Accessibility links

Әлібек пен Жандарбектің айтысы


Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында өткен айтыстың ақтық сайысына Әлібек Серғалиев пен Жандарбек Бұлғақов шықты. Қос ақын қоғамдағы өзекті мәселерді тілге тиек етті.

Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан өзгешелігі – ақындарға жүлде берілмеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері айтыстың төңірегіндегі ақындарға жүзден астам машина таратылыпты. Осы жолы ақындар соның қарымтасы ретінде Жүрсін Ерманның 60 жылдық мерейтойына тегін жыр сайысын тарту етті. Ал ақтық сайысқа айтыстың ең жас екі ақынын шығарды.

Солтүстіктен келген Әлібек Серғалиев Алматының бүгінгі бет-бейнесін өлеңге қосты.

– Алматы, сен ғанасың ұл-қызыңа,
Рух беріп Желтоқсанда аттандырған.
Сен ғанасың таратып азаттықты,
Кейін түгел қазақты шаттандырған.
Қонаев қабырғаңды қалап беріп,
Табаныңның астына тақ қалдырған.
Бұл күнде студенттердің қаласысың,
Сенің әр бұрышыңды мақтан қылған.
Сан жыл болды – метроң әлі жатыр,
Салынбай қара жердің батпағынан.
Атақты «Барахолка» базарың бар,
Сатушының саны көп сатқанынан.
Қалаңда «пробка» деген пәле бар ғой,
Темірі адамына қақпан құрған.
Сенде ғана аналар балаларын,
Мектебіне бір сағат бұрын аттандырған.
Сен ғанасың үй мен жерді қатар беріп,
Ұйғырлардың әулетін шаттандырған, – деп жырлады.

Ал Жандарбек айтыстың телеарнадан көрсетілуін сын садағына ілді.

– Айтысып, ақын болып төр алғаным,
Бәрі де бұйыртқаны тек Алланың.
Алматы – ақиқаттың ордасында,
Дұрыс қой төрт тұяқты тең алғаным.
Біздерге шеңбер сызып, шектеу қояды,
Төрінде айтыс өтсе елорданың.
Шекпенді шенеуніктер келіп алып,
Жасайды абырой мен бедел жағын.
Билікті ақындарға мақтатқызып,
Қалайды жоғарыдан шен алғанын.
Шындықты айтсаң, шытынап қабақтары,
Тарылғанын байқайсың кең арнаның.
Сахнаның шетінен күтіп алып,
«Балақай, жөн, – деп айтады, – дем алғаның!»
Ал экран айтысты таратқанмен,
Білмеймін шумағымнан не қалғанын.
Ащы сөзді қиқымдап, жұлып-жұлып,
Сөзіміздің бұзады кемел дәмін.
«Бас кеспек болса дағы, тіл кеспек жоқ» –
Бұл мақал жойған екен терең мәнін.
Тіл кеспек жоқ болғанын не ғылайын,
Сөз кеспегі болған соң теларнаның, – деді Жандарбек.

Әлібек пен Жандарбектің айтысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG