Accessibility links

Жалға пәтер берушілер полициядан қысым көргенін айтты


Полиция қоршаулары. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция қоршаулары. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда жалға пәтер беретін бір топ әйел полицияның күнделікті орындарынан қуғанын мәлімдеді. Бұған наразылық ретінде жолды жабуға тырысқан бірнеше адам ішкі істер басқармасына апарылған.

Өзін пәтерін жалға беретін кәсіпкермін деп таныстырған Гүлжан Калеева шілденің 7-сінде түнде болған оқиға кезінде полицейлер дөрекілік көрсеткенін айтады.

– Жұлқып-жұлқып автобусқа кіргізді. Автобустың табалдырығынан көтеріліп бара жатыр едім, арқамнан Талғат есімді полицей тепкен кезде автобустағы орындыққа асылып қалдым. Өзімнің аяғым ауыр болатын. Ұрған жерім ауырып, отыра алмадым. Полиция бөлімшесінде жедел жәрдем шақыруға да рұқсат бермей қойды. Бұл аздай бағанағы полицей бәрімізді балағаттап намысқа тиетін сөздер айтты. Оның үстінен арыз түсірдім, – дейді Гүлжан Калеева Азаттық тілшісіне.

КӘСІПКЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Кәсіпкер әйелдердің тағы бірі Әсел де оның сөзін растап, полицейлердің ұстау кезінде күш қолданғанын айтады. Оның сөзінше, полицейлер кешкі сағат 6 мен 10 аралығында жалға пәтер беретін әйелдерді көшеден қуып, келген клиенттерді көлік тұрағына да жібермей, жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген.

Пәтер жалға берушілердің сөзінше, полиция бірнеше әйелді және оқиғаны бақылауға келген 16/12 порталының тілшісі Андрей Цукановты Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына әкеткен. Бұдан соң өзге әйелдер

Қала көшелерінің бірі. Алматы, 20 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қала көшелерінің бірі. Алматы, 20 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Байтұрсынов пен Қарасай көшесінің қиылысындағы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына барып, жолды жауып тастаған. Полицейлер ол жерден тағы екі әйелді және 16/12 порталының тағы бір тілшісі Самал Бекбергенованы ұстап, басқармаға алып кеткен. Ұсталғандар таңғы сағат 4-ке дейін полиция басқармасында отырған, мұнан соң оларды босатып жіберген.

Гүлжан Калеева «кәсіпкер әйелдер мен полицейлер арасындағы мұндай тартыс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын» айтады. Оның сөзінше, жалға пәтер беретін көптеген әйелдер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп келеді. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары қыр жұмыс істеулеріне кедергі келтіреді.

– Олар үнемі біздің намысымызға тиеді. Өздерін масқара дөрекі ұстайды. Бізге «кеңсе жалдаңдар» дейді. Ал бізде ақша жоқ, – дейді оның әріптесі Әсел Азаттық тілшісіне.

ЖУРНАЛИСТЕР ШАҒЫМЫ

Бұл оқиға кезінде қызмет бабымен келген журналистер де жапа шеккендерін мәлімдеді. Солардың бірі – 16/12 порталының тілшісі, пәтерлерін жалға берушілермен бірге ұсталған Андрей Цуканов. Ол оқиғаны камераға түсіріп жүргенінде өзін полицейлер ұстап, «қолын бұрап көлікке мінгізіп, ұрып, намысқа тиетін сөз айтып, түкіргендерін» айтады.

– Осылайша мені арандатқысы келген болар. Бірақ мен ештеңе істеген жоқпын. Шамамен таңғы 4-ке таман болған жайтты баяндағаннан кейін

16/12 порталының тілшісі Андрей Цуканов. Алматы, 12 мамыр 2014 жыл.
16/12 порталының тілшісі Андрей Цуканов. Алматы, 12 мамыр 2014 жыл.

төлқұжат пен пресс-картамды, камераны алып қалып, өзімді қайтарып жіберді. Бүгін сұрақ-жауап аламыз деген. Ал мен манағы полицейдің үстінен арыз түсіремін, – дейді Андрей Цуканов шілденің 8-і күні Азаттық тілшісіне.

Ал оның әріптесі Самал Бекбергенова полиция ұстаған кезде флешка-картасын тартып алуға тырысқанын айтады.

– Басқармада менің түсініктеме жазуымды талап етті. Ал мен «түсініктеме жазатындай заң бұзған жоқпын» деп одан бас тарттым. Арыз жазатынымызды айттым. Басқармадан шыққан соң прокуратураға барып, барлығының атынан арыз тастап кеттік, – дейді 16/12 порталының тілшісі.

Азаттық тілшісі бұл оқиғаға байланысты Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына хабарласқанымен жауап ала алмады. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек «мәселені анықтап көрейін, бір сағаттан кейін хабарласыңыз» дегенмен әзірге жауап болмады.

Жалға пәтер беретін азаматтар мәселесіне қатысты Алматы қалалық әкімшілігіне де телефон соққан едік - заң бөлімінен де, тұрғын үй басқармасынан да, баспасөз қызметінен де нақты жауап ала алмадық.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG