Accessibility links

Құлаған көпір құрылысында үш адам ауыр жараланған


Алматыда жаңадан салынып жатқан көпірдің құлаған бөлігі маңында тұрған адамдар. 24 сәуір 2015 жыл.
Алматыда жаңадан салынып жатқан көпірдің құлаған бөлігі маңында тұрған адамдар. 24 сәуір 2015 жыл.

Алматыда бүгін жаңадан салынып жатқан көпірдің бір бөлігі құлап, 19 адам зардап шеккен. Үйінді астында адам қалып қоюы мүмкін деп хабарланған. Апат орнында іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сәуірдің 24-і күні Алматыдағы Рысқұлов даңғылының Ахрименко көшесімен қиылысында салынып жатқан көпір құрылысының бір бөлігі құлап, 19 адам ауруханаға түсті деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Мадияров. Оның сөзінше, зардап шеккендердің үшеуі ауыр жарақат алған. Ауруханаға түскендердің барлығы көпірдің құлаған бөлігінде жұмыс істеп жүрген құрылысшылар.

Нұрлан Мадияров көпір конструкциясының құлағаны туралы ақпарат департаменттің кезекші бөліміне жергілікті уақытпен сағат 11:57-де түскенін айтады. Алдын-ала мәлімет бойынша, құрылыс алаңында 52 адам жұмыс істеп жүрген. 32 адам зардап шекпеген. Құтқарушылар тағы бір адамды үйінді астында қалып қоюы мүмкін деп іздестіріп жатыр. Төтенше оқиға орнында құтқару қызметінің 200-ге тарта адамы, ондаған техника мен із кесуші иттер жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнында жедел жәрдем көліктері де тұр.

2014 жылы басталған көпір құрылысының жұмысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Айналма көпір жолының ұзындығы 125 метр, ені 11-ден 18 метрге дейін жетеді. Көпір құрылысын "Базис-А" компаниясы жүргізіп жатыр.

Апат орнынан әзірленген фотогалерея:

XS
SM
MD
LG