Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

15:14 10.1.2021

Қарағандыда облыс әкімдігі алдындағы алаң қоршауға алынды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Алаң бүгінгі сайлауға қарсы митингілердің өтер орны ретінде белгіленген.

15:24 10.1.2021

ОСК: Сағат 16:00-ге сайлаушылардың 52,5 пайызы дауыс берді

Қазақстан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сағат 16:00-ге дейін сайлаушылардың 52,5 дауыс беріп үлгерген.

Аймақтар бойынша көрсеткіш мынадай:

  • Ақмола облысы бойынша – 56,9 %
  • Ақтөбе облысы бойынша – 45,6 %
  • Алматы облысы бойынша – 58,0 %
  • Атырау облысы бойынша – 45,6 %
  • Батыс Қазақстан облысы бойынша – 53,5 %
  • Жамбыл облысы бойынша – 63,4 %
  • Қарағанды облысы бойынша – 58,8 %
  • Қостанай облысы бойынша – 62,4 %
  • Қызылорда облысы бойынша – 60,9 %
  • Маңғыстау облысы бойынша – 43,3 %
  • Павлодар облысы бойынша – 57,8 %
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 62,4 %
  • Түркістан облысы бойынша – 53,6 %
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 62,0 %
  • Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 41,1 %
  • Алматы қаласы бойынша – 25,3 %
  • Шымкент қаласы бойынша – 49,2 %
15:36 10.1.2021

Оралда заңбұзушылықты тіркеген тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскесінен қуып шыққан

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында тәуелсіз бақылаушы Орынбай Оқасов парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беру кезінде өзі куә болған заң бұзу оқиғасын тіркеп алғаннан кейін өзін сайлау учаскесінен қуып жібергенін хабарлады. Оралдағы гуманитарлық колледжде орналасқан №448 сайлау учаскесінің төрағасы Оқасовты "карантин ережелерін бұзғандықтан" аластатылғанын айтты.

- Бюллетень салатын жәшіктің бір жағы пломбамен бекітілмеген екен, соны көрген соң камераға түсіріп тұрғанымда "санитарлық норманы бұздыңыз" деп мені шығарып жіберді, - дейді Орынбай Оқасов.

Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.
Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Зухра Ғабдуллина тәуелсіз бақылаушының залдан шығарылғанын растады. Ол бақылаушы "телефонға түсіріп, қатты сөйлеп", "сайлаудың өтуіне кедергі жасады" дейді.

- Ол (Оқасов) санитарлық норманы бұзды – маскасы мұрыннан төмен түсіп кеткен, залда жүріп, видео түсірді. Әрине, видео түсіруге тыйым салынбаған, бірақ арнайы бөлінген орыннан ғана түсіре алады. Ол залда жүріп, қатты сөйледі, - деді Ғабдуллина Азаттық тілшісіне.

Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында бірнеше тәуелсіз бақылаушы сайлау учаскелеріне тіркелу кезінде кедергіге тап болғанын хабарлаған. Орынбай Оқасов пен Болат Бейсенғалиев тәуелсіз бақылаушылар ұйымы жарғысының көшірмесі болса да, сайлау учаскесіне кіре алмаған. Олар көк түсті мөр басылған құжатты көрсеткеннен кейін ғана кірген.

Бұған қоса, аймақта бірнеше тәуелсіз бақылаушы әлеуметтік желідегі аккаунтары бұзылғанын хабарлады. Facebook, Telegram, Instagram желілеріндегі аккаунттарының бұзылғанын кемінде бес бақылаушы мәлімдеді.

Қазақстанда 10 қаңтар күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат жетіден бастап парламент және жергілікті мәслихат сайлауына дауыс беру басталған. Содан бері елдің әр аймағынан сайлау барысын бақылаушылардың түрлі кедергіге тап болғаны туралы ақпарат толассыз тарап жатыр.

Бақылаушылардан өзге бұл күні сайлау учаскелеріне барған БАҚ өкілдерінің де жұмысына кедергі жасалды. Сайлау күні Азаттықтың бірнеше тілшісі осындай кедергіге жолықты.

Оппозиция қатыспаған сайлауға билікті қолдайтын бес партия түсіп жатыр. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар "баламасыз, бұрынғыдан еш өзгешелігі жоқ көзбояушылық" деп сынаған. Сайлауды бақылауға бірқатар халықаралық ұйымдар (арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да бар) мен ондаған шет мемлекеттің өкілдері қатысып отыр.

Қазақстанда бұған дейін өткен ешбір сайлауды халықаралық демократиялық ұйымдар әділ, ашық өтті деп бағаламаған.

15:42 10.1.2021

Наразыларға басу айтуға Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов та келді

Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов Алматы қаласында наразылыққа шыққан белсенділерге басу айтты. Белсенділер Ыбырайымовты айтқанына көнбеді, спортшының өзін сынға алды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG