ТРАНСГЕНДЕР ТӘЖІРИБЕСІ
"Тестостерон" спектаклі - Лондондағы Rhum and Clay театры мен драматург, режиссер әрі перформер Кит Редстоунның бірлескен жұмысы. Қойылымда бар-жоғы төрт актер ойнайды, бұған қоса, олардың бір бөлігі түрлі кейіпкерлерді сомдаған.
Спектакль оқиғасы жаттығу залындағы ер адамдар киім ауыстыратын бөлмеде өтеді. Әлгі бөлмеге жаттығудан кейін төрт жас жігіт кіреді. Олардың бірі – трансгендер, ол жынысын әйелден ер адамға ауыстырғаннан кейін мұндай жағдайға алғаш рет тап болады. Өзге үшеуі мұны білмейді. Кит Редстоунның кейіпкері әлгі жерде ер адамды артық санайтын стереотиптің (маскулизм) жақсы, жаман және ұсқынсыз көрінісіне душар болады.
Киттің кейіпкері жұрттың енді оған ер адам ретінде қарап, "жігіт" деп атайтын болғанына іштей риза, бірақ өзіне көбінесе "сэр" деп атаған ұнайды. Бұған және өзге кейіпкерлердің қылықтарына қарап спектакльдің комедия жанрына жататынын алғашқы минуттардан түсінуге болады. Нақтырақ айтқанда, қойылым сипаттамасында көрсетілгендей "қара" комедия.
Кит Редстоунның кейіпкері ер адамдар тек спортта ғана жылайды деп ойлайды. Сюжет желісі бойынша финалында екі кейіпкердің көзінен жас ағатын көрініс ойналады. Бірақ көз жасының орнына аузын актерлердің екі самайына тіреп қойған бөтелкеден су ағады.
Қойылымның ең басында актерлердің бірі ернін далаппен бояп, әйел паригін, биік өкшелі туфли киеді және сырт киімін шешеді. Оның астында әйелдердің іш киімі көрінеді әрі көріністің аяғына дейін осы кейіпте ойнайды. Спектакльден кейін көрермендермен әңгімелескен кезде Кит Редстоун әлгі кейіпкер адамның трансгендерге айналу процесін бейнеледі деп түсіндірді.
Кит Редстоунды тыр жалаңаш шешіндіру спектакльдің түйінді сәті болды. Осы көрініске бола спектакльді 16 жасқа толмағандардың көруіне шектеу қойылған. Оның кейіпкері сүлгісін бөтен біреудің сүлгісімен шатастырып, оны беліне байлап алады. Иесі сүлгіні қайтаруын талап етеді. Онымен ұзақ салғыласып, өз сүлгісін пайдалануға көндіре алмағаннан кейін сүлгіні шешіп беруіне тура келеді. Өзге кейіпкерлер жалаңаш денеден бірнеше секунд көз айырмай қарап, ішкі сезімдерін түрлі ым-қимылмен білдіреді.
Спектакль трансгендердің өз болмысын қалай тапқанын, жынысын ауыстырғаннан кейін қоғам оны қалай қабылдағанын әзіл-оспақ мәнерінде көрсетеді.
РЕЖИССЕР ЖӘНЕ АКТЕРЛЕРМЕН ДИАЛОГ
"Тестостерон" спектаклін "Откровение" фестивалі аясында екі мәрте көрсетті. Екеуінде де актерлер спектакльден кейін көрермендермен диалог жүргізді. Мэттью Уэльс (актерлердің бірі әрі театр басшыларының бірі) спектакль девайс стилінде қойылғанын түсіндірді. Бұл стильдің ерекшілегі –процеске қатысушы өз жанынан бірдеңе қосады, сосын материалды біріктіріп, жинақтайды, белгілі бір көріністерді таңдап алып, спектакльді солардың негізінде қояды.
- Шын мәнінде, біз әлдебір кеңістік құрамыз, сондықтан әр көрермен оған өз сезімдерін қосады, - дейді Мэттью Уэллс.
Кит Редстоун бір күні шешінетін бөлмеде шынымен біреудің сүлгісін шатастырып алғанын, бірақ оны иесіне қайтарып бергенін айтып берді. Бірақ ол әлгі оқиғаның қалай болғанын көрсету қызық емес болды, сондықтан финалда денесін жалаңаштауды ұйғарған.
Трансгендердің денесін көргенде жиіркенетіндер бар. Сіздер менімен бір сағат болдыңыздар, бірге күлдіңіздер. Сіздер досыма айналғандарыңызды сезіп тұрмын, сондықтан маған түсіністікпен қарап, мені осы қалпымда қабылдайтындарыңызға кәміл сенемін
Актерлердің айтуынша, олар спектакльді қалай аяқтасақ болады және жалаңаш денені көрсету керек пе, әлде жоқ па деп ұзақ ойланған. Ақыры түптеп келгенде, бұл белгілі бір жалғасы болатын шығар деген үміт беретін сәтті тұс деп ұйғарған.
- Трансгендердің денесін көргенде жиіркенетіндер бар. Сіздер менімен бір сағат болдыңыздар, бірге күлдіңіздер. Сіздер досыма айналғандарыңызды сезіп тұрмын, сондықтан маған түсіністікпен қарап, мені осы қалпымда қабылдайтындарыңызға кәміл сенемін, - деді Кит Редстоун көрермендерге.
Көрермендер Кит Редстоунның жынысын өзгерту шешімін жақын адамдары қалай қабылдағанын білгісі келді. Олар Киттен "Жынысыңызды ауыстыру сіз үшін соншалықты міндетті нәрсе болды ма?" деп сұрады.
Анама өзімнің кім екенімді айтқанымда ол әуелгіде ренжіді, бірақ қандай жағдай болмасын мені жақсы көретінін айтты. Бірде достарының бірі маған қарата дөрекі сөйлегені үшін анам ол адаммен араласпай кетті
- Мен өмірде жолы болған адаммын. Анама өзімнің кім екенімді айтқанымда ол әуелгіде ренжіді, бірақ қандай жағдай болмасын мені жақсы көретінін айтты. Бірде достарының бірі маған қарата дөрекі сөйлегені үшін анам ол адаммен араласпай кетті. Өгей әкем әлі күнге дейін жұрттың ортасында маған қыз ретінде сөйлеп қалады. Сондықтан ол кісінің кімді айтып тұрғанын даяшылар көбінесе түсінбей қалады. Мен мұны күлкілі сәт деп санаймын, - дейді Кит Редстоун.
33 жасында жынысын ауыстырған Кит мінсіз қоғамда адам егер өзін өзге жыныс өкілі сезінсе, жынысын ауыстыруға жүгінбей-ақ қоюға болар еді деп санайды.
- Жұрттың маған әйел ретінде қарағанын қаламадым. Егер омырау ержүректіктің символы болса, онда бақытты болып, оны жақсы көрер ме едім. Бірақ мен өз омырауымды жек көрдім, - дейді ол.
Кит Редстоун көрермендерге алты апта бұрын үйленгенін де айтып берді.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТРАНСГЕНДЕРЛЕРДІҢ ҚИЫН ӨМІРІ
Алматыда көрермендер "Тестостерон" спектаклін жылы қабылдады. Кит Редстоун Твитер парақшасында "Бүгін кешке Алматыда "Тестостерон" спектаклін көрсету – әрі қуаныш, әрі айрықша мәртебе. Осы бір ғажап елден кететініміз қамықтырады. Сапарымыз көрермендердің тік тұрып қол шапалақтаған қошеметімен аяқталды" деп жазды.
Батыс елдеріне қарағанда, Қазақстанда өзге ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер – ред.) өкілдері тәрізді трансгендерлердің де өмірі қиын екенін ағылшындар сезген болуы мүмкін немесе мүлде білместен кетті. БҰҰ-ның жыныстық бағдар мен гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі декларациясына (2008 жылы қабылданған, қазір оған 96 ел қол қойған) Қазақстан қол қойған жоқ. Құқық қорғаушылардың бірі тіпті оны кемсіту сипаты бар құжат деп атаған.
Батыстың бірқатар елдері немесе, тіпті Ресейге қарағанда, Қазақстанда жыныс ауыстыру әлдеқайда қиын процедура. Мысалы, Қазақстан билігі адам жынысын ауыстырған деп ресми тану үшін міндетті түрде хирургиялық операция жасатуды (елде жыныс ауыстыру операциясын жасатуға 2009 жылдан бері рұқсат етілген) талап етеді. Бірақ жыныс ауыстырудың міндетті сатысы ретінде хирургиялық операция жасату талабы 2011 жылы енгізілген, яғни жыныс ауыстыру процедурасын қиындатқан. Кей елдерде мұндай міндетті операция жасату қажет емес деп саналады.