Accessibility links

Олимпиада қарсаңында әзірше 79 жолдама тиді


Кью Гарденз бағы олимпиаданың ашылуына 100 күн қалғанына арнап гүлзар жасады. Лондон, 18 сәуір 2012 жыл. Көрнекі сурет
Кью Гарденз бағы олимпиаданың ашылуына 100 күн қалғанына арнап гүлзар жасады. Лондон, 18 сәуір 2012 жыл. Көрнекі сурет

Бүгінге дейін Қазақстанның 79 спортшысы олимпиадаға қатысу лицензиясына қол жеткізді. Спорт және дене шынықтыру агенттігі олимпиадашылар үш алтын медаль алады деп болжайды.


АУЫР АТЛЕТИКА

Түркиядан Қазақстанға арнайы келген ауыр атлеттердің бас кеңесшісі Энвер Түркелери «Біздің ауыр атлеттер Лондонда үш алтын алады» деп санайды. Маманның ойынша, Илья Ильин (әлемнің үш дүркін чемпионы), Светлана Подобедова (әлемнің екі дүркін чемпионы, Азиада үздігі) және Зүлфия Чиншанло (әлемнің екі мәрте үздігі) тағы да топ жаратындай бабында тұр. Мая Манеза да Лондонда алтын тұғырға шығып қалуы ғажап емес.
Олимпиада чемпионы Илья Ильин жаттығу кезінде. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл
Олимпиада чемпионы Илья Ильин жаттығу кезінде. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл

Демек Қазақстан құрамасында қазір Лондонда алтыннан үміткер төрт ауыр атлет бар. Олимпиадада қазақстандық жалпы саны сегіз зілтемірші өнер көрсетуі мүмкін.

Жоғарыдағы төрт атлеттің құрамадағы орны дайын. Ал қалған төрт лицензияның иелері маусымда анықталады.


БОКС

Боксшылардың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың болжауынша, бұл саладағы спортшыларымыз олимпиададан бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алуы мүмкін. Қазір тоғыз боксшы жарысқа дайындалып жатыр. Мамандар мен сарапшылар екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевке, Әділбек Ниязымбетов пен Данияр Елеусіновке үміт артады. Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов пен Ғани Жайлауовтар да жүлдеге ілінуі мүмкін.

КҮРЕС

Балуандарға келер болсақ, Қазақстан құрамасына 1996 жылдан бері боз кілемнен бір алтын бұйырмай келеді. Атлантада Юрий Мельниченко жеңіп алған алтыннан кейін, әлі ешкім жеңіс тұғырына шыққан жоқ. Биыл қазақ жанкүйерлері грек-рим күресінің шеберлері, әлем чемпионатында жүлде алған Алмат Кебіспаев пен Нұрмахан Тыналиевтің жолына үмітпен қарайды.
Мәскеуде өткен еркін күрестен әлем кубогынан көрініс. 19 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет
Мәскеуде өткен еркін күрестен әлем кубогынан көрініс. 19 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет

Мамандардың айтуынша, Дархан Баяхметовтың да аяқ алысы жаман емес. Әйелдер күресі бойынша Елена Шылагина мен Гюзель Манюрованың да жүлде алуға шамасы бар.

Еркін күрестен Қазақстанның жетекші спортшылары – Дәруен Жұмағазиев пен Дәулет Ниязбеков. Алтын болмаса да, алғашқы үштікке енуге қос балуанның шамасы жетерлік. Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов олимпиададан бір алтын, бір күміс, екі қола алуды жоспарлап отыр.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА

Жеңіл атлетикадан жабық алаңдағы әлем чемпионы, Азия ойындарының үздігі Ольга Рыпакова да алтын медальдан басты үміткерлердің бірі. Үш қарғып секірудің шебері қазір әлемдегі көшбасшылардың бірі. Жарақаттан аман болса, Ольга кем дегенде күміс жүлде алуы мүмкін. мүмкін. Қазір Ольга халықаралық жеңіл атлетика федерциясы түзген әлемдік рейтингте бірінші сатыда тұр.

БАСҚА СПОРТ ТҮРЛЕРІ

Дзюдодан әлем чемпионы Максим Раковтың да алтын алуға қауқары жетерлік. Соңғы қатысқан екі жарысында қарсылас шақ келтірмеген Максим қазір әлемдік рейтингтің көш басында.

Олимпиадаға қатысып, тәжірибе жинап қайтуды мәртебе көретін спортшылар да бар. Бірақ олардың да күтпеген жерден озып шығуы мүмкін. Мәселен синхронды жүзуден Анна Кулькина мен Әйгерім Жексенбиева, көркем гимнастикадан Анна Альябева – осы қатарда. Ал су добынан олимпиадаға қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңнен шықса, соның өзі жеңіске баланар еді. Нысананы көздеп ату, қазіргі бессайыс пен ескек есу жарыстарынан да Қазақстанға жүлде бұйыруы неғайбіл.
Асхат Житкеевтің дзюдодан күміс жүлде алған сәті. Бейжің, 14 тамыз 2008 жыл
Асхат Житкеевтің дзюдодан күміс жүлде алған сәті. Бейжің, 14 тамыз 2008 жыл

Дәл бүгін Лондон олимпиадасы басталса, жағдай қалай болмақ? Кім чемпион атанып, қай спортшы жүлдеге жетеді? Америкалық USA Today басылымы сәуір айында әр елдің спорттық әлеуетіне терең үңіліп, әр спортшысына жеке тоқталыпты. Басылым Қазақстан олимпиадалық құрамасы Лондонда 6 алтын, 2 күміс, 4 қола алып, жалпы есепте 25 орынға тұрақтайды деп болжайды.

USA Today-мен салыстырғанда Қазақстанның спорт және дене шынықтыру агенттігі «арық сөйлеп, семіз шық» стратегиясын ұстануға бекінген сияқты. Агенттік төрағасы Талғат Ермегияов сәуірдің 17-сінде Астанада өткен үкіметтің селекторлық отырысында қазақстандық олимпиадашылар үш алтын медаль алуы мүмкін деп мәлімдеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ


Елдер Атланта 1996 Сидней 2000 Афина 2004 Бейжің 2008 Лондон 2012
Қазақстан 96 130 124 132 79 (әзірше)
Қырғызстан 33 48 29 21 4 (әзірше)
Тәжікстан 8 4 9 13 7 (әзірше)
Түркіменстан 7 8 9 10 5 (әзірше)
Өзбекстан 71 70 70 56 38 (әзірше)

Редакциядан: Құрметті оқырмандар, жақын арада Азаттық веб-сайты Лондон олимпиадасына арналған парақшасын ашып, осы тақырып бойынша жаңалықтарды жеткізіп тұрмақшы.
XS
SM
MD
LG