Accessibility links

25 жыл толған «Әділет» төраға іздейді


Астана маңындағы сталиндік репрессия құрбандары ескерткіші жанында отырған адамдар. 14 сәуір 2011 жыл.
Астана маңындағы сталиндік репрессия құрбандары ескерткіші жанында отырған адамдар. 14 сәуір 2011 жыл.

Алматыдағы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы республикалық мәртебесін қайта алғысы келеді. Бірақ ол үшін ең кемі жаңа төраға керек. Ұйым мерейтойы қарсаңында оның болашағынан гөрі өткені көбірек айтылды.

Желтоқсанның 25-і күні «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы құрылғанына 25 жыл толады. Ол Горбачевтің қайта құру заманында оптимистік үмітпен құрылған қоғам болатын.

Көптеген жобалардың қаржы тапшылығы және өзге себптермен іске аспай қалғаны 25 жылдан кейін белгілі болды. Бүгін Алматыда қоғамның ширек ғасырлық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиналған жұрт көбінесе бұрынғы жобаларды еске алып, болашақ жобаларға қатысты тартына сөйледі.

ҚАЙТА ҚҰРУ ЗАМАНЫНДА ҚҰРЫЛҒАН ҚОҒАМ

Жазушы әрі қоғам төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев «Әділет» даңқты тарихы бар қоғам дейді. Ұйым әуелі 1988 жылдың соңында – Совет одағын қайта құру және демократияландыру тұсында жалпыодақтық «Мемориал» қоғамының қазақстандық филиалы ретінде құрылған. 1989 жылдың басында ол «Әділет» деген атау алды.

Жазушы әрі қоғам төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.
Жазушы әрі қоғам төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.

Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов: «Бірақ Мәскеу басшы етіп қойған Геннадий Колбин басқарған Қазақстан билігі сол кездің өзінде қазақстандық демократиялық қозғалысты «Мемориал» қоғамы басқаратын жалпыодақтық демократиялық қоғамнан оқшаулауға тырысты» дейді. Андрей Свиридов – кезінде «Мемориал» қоғамының Қазақстандағы бейресми филиалының және кейін ресми құрылған «Әділет» қоғамының да басқарма мүшесі болған. Қазір «Ресей билігі жабуға тырысып отыр» деп мәлімдеп жатқан «Мемориалдың» жағдайы да ауыр.

«Әділет» қоғамының бірінші төрағасы репрессияға ұшыраған көрнекті қазақ қайраткері Ораз Жандосовтың баласы Санжар Жандосов болды. Ол – оппозициялық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылтайшыларының бірі Ораз Жандосовтың әкесі. Бейбіт Қойшыбаев пен Андрей Свиридов екеуі де «Әділет» қоғамының жұртқа көбінесе Санжар Жандосовтың беделінің арқасында танылғанын айтады.

– Бірақ 1992 жылы Санжар Жандосов сол күйі анықталмай қалған белгісіз жағдайда көлік астына түсіп қаза болды, – дейді журналист Андрей Свиридов.

«Әділет» қоғамы шығарған «Азалы кітап».
«Әділет» қоғамы шығарған «Азалы кітап».

Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қазақстандықтардың тізімі келтірілген тоғыз томдық «Азалы кітап» – «Әділет» қоғамының ең үлкен жетістіктерінің бірі ретінде саналады. Қоғамның бұрынғы төрайымы, 80 жастағы Сәуле Айтмағамбетованың бұл кітаптың жарық көруіне қосқан үлесі ерекше. Ол соңғы жылдары науқастанып қалған, ал жуырда аяғын сындырып алған екен.

– Бұл – «Азалы кітаптың» Алматы облысы бойынша ғана шыққан тоғыз томы. Ал Қазақстан аймақтары өздерінің «Азалы кітабын» шығарды. Елде осындай кітаптың 30 томы шығарылды, – деп түсіндірді Азаттық тілшісіне «Әділет» қоғамының қазіргі төрағасы Ғарифолла Әнес.

«Әділет» қоғамының тағы бір ірі жетістігі – Алматы маңындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал орнатуы.

