Accessibility links

"Компроматқа тапсырыс беруші" "кек алу сезімі" жайлы айтты


Прокурор Дәурен Халықов. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
Прокурор Дәурен Халықов. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Оппозициялық журналист Гузяль Байдалинованың ісіне қатысты сотта Nakanune.kz сайтындағы «Қазкоммерцбанкті әшкерелеген» мақалалар жазуды ұйымдастырып, жариялауға қатысты жайттар «ашылды». «Тапсырыс беруші» сотта «айыбын мойындайтынын» мәлімдеді.

Бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында судья Нариман Бегалиевтің төрағалығымен оппозициялық Nakanune.kz сайтында көпе-көрінеу жалған ақпаратты тарату ісі бойынша сотталушылар Тайыр Қалдыбаев пен Гузяль Байдалинова тергелді.

Жұма күнгі, 13 мамырда өткен сот отырысының бір ерекшелігі - Қазкоммерцбанкке қарсы мақалаларға «тапсырыс беруші», алматылық кәсіпкер Тайыр Қалдыбаев болжамды қылмыстың мән-жайын алғаш рет баяндап берді. "Қазкоммерцбанктің" көңілі қалған клиентінің" бұл әрекетіне оның «кек алғысы келу сезімі» түрткі болған, ал оппозициялық сайт басшысы мен әшкере-мақалаларды жазған журналистер «пайда табу мақсатын көздеген».

Сотталушылардың адвокаттары клиенттерін қамаудан босатуға кезекті мәрте әрекет жасап көрді, бірақ одан ештеңе шықпады.

"Қазкоммерцбанктің" беделіне нұқсан келтірген мақалаларға "тапсырыс беруші" алматылық бизнесмен Тайыр Қалдыбаевтың адвокаты Елена Комарова соттан журналистердің жұмысын шектеуді сұрады. Судья процеске қатысып отырғандардың бәріне техникалық құралдарды, тіпті диктофонды пайдалануға тыйым салды. Журналистер сот басталғанға дейін фотоға түсірді. Адвокат Комарова клиенті Қалдыбаевты фотоға түсіруге тыйым салды.

Соттағы тергеуде Тайыр Қалдыбаев 2014 жылы "Республика" порталы мен Nakanune.kz сайтында жарияланған әрі айыптаушылар "Қазкоммерцбанк" беделіне нұқсан келтірді" деп санайтын мақалаларға тапсырыс бергенін айтты. Ол бұл қылығына "Қазкоммерцбанкпен" жеке қарым-қатынасының нашарлығы түрткі болды дейді. Қалдыбаевтың сөзінше, ол әлгі мақалалардың (біреуінен өзгесі) тезистерін дайындап, оларды "Деловая неделя" газетінің бас редакторы Махамбет Әуезовке беріп отырған.
Қалдыбаевтың сөзінше, Әуезов екеуі бір-біріне толық сенетіндіктен мақаланы дайындау мен оған тақырып қоюға араласпаған. Қалдыбаев жарияланған алты мақаланың әрқайсысы үшін 6 мың доллардан төледім дейді. Ол бұл мақалаларды "Республика" сайтында жариялауды ұйымдастыруға тікелей қатысы барын жоққа шығарады. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындайды.

Гузяль Байдалинова. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
Гузяль Байдалинова. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Айыптаушының болжамынша, Тайыр Қалдыбаев "Деловая неделя" газетінің бас редакторы Махамбет Әуезовпен алдын ала сөз байласқан. Әуезов әлгі мақалаларды қамалғанға дейін Байдалинова басқарған Nakanune.kz сайты мен шетелде тұратын журналист Ирина Петрушова басқаратын "Республика" сайтында жариялауды журналистер Рафаэль Балгин мен Анатолий Иванов арқылы ұйымдастырған.

Гузяль Байдалинова оппозициялық "Республика" газетінде бұрын бірге жұмыс істеген танысы - алматылық журналист Анатолий Иванов жұмысына бірнеше рет аузы бекітілген пакеттер әкелгенін, оны журналистің өтініші бойынша "Республика" порталын құрған, қазір шетелде тұратын Ирина Петрушоваға беріп жібергенін айтты. Оның сөзінше, ол пакеттерді ашпаған және оның ішінде не барын білмейді. Байдалинова өзін тек пакеттерді бергені үшін ғана кінәлі деп санайтынын, бірақ мұны қылмыс деп ойламайтынын айтады.

Адвокаттардың "Банкке әлгі мақалаларды жариялаудан келген материалдық зиян көлемі қалай есептелді" деген сұраққа банк өкілі, заңгер Ердос Әбікеев зиян көлемі банктің 2014 жылдың екінші жартысында БАҚ-тағы жарнамаға жұмсаған шығынына тең болды деп мәлімдеді. Мұндай жауапқа сотталушылардың адвокаттары қанағаттанбады.

"Қазкоммерцбанк" заңгері Ердос Әбікеев. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
"Қазкоммерцбанк" заңгері Ердос Әбікеев. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

"Егер банк беделіне нұқсан келгенін 2014 жылы білсе, талап-арызды сотқа неліктен бір жылдан кейін ғана (2015 жылдың аяғында) берді?" деген сұраққа заңгер Әбікеев "банк талап-арызды қалаған кезде берді" деп жауап берді. Ал "талап-арызда көрсетілген 144 миллион теңге (430 мың долларға жуық) материалдық зиян өтелді ме?" деген сұраққа ол ақша түскенін, бірақ әзірше банктің шотында жатқанын әрі оған қатысты шешім қабылданбағанын айтты.

Бұл іс бойынша бұған дейін алматылық журналистер Рафаэль Балгин мен Махамбет Әуезов те тергеуге іліккен. Балгин былтыр желтоқсанда қамалып, 11 қаңтарда босатылған. Босаған күннің ертеңінде ол Алматыда Әуезов екеуі "өкініш білдірген" баспасөз жиынын өткізген. Енді Балгин мен Әуезов сот процесіне куәгер ретінде қатысып жатыр. Сотқа куәгер ретінде тартылған бірнеше алматылық журналистің ішінде Анатолий Иванов та бар. Куәгерлерден жауап алу дүйсенбіге,16 мамырға ауыстырылды.
Байдалинованың ісі Еуропа парламентінің 10 наурызда жарияланған қарарында қамтылған. Еуропа парламенті Қазақстанда журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG