Дүйсенбі, мамырдың 2-сі күні түстен кейін Алматы–Талғар жолының бойында, «Меркурград» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы орналасқан «Думан-2» ауылының тұрғындары «бос жатқан жерді» үй салу үшін өздеріне беруді талап етіп, тағы да жиналды. Бірақ оларды қамалап тұрған полиция қызметкерлері белсенділік танытқан адамдарды қол-аяқтарынан сүйреп апарып, полиция автобустарына қамап жатты.
«ҚАЗІР ОНДАЙ ЗАМАН ЕМЕС»
Бұл оқиға кеше, мамырдың 1-інде басталған еді. Оқиғаға куә тұрғындардың айтуынша, екі мыңдай адам «Думан-2» ауылына жапсарлас жатқан, Алматы облысына тиесілі жерді басып алмақ болған. Тәртіпке шақырмақ болған арнайы жасақ пен тұрғындар алғаш кеше кешке таман қақтығысқан. Оқиға орнына келген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов «мәселені ертең шешеміз» деген уәде берген.
Екінші қақтығыс 2 мамыр күні таңғы сағат 4 шамасында болды. Куәлардың айтуынша, полиция тарамай тұрған адамдарды тұтқындай бастаған. Олар полицияның резина сойылмен ұрғанын айтады. Бірақ «бір әйел соққыдан қаза болыпты» деген қауесет расталмады.
2 мамыр күні сағат 11-лер кезінде тұрғындар басып алмақ болған жер қоршалып, ішіне әскери техника кіргізілді.
Бұл жерге бүгін түстен кейін тағы да келген Амандық Баталов журналистердің «қанша адам тұтқындалды, ондай бұйрықты кім берді, ұсталған адамдар қазір қайда» деген сауалдарына «бәрін анықтаймыз» деген жауабын айтты да кетіп қалды.
Талғар ауданы ішкі істер басқармасы оперативті кезекшінің көмекшісі Нұрсұлтан Денистанов жерге таласқан азаматтардың басқармаға түскенін растады. «Алайда оларға ешқандай күш көрсетіліп жатқан жоқ» дейді ол.
– Басқармада отырған азаматтардың нақты санын білмеймін. Әзірше тізімдерін берген жоқ. Жүзге жуық азамат бар. Қазір олар басқармада отыр. Біз оларға ештеңе істемейміз. Бәрін сот шешеді. Оларға ешкім күш көрсеткен жоқ. Кім айтты оны? Қазір ондай заман емес қой, – дейді Нұрсұлтан Денистанов.
«ТІЛДЕЙ ЖЕР БЕРСІН»
Бұл жерге жиналған тұрғындардың бірі Қарлығаш Нұрғожаева – төрт баланың анасы. Ол Алматы облысы Райымбек ауданынан 15 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері пәтер жалдап тұрады екен.
– Кешеден бері жүрміз. Бізге үйдің керегі жоқ. Үй салмай-ақ қойсын. Тек тілдей жер берсін. «Құқықтарыңды біліңдер» дейді. Біздің құқымызды кім қорғайды? – дейді Қарлығаш Нұрғожаева.
Талғар ауданының тұрғыны Мөлдір Айманбаева да бұл жиынға балаларына жер алу мақсатымен барған.
– Бүгін біз ертеңгі сағат жетіде бардық. Арнайы белгіленген милиция жасағын шақыртқан екен. Олар ұрып-соғып, быт-шытымызды шығарды. Бәрі сау етіп көліктен түсті де, ер азаматтарды тепкіледі, үлкен-кіші деген жоқ, – дейді Мөлдір Айманбаева.
Басын таңып алған Сарқыт Мүсәпірова деген әйел 2 мамыр күні таңертең болған оқиғаны былай сипаттайды:
– Арнайы жасақ сарбазының біреуі басымнан сойылымен салып қалғанда құлап түстім. Енді тұра беремін дегенде екіншісі басымнан тағы ұрды. Есімнен танып қалдым. Бет-аузым қан-жоса болды.
Ол «мынау – арнайы жасақтың соққысынан қалған із» деп, сол қолындағы көгерген үлкен дақты көрсетті.
«Думан» ауылының тұрғыны Серахмет Ерденов бұл оқиғаның саяси астарын іздейді.
– Менің ойымша, мемлекеттің саясаты өз халқына қарсы бағытталған, – дейді ол.
Ал Қағаз Нұрғожаева деген тұрғын президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынайды:
– Ол қолына іліккеннің бәрін қармап қалған сияқты. Қыздарын да байытты. Сайлаудың аты ғана сайлау ғой. Ол өзін-өзі баяғыда президент етіп сайлаған.
2 мамыр күні кешке таман оқиға орны сәл тынышталды, бірақ біраз жұрт әлі де тарамай тұр.