– Мемориал саяси репрессия құрбандары жаппай жерленген орында тұр. Дұрысын айтқанда, ол арнайы қорым емес. Адамдарды апарып, атқан да сол жерге көме салған, – дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Журналист Андрей Свиридовтің Жаңалықтағы мемориалға қатысты өз пікірі бар.

Журналист Андрей Свиридов. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.
Журналист Андрей Свиридов. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.

– Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда аталып өтеді. Соңғы жылдары осы азалы күнді Жаңалық ауылында көбінесе билікшіл ұйымдар атап өтіп жүр. Ал оппозициялық ұйымдар бұл күні Алматыдағы бұрынғы Қазақ ССР КГБ-сының ғимаратына қарсы беттегі ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады деп белгіленген жердегі тастың жанында жиналады, – дейді ол.

Бейбіт Қойшыбаев «билікке бүйрегі бұрады» деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, «Әділет» қоғамы – кезінде Казақстан коммунистік партиясы билігінің жобасы ретінде емес, Қазақстан қоғамында демократиялық сананың күрт өсуі нәтижесінде құрылған қоғам. Оның айтуынша, қазір де қоғамның президенттік «Нұр Отан» билік партиясымен ешқандай байланысы жоқ.

– «Әділеттің» 25 жылдығына арналған конференцияға «Нұр Отанның» идеология жөніндегі қызметкерін жіберсе қайтер еді. Соған қарағанда «Нұр Отанға» «Әділет» онша ұнамайтын сияқты, – дейді Бейбіт Қойшыбаев.

ҚОҒАМ ЖАҢА БАСШЫ ІЗДЕЙДІ

Андрей Свиридовтың айтуынша, қазір «Әділет» қоғамының жағдайы қиын. Бір кездері бұрынғы Қазақ ССР КГБ-сы ғимаратында жұртшылық күшімен саяси репресиялар тарихы мұражайын ашылған, бірақ Алматыны Виктор Храпунов басқарған тұста ол ғимаратты сатып жіберіп, мұражай жабылып қалған.

Бұл ақпаратты жазушы Бейбіт Қойшыбаев та растап, кезінде бұл мәселеге қатысты Алматының тағы бір әкімі Иманғали Тасмағамбетовке өтініш жолдағанын айтады.

– Бірақ ол «ғимарат жеке меншікке сатылып кетті, енді ештеңе істей алмаймын» деді. Саяси репрессиялар тарихы мұражайы экспонаттары енді ұлттық мұражай қоймаларында шаң басып жатыр, – деп қынжылады Бейбіт Қойшыбаев.

Кезінде «Әділет» қоғамы әр облыста филиалы бар республикалық ұйым болатын. Қоғамның бұрынғы белсендісі Андрей Свиридов «енді қоғамның тіршілігі тоқтап қалған сияқты көрінеді» дейді.

«Әділет» қоғамының төрағасы Ғарифолла Әнес. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.
«Әділет» қоғамының төрағасы Ғарифолла Әнес. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл.

Свиридовтың «Әділет» қоғамының «қазіргі халі мүшкіл» деген пікірімен келіскен қоғамның қазіргі басшысы Ғарифолла Әнес дағдарыстың бір себебін қоғам құрамында жастардың аз екенін, ал қарттардың бірте-бірте кетіп жатуымен байланыстырады. Ол дағдарыстың тағы себебі ретінде өз кеңсесі де жоқ қоғамның материалдық базасының әлсіздігін айтты. Оның айтуынша, «Әділет» қоғамын бұрынғы жылдардағы сияқты ғылым академиясының тарих институты директоры басқарса, жақсы болар еді. «Сол кезде кеңсе мен конференция және өзге іс-шаралар өткізетін орын проблемасы «автоматты» түрде шешіліп, «Әділет» қоғам жұмысын республикалық ауқымда өрістетуге үміт туар еді» дейді Ғарифолла Әнес.

Бұл пікірді Бейбіт Қойшыбаев та қостайды.

Өзін «Әділет» қоғамының уақытша төрағасы санайтын Ғарифолла Әнес көбінесе қоғам төрағысы міндетін атқарушы деп таныстырғанды жөн көреді. Филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес репрессияға ұшыраған өзі басқаратын, Қазақстан зиялылары мұрасын зерттеумен айналысатын «Арыс» қоры мен «Арыс» баспасындағы жұмыстарымен көбірек шұғылданғысы келеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG