Accessibility links

Алматыда хостел көбейіп келеді


Алматыдағы хостелдің бірі. 24 маусым 2015 жыл.
Алматыдағы хостелдің бірі. 24 маусым 2015 жыл.

Алматыдан арзан жатын орын іздеген жолаушылар хостелге қонады. Хостел иелері бұл бизнес арқылы ішкі туризмінің дамуына да үлес қосып жүргендерін айтады.

Тараздан Алматыға келген Cтас есімді азаматтың қаладағы хостелдердің бірінде тұрып жатқанына екі айға жуықтаған.

– Алматыға жұмыс бабымен келгенмін. Мен тұрып жатқан хостел тыныш әрі жақсы жерде орналасқан. Бағасы мен қызмет көрсету сапасы ұнайды, – дейді ол.

«ҚАЛАДА 30 ХОСТЕЛ БАР»

Алматыдағы хостелдерге түсетіндердің көбі басқа жақтан келген адамдар екенін Азаттық тілшілерімен сөйлескен мини-отель иелері де айтты.

– Негізінен біздің хостелге келетін қонақтардың көпшілігі – туристер. Кеше ғана хостелімізге Жапониядан екі турист келді. Студенттер, басқа қаладан келген жолаушылар да аялдап тұрады, – дейді хостелдердің бірінің иесі Роман Ивановский.

Оның хостеліне бір күн қону ақысы – 1500 теңге. Хостелде тұрғындар тамақ пісіретін асхана, тегін wi-fi интернеті қызметі бар. Қажет болса, қонақтарды әуежайдан күтіп алатынын айтқан хостел иесі күніне қанша адам түсетінін жария еткісі келмеді.

– Хостелімізге жазда көп қонақ келеді. Қыста кейде ешкім жалдамайтын кездер де болды. Күніне келетін қонақтарды жаза бермеймін. Түсетін табыс та әр түрлі. Бір күні көп ақша табатын кездер де, кейде мүлдем табыс таппайтын кездер де болады, – дейді Роман Ивановский.

Хостел иесінің сөзінше, Алматыда мұндай арзан да шағын қонақ үйлер жылдан-жылға көбейіп келеді.

– Алматыда хостел ашу үрдісі қатты дамып кетті. Бір жыл бұрын сегіз хостел бар болса, қазір олардың саны 30-ға жетті, – дейді Роман Ивановский.

Қалада хостелдер көбейіп, бәсеке артқан соң олардың иелері де клиенттеріне қосымша қызмет түрлерін көрсетуге кірісе бастаған. Алматыдағы 15 адамға арналған хостелдің иесі Райхан Біләлованың сөзінше, олар туристік фирмалармен әріптестік орнатқан.

– Туристік компания хостелдегі туристерге экскурсиялар ұйымдастырады. Бүгін Бельгия, Польша және Франциядан келген бес қонағымыз солармен бірге экскурсияға кетті, – дейді ол.

Алматыдағы хостел
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00

​Қонақтарының арасында шетелден ғана емес Қазақстанның басқа қалаларынан келетін адамдар да көп екенін айтқан Райхан Біләлова:

– Біз де елдің ішкі туризмінің дамуына үлесімізді қосып жатырмыз, – дейді.

Алматы хостелдерінің басым бөлігі – көпқабатты үйлерде орналасқан үш-төрт бөлмелі пәтерлер. Ондағы қонақтардың жуынатын және тамақ ішетін орындары ортақ. Қаладағы хостелдердің көбінде қонақтарға үй иелері қызмет көрсетеді.

Қымбат қонақүйді қалтасы көтермейтін адамдарға арналған ең алғашқы шағын отельді 1912 жылы неміс мұғалімі Ричард Ширманн ашқан. Оқушыларымен бірге қала аралап саяхаттауды ұнататын мұғалім үнемі арзан қонақүй таба алмай, демалыс кездерінде босайтын мектептерге қонуды әдетке айналдырған. Кейін ол арзан қонақүй ісін кәсіпке айналдырады. 1980 жылдарынан бастап Еуропада хостелдер көптеп ашылды. Қазақстанда мұндай қонақүйлер соңғы бірнеше жылдан бері жұмыс істей бастады.

XS
SM
MD
LG