Accessibility links

"Дөкейлердің мазасын алмасын деп". Министр жүрген қабатқа көтерілген журналисті үкімет жазалады


Press.kz интернет басылымының Астанадағы тілшісі Жәния Ұранқаева
Press.kz интернет басылымының Астанадағы тілшісі Жәния Ұранқаева

Press.kz интернет басылымының Астанадағы тілшісі Жәния Ұранқаева жыл біткенше үкімет үйіне кіру құқынан айырылды. Себеп – тілші министрлер кабинетінің отырысы өтетін екінші қабатқа көтерілген. Жақында күшіне енген жаңа ереже бойынша, журналистерге ол қабатқа баруға тыйым салынған-ды. Жәния Ұранқаева Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген, ал медиа қауымдастықты алаңдатып қойған БАҚ аккредитациясы туралы жаңа ереже құқын шектеген алғашқы журналист деуге болады.

"Бұл цензураның нақ өзі", – деген баға берді журналист Жәния Ұранқаева. Ол жұмыс істеп жүрген Press.kz интернет басылымының редакциясына 6 қыркүйекте үкімет аппаратынан хат түскен. Онда тілші Ұранқаеваның үкімет үйіне кіруіне "шектеу" қойылған жазылған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов басылым басшылығына мұндай шара қолдануға Ұранқаеваның "нысан ішіндегі режимді және кіру тәртібін" бұзғаны, "бірнеше рет жасалған ескертпелерді елемегені" себеп болды деп түсіндірген. Журналист енді 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін үкімет үйіне кіре алмайды.

ШЕНЕУНІККЕ СҰРАҚ ҚОЯМЫН ДЕП БАСЫ БӘЛЕГЕ ҚАЛДЫ

Жәния Ұранқаева өзіне қойылған шектеуді бір апта бұрын болған оқиғамен байланыстырады. 27 тамызда үкімет үйіне келген журналистер бұдан былай оларға үшінші қабатқа көтерілуге болмайды деген жаңалықты естіп, айран-асыр болған. Әдетте әлгі қабатта министрлер кабинетінің отырыстары өтетін, оған қатысып шыққан шенеуніктерге дәлізде күтіп тұрған журналистер сұрақ қойып, кейді тіпті өздерінен құтылғанша асық болған кейбір шенеунікті өкшелей қуғандай ілесе жүріп, өзіне қажет ақпарат алуға тырысатын.

Биыл күзде жаңа саяси маусым басталысымен үкіметтегі баспасөз орталығын үшінші қабаттан бір қабат төменге көшірген. Үкіметтің баспасөз қызметі мұны журналистер игілігі үшін жасалған қадам деп мәлімдеді: жаңа баспасөз орталығы бұрынғымен салыстырғанда кең әрі онда жайлы отырып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Журналистер болса жаңа өзгерісті өздерінің кәсіби жұмысына кедергі деп бағалады.

– Бұл журналистерді спикерлерге жолатпау және тиісінше, ақпаратқа қол жеткізу құқынан айыру үшін жасалды. Ақпаратқа қол жеткізу құқынан айыруды тікелей заң бұзу, Конституцияны бұзу деп есептеймін, – деген еді сол кезде Ұранқаева Азаттыққа.

Үкімет БАҚ-ты неге төменге түсірді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:29 0:00

Сол күні ол министрлерге сұрақ қойып, өзіне қажет ақпарат алу мақсатымен үшінші қабатқа көтерілген. Жәния премьер-министрдің орынбасарлары Серік Жұманғаринмен және Тамара Дүйсеновамен жүздесіп, оларға сұрақ қойып үлгергенін айтты.

– Егер бұрын вице-премьерлер дәліз арқылы өтуден қашқақтаса, журналистерді төменгі қабатқа көшіргені сол екен, олар дәлізде аспай-саспай жүретін болыпты. Бұған қоса, ол жерден тексергіш металл құрылғыны алып тастапты, – деді Ұранқаева өзі көрген жайтты еске алып. – Бізді екінші қабатқа үкімет мүшелеріне сұрақ қоймасын, дөкейлердің мазасын алмасын деген жалғыз себеппен көшірген.

Арада сегіз күн өткенде журналист өзіне келесі жылға дейін үкімет үйіне кіруге тыйым салынғанын естіпті. Үкіметтегілер Ұранқаева ішкі ережелердің 68, 70 және 94-тармақтарын бұзды деп мәлімдеген. Ол тармақтар не жөнінде екені белгісіз. Өйткені, ішкі ережелер – қызмет бабында пайдаланатын құжат болғандықтан оны ашық дерек көздерінен таппайсың.

– Үкімет үйіне кіруді шектеу қарастырылған нормалар қайда? Жаңа ережелер бойынша, журналисті аккредитациясынан ғана айыруға болады. Ол екі және одан да көп рет бұзған жағдайда қолданылады. Маған әлдебір ережені бұздың деген ешқандай жазбаша ескерту жіберілген жоқ. Мені оқып, зерттеуге мүмкіндік берілмейтін ереже бойынша үкімет үйіне кіру құқымнан айырды, – деді журналист. Ол үкіметтің баспасөз қызметі жетекшісінің іс-әрекетін "қызмет өкілетін асыру" деп есептейтіндіктен үстінен шағым түсіретінін айтты.

Азаттық Жәния Ұранқаеваның нақты кінәсі қандай деп сұрап, үкімет аппаратына сауалхат жолдаған. Осы мақала жарияланған уақытқа дейін редакцияға жауап келмеді.

ЖАҢА ЕРЕЖЕ БОЙЫНША ЖАЗАЛАУ

Жәния Ұранқаеваны Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген БАҚ аккредитациясы туралы жаңа ереженің "құрбанына" айналған алғашқы журналист деуге болатындай.

Бұл ереже тағы да нақ сол министрлік әзірлеп, парламент қабылдаған "Масс-медиа туралы" жаңа заң күшіне енгеннен кейін іле-шала жазылған. Даулы жобаны талқылау кезінде баспасөз құқын қорғаушылар бұл заң БАҚ-қа мемлекеттік бақылауды айтарлықтай қатайта түседі деп алаңдаған.

Ал жаңа ереже медиа қауымдастықты одан сайын дүрліктіріп қойды. Ол ережеде журналисті "регламентті сақтауға", одан ауытқымауға міндеттеген, мысалы, журналистің шенеунікке брифинг тақырыбына қатысы жоқ сұрақ қоюына тыйым салынады. Бұған қоса жаңа ережеде журналист материалдарды өзі аккредитация алған БАҚ-та ғана жариялай алады деп жазылған.

Жаңа ережеде мемлекеттік органдар өз ғимараты ішінде журналистердің жүріп-тұру тәртібін өздері белгілейді деп көрсетілген. Құжатта мемлекеттік мекеме акредиттеген журналист "маңызы ерекше мемлекеттік нысандар мен стратегиялық нысандардағы ішкі режимді және кіру тәртібін" сақтауға тиіс деп айтылған.

"Құқықтық медиа орталық" ұйымындағы Media Qoldau қызметінің жетекшісі, медиазаңгер Гүлмира Біржанова Ұранқаеваның үкімет үйіне кіруін шектеу – журналистің заңды кәсіби қызметін атқаруына кедергі жасау және цензураға тыйым салған Конституцияны бұзу деп есептейді.

– Қазір Жәнияны желтоқсанның аяғына дейін үкімет үйіне кіргізбеуі – шын мәнінде, оның аккредитациясын тоқтату деген сөз, – деді медиазаңгер.

Цензура емес пе? Қазақстан шетелдік БАҚ-қа арналған ережені өзгертпек
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:57 0:00

2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мінберінен "халыққа жолдауын" жариялап жатқан кезде үкімет үйінде журналистер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға бұл жаңа ереженің мәнісі не деп сұрақ қойды.

– Бұдан драма жасаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Барлығы қалай жұмыс істеуі керек болса, солай істейтін болады, – деп мәлімдеді министр.

– Бұған дейін де бірнеше рет айтқам: ережелер іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін қарап көрейік.

– Яғни, журналисті аккредитациядан айыру туралы бірінші оқиғаға дейін дегіңіз келе ме? – деп сұрақ қойды журналистер.

– Енді, мүмкін... – деп жауап қатты Балаева.

6 қыркүйекте, үкімет өзі отырған ғимаратқа Жәния Ұранқаеваның кіруін "шектеп" жатқан шақта, медиазаңгер Гүлмира Біржанова бұл жөнінде Facebook-парақшасында хабарлап, Аида Балаеваны белгілеп қойды. Министрді Ұранқаева туралы жазған өзге журналистер де белгіледі. Ақпарат саласына жауапты министрліктің басшысы сол күні Facebook-аккаунтында пост жариялаумен шектелді. Онысы – аптаның аяғында Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталатыны жайлы видео еді.

XS
SM
MD
LG