Accessibility links

«Екі езу» сықақ театры труппа болғысы келмейді


"Екі езу" эстрадалық-миниатюра театрының "Квартиранттар" қойылымы. Ақтөбе, 13 наурыз 2009 жыл.
"Екі езу" эстрадалық-миниатюра театрының "Квартиранттар" қойылымы. Ақтөбе, 13 наурыз 2009 жыл.

Ақтөбедегі эстрадалық-миниатюра театры үкімет шешімімен драма театрына труппа етіп қосылмақшы. Ал театр мен Қазақстанның эстрада әртістері одағы мұны «өнерге жасалған қиянат» деп санайды.

1998 жылы құрылған ақтөбелік «Екі езу» эстрадалық-миниатюра театры 2001 жылдан бері мемлекеттің қарауына өткен. Мемлекеттік мәртебеге ие болғалы әртістер бұрынғыдай үй жағалап репетиция өткізбейді, ғимараты мен тұрақты табыс көзі бар. Облыс пен аймақ көлемінде танымал бола бастаған сықақ театры үкіметтің өздерін труппаға айналдыру туралы соңғы шешіміне наразы.

«ХАЛЫҚҚА КЕРЕКПІЗ»

Театр ашылған күннен бері өнер көрсетіп келе жатқан актриса Гүлсім Қаратаева Азаттық тілшісіне:

– Қазақстанның батысында біздің табанымыз тимеген бір де бір ауыл жоқ. Шалғайдағы бір ауылға концертпен барғанымызда жұрттың «бізге әртістер соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын келген еді» деп қуанғаны есімде. Тап сол ауылға араға бес жыл салып қайта оралғанымызда «сендер келіп кеткелі ешкім ат ізін салған жоқ» деп қарсы алды. Ел аралап жүріп менің ұққаным – біз халыққа керек екенбіз, – дейді.

Гүлсім мен оның әріптестері үш ай бұрын мәдениет басқармасынан хабарлама алған. Онда үкімет шешіміне сәйкес 2014 жылдан бастап «Екі езудің» өз алдына дербес театр емес, жергілікті драма театрына труппа болатыны жазылыпты.

Үкімет шешіміне орай бір апта бұрын «Екі езу» Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына үшінші труппа болып көшіп келді.

Сықақ театрының труппаға айналуын кейбір көрермендердің де қолдамайды.

– Мен – «Екі езудің» тұрақты көрерменімін, әрі мәдениет саласынан зейнет демалысына шыққан адаммын. Онсыз да екі труппасы тығылысып отырған Ахтанов театрына «Екі езудің» үшінші болып қосылғанын ішім алмай-ақ қойды, – дейді ақтөбелік зейнеткер Айберген Асарұлы Азаттық тілшісіне.

Қазақстандағы мемлекеттік деген мәртебесі болған екі сықақ театрының бірі «Екі
Ел аумағындағы үлкенді-кішілі 18 әзіл-сықақ театрынан тек Шымкенттің «Шаншары» мен Ақтөбенің «Екі езуі» ғана мемлекеттік деген мәртебеге ие болатын.
езудің» театрдан труппаға айналуына Қазақстан эстрада әртістерінің одағы да алаңдайды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне аталмыш одақ төрағасының орынбасары Ұлан Нүсібәлиев айтты.

– Ел аумағында үлкенді-кішілі 18 әзіл-сықақ театры бар. Сол 18-дің екеуі ғана мемлекеттік статусқа ие. Яғни мемлекеттік деген мәртебе Шымкенттің «Шаншары» мен Ақтөбенің «Екі езуінде» ғана болатын. Қазақстанда сатираға қаншалықты қамқорлық жасалатындығы осыдан-ақ көрініп тұрған болар? «Екі езудің» труппаға айналуына қарсымыз. Бұл – өнерге жасалған қиянат, – деді ол.

Ұлан Нүсібәлиев Қазақстан эстрада әртістерінің одағы наразылық білдіріп, Ақтөбе облысының әкіміне хат дайындап жатқанын айтты.

ТЕАТРДЫ ОҢТАЙЛАУ СЕБЕПТЕРІ

«Екі езудің» негізін қалаушы Нұрлыбек Жұбатқанның сөзіне қарағанда, театрды труппа етіп оңтайлауға қаржылық мәселе де себеп болған.

– Әрине, мен бұл шешімді қуана құптадым десем өтірік болар. Бірақ басқа лажымыз қалмады. Эстрадалық-миниатюра театрының жылдық бюджеті
Нұрлыбек Жұбатқан. Ақтөбе, 12 қыркүйек 2013 жыл.
Нұрлыбек Жұбатқан. Ақтөбе, 12 қыркүйек 2013 жыл.
әртістердің жалақысы, салығы, тағы да басқа шығындарын қоса есептегенде 11 миллион теңге болатын. Оның бес миллионнан астамын ғана ұжым ақылы қызметтері арқылы жауып отырды, – дейді қазір Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрын басқарып отырған Нұрлыбек Жұбатқан.

Азаттық тілшісі «Екі езу» артистері мен көрермендерінің шағымына қатысты Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинадан пікір сұраған еді.

– Шамалы қиындық болатыны рас. Бірақ, меніңше, жұмыс жасауға болады. Әрі облыстық драма театрының екі труппасы жылына екі-ақ премьера қояды. Ал «Екі езудің» ұжымы өте еңбекқор. Үш ұжымның бір-бірінен алатыны көп, – деп жауап берді ол.

Биыл үкімет жанындағы мемлекеттік оңтайландыру жөніндегі комиссияның шешіміне сүйенген экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі бюджет қаржысын үнемдеу үшін Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасына «Екі езу» театрын облыстық драма театрына труппа етіп қосу туралы ұсыныс түсірген. Осы шешімге сәйкес ресми түрде «Екі езу» 2014 жылғы қаңтардың 1-інен бастап театр емес, труппа аталмақшы.

– Өзім мәдениет саласында көптен бері келе жатқан адам ретінде театрлардың, мәдени мекемелердің көп болғанын қалаймын. Бірақ үкіметтің шешіміне де қарсы тұра алмаймын, – деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдина Азаттыққа.
XS
SM
MD
LG