«ЕҢ БОЛМАСА ЖАЛҒЫЗАЯҚ ТРОТУАР САЛСЫНШЫ»
Ақтөбе қаласына қарайтын Жаңақоныс ауылында атауы жоқ көшелер көп. Солардың бірінің тұрғыны Махмұт Рахимов екі немересінің мектепке әрең барып жүргенін айтады. Әкімдіктен қайран болмаған соң ол былтыр есігі алдына өз қаржысына қиыршық тас төктірген. Биыл оның жұрнағы да жоқ. Балшыққа сіңіп кеткен.
- 2011 жылдан бері осында тұрамыз. Көктем мен күз сайын көретін күніміз осы! Екі немеремнің біреуі бесінші, енді бірі екінші сыныпта оқиды. Мектепке балшық-балшық болып барып, балшық-балшық болып қайтамыз. Екінші сыныптағы немеремді көтеріп аламын. Бесінші сыныптағы баланы қайтіп көтересің?! Мектепке жаяу барамыз. Мына жолдармен көлік жүре алмайды, - дейді Махмуд Рахимов.
ВИДЕО: Жаңақоныстағы балшық (14 қараша 2017 жыл)
Өзін «Ботагөз» деп таныстырған әйелдің айтуынша, 10 жастағы ұлы осымен екінші рет мектепке бара жатып батпаққа құлап, үсті-басын былғап келген. Ботагөз балшықты қайта-қайта жуып, кетіре алмағанын айтады.
- Біздің балшық жай балшық емес. Жеріміз лай мен саз болғандықтан, мұз үстіндегідей сырғанақтап жүреміз.Ұлым үйге бір емес, екі рет малмандай болып келді. Балшықты жуып кетіре алмаған соң, баламның мектеп формасын қоқысқа лақтыруға мәжбүр болдым. Көктем мен күз Жаңақоныстан безіп кеткің келеді. Қар жауамын дегенше мына батпақ мазамызды әбден алады. Жарайды, бюджетте көлік жолдарын салатындай қаржы жоқ та болар. Басшылар бізге ең болмаса адам жүретін жалғызаяқ тротуар салып берсінші! –дейді Ботагөз.
Жаңақоныс тұрғындары көктемде түсірген видео:
Тұрғындардың айтқанын өзін «Ақбұлақ» контролерімін» деп таныстырған әйел де растады. Үй аралап, ауызсу түбіртегін таратып жүрген әйел Жаңақоныстың «Жастар», «Жастар-2», «Квартал Б» деп аталатын ықшам аудандарын аралау «мүлде мүмкін емес» екенін айтты.
Жаңақоныс ауылына барған Азаттық тілшісі әр тұста батып, шыға алмай жатқан автокөліктерді көрді. Алайда қабақтары қату көлік жүргізушілері тілшімен сөйлесуге ыңғай танытпады. Ауыл тұрғыны Нұржан Бесайдаровтың айтуынша, «көп жағдайда балшыққа батып қалатын - сырттан келетін көліктер. Жергілікті тұрғындар жол жайына қанық, тас төселген жолдармен ғана жүруге тырысады не көліктерін бір-екі квартал жерге қалдырып кетеді».
- Жылда қарашада Ақтөбе мен оның іргесіндегі елді мекендерге қар түсіп, жерге тоң қататын. Биыл қар жаумай, лай-балшық маусымы ұзарып кетті. Балшықтан ығыр болған жұрт қала әкімдігіне шағым хат әзірлеп жатыр. Біз жылдар бойы қордаланған жол мәселесінің бір арызбен шешілмесін білеміз. Өйткені, Жаңақоныста асфальтты көшелерді саусақпен санауға болады, - дейді Нұржан Бесайдаров.
ӘКІМНІҢ «АРМАНЫ»
Азаттық тілшісі Жаңақоныс ауылдық округі әкімі Алмас Әлімбаевпен хабарласты. Телефон арқылы сөйлескен әкім «Жаңақоныстағы көшелердің 25 пайызына ғана асфальт төселгенін» айтты.
- Жол мәселесі өте қиын. Өздеріңіз көріп отырғандай, жол жөндеуге көп қаржы керек. Осы қарашада біз Жаңақоныстағы «Ардагер» және «Жеңістің 40 жылдығы» көшелері мен атауы жоқ тағы бір көшені жөндей бастадық. Бұл үш көшеге ұзындығы екі километр асфальт төселеді, - дейді Алмас Әлімбаев.
Осы қарашада біз Жаңақоныстағы «Ардагер» және «Жеңістің 40 жылдығы» көшелері мен атауы жоқ тағы бір көшені жөндей бастадық.
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, қазір Жаңақоныста «қозғалысқа қатты қиындық келтіріп отырған 15 көше бар». Алмас Әлімбаев осы көшелердің жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тапсырыс бергенін айтады. Бірақ әкім ол құжаттардың қашан жасалып бітіп, тиісті органдарға қарауға қашан жіберілетінін, жол төсеу жұмыстарының қай кезде басталатынын айта алмайды. Азаттық тілшісі әкімнің сөзінен «бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда алдымен осы 15 көшеге жол төселмек» екенін ғана білді.
Ал әзірше ауылдағы «Қазпочта» бөлімшесі секілді халық көп келетін мекемелер кіреберіске су толы шелектер қойған. Шелектегі суға басына шүберек оралған таяқты малып, резеңке етіктердің балшығын жуып алуға болады.
Жаңақоныс селолық округі Ақтөбеден жеті шақырым жерде. Округ аумағына Жаңақоныстан бөлек Құрашасай ауылы да кіреді. Екі елді мекенде 10 мыңнан астам адам тұрады.