Айтыстың алғашқы жұбы – қызылордалық Мейірбек Солтанхан мен түркістандық Бекарыс Шойбеков.
Шілде айында Астана күніне арналған айтыста көзге түсіп, бірінші орынды алған Мейірбек Солтанхан – Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының тумасы. Биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бірінші курс студенті атанды.
Сөз сайысын бастаған Мейірбек:
– Ойым жоқ Бекарысқа бөтен менің,
Қалаймын еңбегіңнің өтелгенін.
Патшамыз Түркістанға барып қайтты,
Көктемде ертіп алып нөкерлерін.
Патшаға арнау айтып, көрініпті
Қызметіңді кранмен көтергенің.
Көзі қысық болса да, өзі пысық,
Аман бол көтерілгіш көкем менің.
Екі жылда директор болып алып,
«Еліме қызметті етем» дедің.
Қайта айтыс ашылып аман қапсың,
Бұдан да биіктерге жетер ме едің.
Он жылға айтыс мынау тоқтап қалса,
Облысқа әкім болып кетер ме едің, – деп қарсыласының президент Назарбаевтың алдында мақтау айтқанын тілге тиек етсе, енді бірде:
– Қазағым, айрылмасаң ар-ибаңнан,
Арманың күліп шығар, әрине, алдан.
«А» дегенің ана тіл емес пе еді,
Бірақ оның түрі жоқ дами қалған.
Қасиетті Асан мен Үсен тілі
Қорлық көріп келеді әр Иваннан.
Ағылшынды міндет қып артып қойған,
Қайран билік, айналдым қағидаңнан.
Көкелер «қазақ тілі көркейеді» деп,
Көлгірсіп сөйлегенде бәрі иланған.
Бірақ та жиырма жылда ана тілдің,
Жақсарып жағдайы жоқ, жари қалған.
Кезінде жарылыстың салдарынан,
Екі басты туылған сәби болған.
Екі иыққа екі бас бітіп жатса,
Полигонның зардабы деп сан ұйғарған.
Бір ауызға үш тілді салып берген,
Парламент қиын боп тұр полигоннан, – деп тіл мәселесін сөз етті.