сайлау комиссиясы] төрағасының түсініктемесі бар. Оның түсіндіруінше жағдай былай болған: бұл ресурстың қызметкері (Азаттық радиосының тілшісі – ред.) сайлау учаскесіне келіп, өзін бақылаушымын деп таныстырған, бірақ журналистігін дәлелдейтін ешқандай құжат көрсетпеген. Оның үстіне, ол бақылаушымын деген соң учаскелік сайлау комиссиясы бақылаушының құжаттар пакетін сұрағаны орынды, ал әлгі кісі бұған агрессивті жауап беріп, ұялы телефонға түсіре бастаған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы [оқиғаның] видеосын салып жіберді, бұл жағдайды сайлау процесіне қатысып жатқан адамдар – көп бақылаушы көрген. Олар оқиғаның осылай болғанын қуаттайды. Сіздердің қызметкер мен учаскелік сайлау комиссиясы өкілінің арасында түсінбеушілік болған, – деді Асанова.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің шабуылына тап болған Азаттық журналисі өзіне күш қолдану сәтін видеоға түсіріп алған. Ол журналист екенін, сайлау барысынан хабар тарататын БАҚ өкілдерінен коронавирусқа тест талап етілмейтінін бірнеше рет қайталап айтқан. Соған қарамастан, тілшіні ғимараттан итеріп шығарып жіберді.
Сол себепты Асановаға "Сайлау комиссиясының төрағасы күш қолданғаны үшін жазалана ма?" деген сұрақ қойылды.
– Бұл істе біз үшін жағдайды бастан-аяқ көріп, болған жайтты растаған бақылаушылардың сөзі дәлел бола алады. Сондықтан бұл сұраққа қайтып оралмаймыз, сайлау комиссиясының төрағасы ешқандай жазаға тартылмайды, себебі ол ереже бұзған жоқ. Тиісті құжаттарының бәрін алып, қайта келсе, сіздің қызметкер сайлау учаскесіне кіргізіледі, – деді Асанова.
Қазақстанда бүгін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды сайлап жатыр. Сайлауға билікті қолдайтын бес партия түсіп жатыр. Оппозиция бұл сайлауға қатысқан жоқ. Қазақстанда бұған дейін өткен ешбір сайлауды халықаралық демократиялық ұйымдар әділ, ашық өтті деп бағаламаған.
- Авторы: Жаңагүл ЖҮРСІН
Ақтөбе қаласы №557 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушыны "орындық жоқ" деп сыртқа шығарып жіберді
Ақтөбе қаласының №557 сайлау учаскесінде "Мұқалмас" бірлестігінің атынан барған тәуелсіз бақылаушы Тәрбие Алмышеваны отыратын "орындық жоқ" деп шығарып жіберді.
Алмышева сайлау учаскесі дауыс беру басталғаннан жарты сағат бұрын келгенін, бақылаушыларға деген бес орындықтың сол уақыттың өзінде бос болмағанын айтады.
– Менің куәлігімді ұзақ тексерді. Орындық босағанша далада күтуімді сұрады. Мен отыруға міндетті емес екенімді, тұрып-ақ бақылай алатынымды айттым. Санитарлық талап бойынша, тұруға болмайды деді. Бірақ [бақылаушылар отырған] орындықтардың арасын жарты метр ғана, ал мені әлдеқайда алыс тұрдым. "Тұруға болмаса отырайын" дедім. Отыруға да болмайды деді. Одан кейін учаскелік полицияны шақырып, сағат 9:00-ге таман учаскеден шығарып жіберді, – Алмышева.
"Мұқалмас" бірлестігінің бақылаушысы №557 учаскенің қаладағы Шығармашылық академиясында орналасқанын, залдың кең екенін, бос орын мен орындықтың көп екенін айтады.
Алмышева Ақтөбе қаласында сайлауға учаскесіне кіре алмай қалған жалғыз бақылаушы емес.
Ақтөбе қаласындағы №110 сайлау учаскесіне дауыс беру барысын бақылауға барған "Ақ жол" партиясының бақылаушысы Ғалима Сләмбаева учаскелік сайлау комиссиясы "орын саны шектеулі" деп, өзін тіркемей жатқанын айтты. "Ақ жол" партиясының тағы бір бақылаушысы Жазира Ілиясова осыған ұқсас себеппен №27 сайлау учаскесіне кіре алмай тұрғанын хабарлады.
Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы №58 сайлау учаскесіне дауыс беруге барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тәуелсіз бақылаушылардың сайлау учаскелеріне кіргізбеу жөнінде сұрақ қойды. Тоқаев "ондай ақпарат түскен жоқ" деп жауап берді.
Алматы аумақтық сайлауком Азаттық тілшісіне күш қолданғандарды жазаламайтынын айтты
Алматы аумақтық сайлауком Азаттық тілшісіне күш қолданған Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова сайлау процесінен хабар таратып, кәсіби міндетін атқарып жүрген Азаттық тілшісін № 173 сайлау комиссиясы ғимаратынан шығарып жіберген комиссия төрағасын жазаламайтынын мәлімдеді.
— Журналистерден ПТР-тестінің талап етілмейтінін бүгін ғана ресми түрде айтқанмын, учаскелік сайлау комиссияларының барлық қызметкерлері мұны жақсы біледі. Учаске [-лік сайлау комиссиясы] төрағасының түсініктемесі бар. Оның түсіндіруінше жағдай былай болған: бұл ресурстың қызметкері (Азаттық радиосының тілшісі – Ред.) сайлау учаскесіне келіп, өзін бақылаушымын деп таныстырған, бірақ журналистігін дәлелдейтін ешқандай құжат көрсетпеген. Оның үстіне, ол бақылаушымын деген соң учаскелік сайлау комиссиясы бақылаушының құжаттар пакетін сұрағаны орынды, ал әлгі кісі бұған агрессивті жауап беріп, ұялы телефонға түсіре бастаған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы [оқиғаның] видеосын салып жіберді, бұл жағдайды сайлау процесіне қатысып жатқан адамдар – көп бақылаушы көрген. Олар оқиғаның осылай болғанын қуаттайды. Сіздердің қызметкер мен учаскелік сайлау комиссиясы өкілінің арасында түсінбеушілік болған, — деді Асанова.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің шабуылына тап болған Азаттық журналисі өзіне күш қолдану сәтін видеоға түсіріп алған. Ол журналист екенін, сайлау барысынан хабар тарататын БАҚ өкілдерінен коронавирусқа тест талап етілмейтінін бірнеше рет қайталап айтқан. Соған қарамастан, тілшіні ғимараттан итеріп шығарып жіберген.
— Бұл істе біз үшін жағдайды бастан-аяқ көріп, болған жайтты растаған бақылаушылардың сөзі дәлел бола алады. Сондықтан бұл сұраққа қайтып оралмаймыз, сайлау комиссиясының төрағасы ешқандай жазаға тартылмайды, себебі ол ереже бұзған жоқ. Тиісті құжаттарының бәрін алып, қайта келсе, сіздің қызметкер сайлау учаскесіне кіргізіледі, — деді Асанова.
ПІКІРЛЕР