Accessibility links

Талап – маңызды мәселелерді негативсіз айту


Кинофестивальге қатысушы қазақстандық Светлана Скорина. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.
Кинофестивальге қатысушы қазақстандық Светлана Скорина. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.

Алматыда студенттік фильмдер мен кино мектептердің «Бастау» халықаралық кинофестивалі төртінші рет өтіп жатыр. Онда 25 елден әкелген 190 туынды көрсетіледі.

Жаңадан салынған «Алатау» кино-концерт залы қаланың шетінде болғандықтан «Бастау» кинофестивалінің негізін салушы әрі президенті Сергей Әзімов ашылу рәсімі өтетін орын қолайсыз деп алаңдаған еді. Өйткені жол алыс әрі жұрттың көбі әрі оған қалай жетуді білмейді. Бірақ ол босқа қауіптенген болып шықты.

– Залдың лық толғанын өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Демек, қазақтың жас киносына деген қызығушылық бар, – дейді Сергей Әзімов фойеде өзін қоршаған журналистерге.

МӘДЕНИ КЕҢІСТІК ЭСТЕТИКАСЫ МЕН СЕМАНТИКАСЫ

«Бастау» кинофестивалінің тарихы 2011 жылы басталған. Биыл өтіп жатқан төртінші фестивальге қатысуға ниет білдіргендердің саны да көп, географиялық ауқымы да кең – 25 елден 190 туынды қатысады. Ал бұрынғы кинофестивальдерде қатысушылар саны аз болатын.

Кинофестиваль директоры Сергей Әзімов журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.
Кинофестиваль директоры Сергей Әзімов журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.

– Залда жиналғандардың 90 пайызы – жас кинематографтар. Олардың жай кино емес, жастарды толғандыратын кино түсіріп, қазіргі заманның проблемаларын талқылауы қуантады. Жас көрермендерге бұл ұнайды, – дейді «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.

Кинофестивальді ұйымдастырушыларының мәлімдеуінше, конкурсқа қатысатын жұмыстарды іріктеген кезде кәсіби деңгейіне, көзқарастың жаңашылдығына, автордың көрерменге жеткізгісі келетін материалы мен оқиғаға деген қарым-қатынасы ескерілген.

...мәдени кеңістік эстетикасы мен семантикасына көбірек көңіл бөлу арқылы депрессия тудыратын негативизмнен аулақ болуы шарт.

«Бастаудың» девизі – «Халықтар этномәдениеті – уақыт дәнекері». Биылғы кинофестиваль талапкерлеріне: «Этномәдени кинематограф қазіргі заманның көкейтесті мәселелерінен қашқақтамайды, бірақ жеке тағдырлар драматургиясы өрбитін мәдени кеңістік эстетикасы мен семантикасына көбірек көңіл бөлу арқылы депрессия тудыратын негативизмнен аулақ болуы шарт. Мәдени және нәсілдік кемсітушілікті насихаттайтын, адамның ар-намысын қорлайтын және халықтар арасында алауыздықты қоздыратын фильмдер фестивальге жіберілмейді» деген талаптар қойылған. Ал бұрынғы фестивальдер кезінде мұндай талаптар жоқ болатын.

Биылғы «Бастау» қонақтарының тізімі де қомақты. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Латвия, Түркия, Иран, Франция, Бельгия, Босния және Герцеговина, Болгария, Украина, Тәжікстан, Молдовадан 30 шақты кино қайраткер, кинематографиялық оқу орындары немесе факультеттерінің педагогтары келген.

Фестивальдің қазылар алқасында кинорежиссер Георгий Гогиберидзе (Грузия), кинорежиссер Әділхан Ержан (Қазақстан), актер Әзиз Бейшеналиев (Қырғызстан), Ресей кинематографистері мен журналистері одағы мүшесі Григорий Тараненко, кинорежиссер, сценарист, кинопродюсер, прозашы әрі педагог Октай Миркасим (Әзербайжан) бар.

