Аламан айтысқа қазақстандық ақындармен қатар Қырғызстан, Моңғолия және Қытай елінен айтыскерлер келді. Айтыстың алғашқы жұбы торғайлық Айбек Қалиев пен атыраулық Сағадат Нұрманов болды.
Ақындар Қазақстанда болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғаларды сөз етті.
Айбек Қалиев Қазақстан әскерінің қазіргі жай-күйін былайша суреттеді:
– Ұялы телефонға «бірлік» сал деп,
Сержанттар қанайды екен салықпенен.
Несие картасына пұл құйдырып,
Командирлер белгілі нарықпенен.
... Барған жастар үлгермей ел қорғауға,
Ертерек қоштасып жүр жарықпенен.
Әскерге аттанғандар шабытпенен,
Еліне қайтып жатыр табытпенен.
Айбек Қалиев Ақтөбе мен Тараздағы жарылыстағы ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің әрекетін де сынады.
– Ақтөбеде бүлікші тоғыз жанды,
Арнаулы әскерімнің қайда алғаны.
Тоғыз жанға мыңының әлі жетпей,
Шоқ түскендей шабына ойбайлады.
Күні кеше Таразда да бір бүлікші,
Лаң салып, түске дейін тайраңдады.
Ұстатпай ҰҚК мен полицияға,
Ойына келгенді істеп сайрандады,
...Өзін қорғай алмаған ҰҚК-міз,
Ұлттың қауіпсіздігін қорғай ма әлі.
Бұл тақырыпқа келгенде атыраулық Сағадат Нұрманов та қарап қалмады.
– Түспейді ел аузынан содырлардың,
Адамды бомба қойып жарғандығы.
Өкірер исламды қаралаған,
Алладан сыбағасын алған күні.
Біздерде дәрі қымбат, бәрі қымбат,
Тек қана азаматтың арзан құны,- деді Сағадат.
Бұл айтысты алдағы уақытта Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.