«Арқанкергендегі» шекарашылардың өлімі ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевқа қарата айтылатын болжамдарды қайта көбейтті. Өз басы жемқорлыққа қатысты дау-дамайға іліксе де, «жемқорлықтың тамырына балта шабам» деп мәлімдейтін 65 жастағы «сұр кардиналдың» қызмет жолы мен хоббилерін бір шолып шықтық.
«Арқанкерген» постында болған төтенше оқиғадан кейін ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев моральдық тұрғыдан алғанда қызметінен кетуі тиіс» деген ойлар айтыла бастады. Мұндай пікірді таяуда janaozen.net сайтына берген сұхбатында саясаткер Төлеген Жүкеев те қолдады.
«Ақтөбеде, Таразда, Жаңаөзенде болған жағдайға қауіпсіздікке жауап беретін тұлғалар емес, полиция қызметкерлері жауап берді. Ал ұлттық қауіпсіздік қызметі барлығын тек сырттан бақылап жүрді. Бұл – Нұртай Әбіқаевтың жауапкершіліктен жалтаруы» деді ол.
Ал «Ақорда айналасындағы саяси теке-тірестерді жақсы білемін» деп санайтын саясаткердің бірі «Арқанкерген оқиғасы» Әбіқаевты біржола ығыстыруды көздеп отырған президент жанындағы айрықша ықпалды топтың әрекеті» деп санайды. Оның сөзіне қарағанда ҰҚК құзырына жататын істермен кейінгі кездері ішкі істер министрлігінің шұғылдана бастауы да Нұртай Әбіқаевты шеттетудің бір амалы.
Өткен аптада ҚазТАГ агенттігі ҰҚК Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың «Арқанкергендегі оқиға - ведомствоаралық кикілжіңнің нәтижесі» деген пікірін таратты. Төтенше оқиғаның Қазақстан құқық қорғау органдары арасындағы байырғы бақталастыққа қаншалықты тікелей қатысы бар екендігі әрі қарай тарқатылып айтылған жоқ.
«ГОЛЬФШЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ»
Қазақстан тәуелсіздігімен ілесе келген спорттың жаңа түрі – гольф ойынына деген көзқарас әртүрлі. Кейбіреулер оны тек бай-бағыландардың ермегі десе, басқалары келешекте бұқаралық спорттың біріне айналатын спорт деп санайды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «гольф -тәуелсіздік жетістіктерінің бірі, Қазақстан экономикасы дамуының белгісі, әрі азаматтардың бақуатты тұрмысының тағы бір куәсі».
Ал Қазақстанның ұлттық гольф ассосациясының президенті Нұртай Әбіқаевтың ойынша «Гольф - тек спорттың бір түрі ғана емес, сонымен қатар өмір философиясы». Гольфтан Қазақстан президенті кубогінің иегері Әбіқаев бұл сөзді 2011 жылы Алматыда өткен халықаралық «Kazakhstan Open»-2011» турнирінде айтқан болатын.
«Өмір философиясымен» 1992 жылдан бері шұғылданып келе жатқан Нұртай Әбіқаев, ресми дерек көздерінің таныстыруынша, тәуелсіздіктің 20 жылында қоғам және мемлекет қайраткеріне айналып, төтенше және өкілетті елші, генерал-майор, экономика ғылымының докторы, академик дәрежесіне дейін жетті. Ал оппозициялық саясаткерлердің пікіріне қарағанда «Әбіқаевты бұл деңгейге жеткізген - Назарбаевтың философиясы».
«ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС»
Нұртай Әбіқаевты «қоғам және мемлекет қайраткері» қатарына жатқызатын ресми дерек көздері оның Қазақстан тәуелсіздік алғалы жоғары лауазымды қызметтерді үздіксіз атқарып келгенін алға тартады.
Соның жеті жылы (1991-1995; 2002-2004) ол республикадағы ықпалды басқару құрылымына айналған президент әкімшілігінің жетекшісі болды. 1998-1999 жылдары ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына тағайындалған Әбіқаев араға бірнеше жыл салып, 2010 жылы сол қызметке қайта келді.
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы қызметінде жүріп конституция бойынша Нұртай Әбіқаев бірер жыл республикадағы ресми түрде екінші адам болып та көрді. Екі рет елші, екі рет сыртқы істер министрінің орынбасарлығына бекітілді. Ресми басылымдардың жазуынша, Әбіқаев осы қызметтің қай-қайсысында жүргенде де «ел үшін қажырлы еңбек еткен».
20 жылдан аса көпшілік алдында жүрсе де, жария саясаткер ретінде танылмаған Әбіқаев ресми баспасөздегі сирек сұхбаттары мен мақалаларында өзін «құқықтық, демократиялық мемлекет орнатуға ұмтылатын күрескер мемлекетшіл тұлға» ретінде танытуға тырысты.
Әбіқаев «демократияның гүлденуіне кедергі келтіретін жемқорлықпен білек сыбанып күресетінін» ҰҚК төрағалығына алғаш тағайындалған кезде-ақ бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бірақ ҰҚК төрағасының сөзі мен ісі бір жерден шыға бермегенін Әбіқаев бастан өткерген кейбір жайттар көрсеткендей болды.
Мәселен, 1999 жылдың көктемінде қатарынан жарық көрген «Безкомпромиссность, решительность, законность» және «В СИЗО появляется крупные рыбы» деген мақаласы мен сұхбатында күрес жолынан таймас кейпін танытқан еді.
Бірақ арада екі ай өтісімен ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұл мәлімдемелеріне селкеу түсіретіндей оқиғалар болып, Әбіқаев «әскери техниканы сату тәртібін бұзғаны үшін» қызметінен түсіп қалды.
Оппозиция бұл істе ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық фактілері бар деп санағанымен, қатысы бар лауазымдылардың үстінен іс қозғалмады. Бейресми деректер Нұртай Әбіқаевтың орнына Әлнұр Мұсаевтың тағайындалуы Рахат Әлиевтің алғашқы саяси ойындары басталғанын көрсетті деген жорамалдар жасады.
Әйтсе де Әбіқаевтың жемқорлық пен заңсыз қару-жарақ саудасына қатысты көзқарасы арада бірнеше жыл өтсе де өзгерген жоқ. Мәселен, «заңсыз қару-жарақ саудасының алдын алу» мәселесін былтыр, 2011 жылы да көтеріп, «елдегі жемқорлықтың тамырына балта шабатынын» тағы да бірнеше рет мәлімдеді.
Бірақ кейбір оппозиция өкілдерінің айтуынша, Әбіқаев жемқорлықпен күресуден гөрі, Ақорданың айналасындағы саяси топтардың тасадағы күресінде белсендірек қимылдаған.
«СПИКЕРДІҢ АШЫҚ ХАТЫ»
Саясаттанушылар 2006 жылғы ақпанның 11-і Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық президенттің байырғы серігіне ауыр тиді деп есептейді. Сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс беруші» ретінде танылғаннан кейін оның тікелей бастығы болып отырған спикер Нұртай Әбіқаев аяқ астынан ауруханаға түсіп, «жүрекжарды» ашық хат жазған.
Бұл ашық хатта «Ержан Өтембаевтың қылмысқа қатысы бар екенін естігенде таңғалғанын» және «өзінің тергеу ісіне ықпал жасайтындай өкілеттігі жоғын» айтқан еді. Әбіқаевтың мәлімдемесі жұртшылықты иландыра алмады. Кезінде оның саяси оппоненттерінің бірі саналған Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабында «тапсырыс берушінің бұйрығын орындаушылардың» арасында Әбіқаевтың аты аталуы да күдікті қоюлата түсті.
Бірақ «сенімді серігіне» Назарбаевтың өзі тікелей араша түсіп, көп ұзамай Ресейге елшілікке аттандырды. Осыған орай «Сұр кардинал» Әбіқаев туралы әфсана аяқталды» деген сарындағы болжамдар пайда болған. Алайда 2008 жылы сыртқы істер министрінің орынбасарлығына қайта оралып, 2010 жылы ҰҚК тізгінін қайта ұстағанда жергілікті БАҚ «Сұр кардинал қайтадан атқа қонды» деп жазып жатты.
«Әбіқаев - президент Назарбаевтың сенімді серігі» деген тұжырым осы тағайындаудан кейін біржола орныққандай болды. «Сұр кардинал» саяси кеңістіктегі өз орнына «ресми түрде» қайта жайғасты.
«ҚҰПИЯ ДИССЕРТАЦИЯЛЫ АКАДЕМИК»
Қазақстандағы ірі шенеуніктердің бірі бола жүріп, Ресей президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған Әбіқаев ғылыммен де айналысқанға ұқсайды.
Қазіргі уақытта ол Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті. Аталған академия 2011 жылы қаңтар айында Нұртай Әбіқаевтың төрағалық еткен жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасын қолдап шыққан еді.
Әдебиеттер тізімінде көрсетілген екі монографияның бірі 2000 жылы жарияланғаны белгілі болды. Яғни диссертант әлі жарияланбаған еңбекке сілтеме жасағанға ұқсайды.
1999 жылы, яғни ҰҚҚ төрағасы қызметінен кетер тұста қорғаған докторлық диссертациясын интернет арқылы ресейлік ғылыми қордан тапқанымызда әдебиеттер тізімінде көрсетілген екі монографияның бірі 2000 жылы жарияланғаны белгілі болды. Яғни диссертант әлі жарияланбаған еңбекке сілтеме жасағанға ұқсайды. Осылайша академик Әбіқаевтың экономика саласындағы ғылыми зерттеулері Қазақстанда «қолға түспейтін» еңбектердің бірі болып шықты.
«ӘБІҚАЕВТЫҢ АТЫ - ӘБІҚАЕВ»
Азаттық радиосының тілшісімен әңгімелескен сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі (аты-жөнін өз өтініші бойынша жария етпедік – ред.) Нұртай Әбіқаевты 1995 жылдан бері танитынын, министрлікте бірге қызмет істегенін айтады. Оның айтуынша, Әбіқаевтың әскери техника сатуға да, Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне де қатысы жоқ.
Шенеунік «Әбіқаевтың саяси салмағы, ықпалы азайып бара жатыр» дегенге де күдікпен қарайды. Бірақ Қазақстанда кейінгі саяси оқиғаларда Нұртай Әбіқаевтан гөрі «президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің ықпалы көбірек болып отырғанын» да жоққа шығармайды.
- Әбіқаев өзінің не істеп отырғанын біледі. Кейбіреулерге тиісті жауап қайтармаса, «әлсіреді» деуі мүмкін. Оны әлсіреткісі келетін күштер бар, бірақ олардың өздері алысқа ұзай алмайды. Әбіқаевтың аты - Әбіқаев, - деді экс-шенеунік.
Сұхбаттасымыз «Нұртай Әбіқаев секілді жалған мақтауларға сене бермейтін, адамгершілігі мол адам президенттің айналасында өте аз» деп сенеді. «Бір баласы – елші, екіншісі – бизнесмен, шетелде тұратын қызы – 19 ғасырдағы орыс живописі бойынша кәсіби маман. Көптеген шенеуніктердің балаларының жайы белгілі ғой, ал Әбіқаевтың балаларының жаманаты естілген емес, - деп санайды ол.
Айта кетерлік бір жайт, Нұртай Әбіқаевтың ұлы Сергей Нұртаев Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы бас консулы қызметін атқарып жүрген кезінде «жұмыс орнында жиі болмауына» қатысты сынға ілініп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамаларының бірінде аталған еді. Көп ұзамай 2009 жылы 35 жасқа толған кезінде Нұртаев Қазақстанның Грекиядағы елшісі болып тағайындалды.
«КІНӘМ ЖОҚТЫҒЫН БІЛІП ЖҮРСІН»
Оппозициядағы саясаткер Серікболсын Әбділдин: «Адамшылығы жағынан оны (Әбіқаевты – ред.) сыйлаймын. Бірақ ол өзінің адамшылығымен адам болып жүрген жоқ. Назарбаевтың тапсырмасын орындағаннан кейін оның адамшылығы да, саясаткерлігі де жуылып кетеді» деген пікір айтты.
Серікболсын Әбділдин «Әбіқаев Назарбаевқа жай ғана көмекші емес, туыстық жағынан да жақын адам, қалай болғанда да оны сатпайтын адамдардың бірі» деп санайды.
- Ұшақ сатуға тікелей қатысы болды. Ал Сәрсенбайұлының қазасына қаншалықты қатысы бар екенін айта алмаймын. Осы қазадан кейін біраз шу болғанда Әбіқаев «менің кінәм жоқ екенін біліп жүрсін, оппозицияға да құлағдар етсін» деген өтінішпен маған Асқар деген көмекшісін жіберген еді. Рахат Әлиевтің жазғандарын да оқып жүрмін. Оны да біржақты теріске шығаруға болмайды, - деді Әбділдин.
«Қазір уақытта тек Нұртай Әбіқаев қана тепе-теңдікті сақтап отыр» деген тұжырымға қатысты Әбділдин «дәл қазір басқа біреумен ауыстырса да оны ешкім жоқтамайды» деп ойлайды.
«Экономика ғылымының докторы», «профессор» атағы бар Серікболсын Әбділдин Нұртай Әбіқаевтың ешқандай ғылыми жұмыстарын көрмегенін, алайда Назарбаевтың да, Әбіқаевтың да докторлық диссертацияларын қалай қорғағанын және кеңесшілерінің де бір екенін білетінін айтты.
- Назарбаев доктор болған соң басқаларының бәрі доктор болды. Профессор, ол аз болғандай «академик» деген атақ алды. Алдыңғы жылы екеуінің ғылыми кеңесшісімен кездескенімде ол Назарбаевты да, Әбіқаевты да доктор жасадым» деп өзі айтқан еді, - деді Серікболсын Әбділдин.
Биыл 65 жасқа толған Нұртай Әбіқаев өзінің өмірлік философиясын Нұрсұлтан Назарбаевтың «философиясымен» ширек ғасырға жуық осылайша үйлестіріп келеді.