Кинофестиваль қазылары алқасының төрағасы Октай Миркасим. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.
Кинофестиваль қазылары алқасының төрағасы Октай Миркасим. Алматы, 22 қазан 2014 жыл.

Қазылар алқасы төрағасы Октай Миркасим Азаттық тілшісіне жеңімпаздарды іріктеу ерекшелігі туралы айтып берді

– Стратегиялық мәжіліс өткізіп, әлдебір өлшем, концепция белгілеп алмақпын. Кәсіби мамандармен қатаң сөйлесудің жөні бір бөлек. Ал мұндағы ақсақалдар мен ұстаздар студенттің еңбегін бағалау үшін жиналған. Сондықтан олар әкелік қамқорлық, тәлімгерлік түсіністік танытуы тиіс. Оның үстіне әлдебір ретроград көңіл-күйге ырық бермес үшін олардың жұмысына өз өткеніміздің позициясы тұрғысынан төрелік етпеуіміз керек. Өйткені фестивальға қатысушылар – бүгіннің ғана емес, келешектің де иелері, – дейді ол.

«РАДИОАКТИВТІЛІК» ЖӘНЕ «ҚАРАҚАТ БӘЛІШ»

Грузиядағы Шота Руставели атындағы мемлекеттік университет жанындағы театр және кино институтының түлегі Георгий Мухадзе фестивальге «Радиоактивтілік» деген психологиялық триллер әкелген. Фильмде Грузияның белгілі жазушысы ойнайды. Картина эксперименттік мақсатта түсірілгендіктен оның не жайында екенін бірер ауыз сөзбен жеткізу режиссердің өзіне де қиын. Бұрын бұл жұмыс Португалиядағы кинофестивальге де қатысқан, бірақ ешқандай жүлде алмаған. Георгийдің болжамынша, туындысы эксперименттік сипаттағы картина болған соң жүлде алмаған.

Кинофестивальге қатысушы Георгий Мухадзе (Грузия). Алматы, 22 қазан 2014 жыл.
Кинофестивальге қатысушы Георгий Мухадзе (Грузия). Алматы, 22 қазан 2014 жыл.

Азаттық тілшісінің «Фильмді түсіру қымбат болды ма?» деген сұрағына Георгий смартфонын шығарып, калькуляторда доллармен есептеп, монитордағы 15 000 деген санды көрсетті. Фильмді түсіруге қажет құрал-жабдықты университет берген. Оған жеке меншік компаниялар да көмектескен. Геогрий Мухадзенің жұмсалған соманы көп ақша деп есептемейтіні байқалады. Ол «Грузияда кино түсіру арзан» дейді.

«Тұран» университетін қызыл дипломмен бітіріп, қазір «Әке» криминалдық драмасын түсіріп жатқан режиссердің ассистенті болып жұмыс істеп жүрген алматылық Светлана Скорина «Бастау» конкурсына екінші рет қатысып отыр. Ол фестивальге «Қарақат бәліш» деп аталатын фильмін әкеліпті. Фильмде 1990 жылдардағы дағдарыс тұсында әкелері тастап кеткен шағын отбасының дағдарысы тоғыз жасар кішкентай қыздың өмірі арқылы баяндалады.

Фильмге кәсіби білімі мен тәжірибесі жоқ актерлер түскен. Ал басты рөлде ойнаған қыз бала Қарағандыдан арнайы келген. Фильмнің бюджеті – 300 мыңдай теңге (1 мың 600 доллардан асады). Фильмді түсіруге Светлананың достары ақшалай көмектескен. Ақшаның көбі аппаратура мен жарыққа жұмсалған. Бүкіл команда құлшыныспен тегін жұмыс істеген.

Кинофестиваль жеңімпаздарын қазанның 26-сы күні жариялайды. Ал оған дейін кино театрлардың бірінде конкурсқа қатысатын 60-тан астам фильм көрсетілмек.

XS
SM
MD
LG