Accessibility links

Ғалымдар Алматыдан ислам діні белгілерін іздеп жатыр


Алматыдағы Орталық мешіт. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы Орталық мешіт. (Көрнекі сурет)

Биыл Алматы ислам мәдениеті астанасы мәртебесін алды. Жергілікті ғалымдар бұл маңнан мұраларды және ислам діні таралуына қатысты өзге айғақтарды іздеп, тауып жатыр.

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында өтіп жатқан «Әлемдік ислам мәдениетіндегі Алматының рөлі мен маңызы» атты халықаралық конференцияға өздерінің кәсіби ортасында есімдері белгілі археолог, тарихшы, философ, саясаттанушы, өнертанушылар мен театр қайраткерлері жиналды.

Жиында баяндама жасағандардың көбі – қазақстандық ғалымдар. Шетелдік қонақтардан жалғыз адам – Қырғызстан мүфтиі көмекшісі келді. Кейбір баяндамашылар келмей қалғандықтан конференция бағдарламасына енген баяндамалардың жартысына жуығы оқылмады.

ЕЖЕЛГІ ЖЕТІСУДАҒЫ ИСЛАМ

Жетісу жерінде ислам діні таралуы туралы айтқан археолог Карл Байпақов қала іргесі қаланған дәуірге назар аударады.

Археолог Карл Байпақов. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.
Археолог Карл Байпақов. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

– Бұл – мұсылман Ренессансы заманы, 9-10 ғасырлар. Ренессанс дәуірін сол заманның мәдениетінен, Бируни, Ибн Сина, Фараби сияқты ұлы тұлғаларынан тануға болады. Бұл ғылым, мәдениет, өнер, поэзияның өркендеген заманы болды, – дейді Карл Байпақов.

Академиктің айтуынша, Жетісу жерінің мұсылман мәдениетінен жергілікті тұрғындар көне замандардан бері ұстанған дәстүрлі дін жұрнақтары байқалады. Оның ішінде христиан, буддизм, зороастризм сияқты көптеген көне дін іздерін көруге болады.

Ғалым Алматы мен оның төңірегінен табылған кейбір археологиялық қазбалардың фотосуреттерін көрсетті. Оның ішінде Жетісу жерінде ислам таралуын көрсететін артефакттар бар. Мысалы, 13-ғасырда жасалған тиындарда Алматы қаласы атауы арабша жазылған, 11-ғасырда жасалған сауыттағы жазу араб әріптері стилінде, 13-ғасырда жасалған, арғы бетінде аңдар бейнеленген әрі арабша жазуы бар айна.

– Яғни Жетісу территориясында араб тілі мен жазуы кең таралған, – дейді Карл Байпақов.

«Әлемдік ислам мәдениетіндегі Алматының рөлі мен маңызы» конференциясына қатысушылар. Алматы, 24 ақпан 2015 жыл.
«Әлемдік ислам мәдениетіндегі Алматының рөлі мен маңызы» конференциясына қатысушылар. Алматы, 24 ақпан 2015 жыл.

9-ғасырдан бері Жетісуда қала салу ісінде мешіт құрылысы міндетті элемент болғанын Дінмұхамед Қонаев мұражай үйінің директоры Тимур Жұманов та айтады. Ал ислам отырықшы халық санының өсуіне ықпал еткен.

– 9-10-ғасырларда небәрі 12 қала болса, 11-12-ғасырларда олардың саны 70-тен асқан, – дейді Тимур Жұманов.

Қазақстан ұлттық академиясының мүше-корреспонденті Наталья Сейдахметованың айтуынша, ислам діні түркі мәдениетімен толысып, байи түскен.

– Түркі әлемі неліктен ислам дінін қабылдады деп ойлайсыздар? Өйткені түркілердің этикалық парадигмасы исламға қайшы емес, керісінше онымен үндес болды, – дейді ол.

ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІНІҢ БЕЛГІЛЕРІ

Философ Наталья Сейдахметованың айтуынша, Алматы исламтануға қатысты зерттеулер жүргізу, мешіттер салу арқылы ислам мәдениетіне зор үлес қосып отыр.

Философ Наталья Сейдахметова. Алматы, 24 ақпан 2015 жыл.
Философ Наталья Сейдахметова. Алматы, 24 ақпан 2015 жыл.

Қазір Алматы қаласында 39-ға жуық мешіт жұмыс істейді. Олардың архитектуралық келбетіне қатысты Сейдахметовамен бірге баяндама жасаған Мәдина Бектенова:

- Мешіттердің архитектуралық келбетінен эклектикалық стиль байқалады. Бірыңғай стиль жоқ. Оларды қазақтың ою-өрнектерімен нақыштау қазақи әр береді. Вайнах, татар сияқты диаспоралардың өз мешіттерін салуы да – Алматының полиэтникалық қала ретіндегі ерекшеліктерінің бірі, - дейді.

Қалада ислам қағидалары бойынша жұмыс істейтін бірнеше банк те және ислам мәдени орталықтары да Алматыдағы ислам мәдениетінің белгілері ретінде аталды.

Бірақ Азаттық тілшісімен әңгімелескен өнертанушы Камила Ли қоғам исламды тым біржақты қабылдайды деген пікір айтады.

– Қазір мұсылман ренессансына қатысты көркемдік дәстүрлерді қатты бұрмалау байқалады. Мұның бәрі мұсылмандықтан тыс нәрсенің бәрін теріс қабылдайтын жиһад сияқты дөрекі, қатыгез әрекеттерге ұласып отыр. Ал ислам моральдық әрі ізгі ілім ғой, – дейді ол.

Алматыдағы қуыршақтар театры директоры Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек «Алматыны ислам әлемінің 2015 жылғы мәдени астанасы деп жариялау – мақтаныш» дейді. Бірақ ол «Ислам мемлекеті» ұйымы әрекеттеріне байланысты мұсылман әлемінің бір бөлігінде болып жатқан жайттарға алаңдайды. Ол конференцияда осы тақырыпты талқылағысы келген сияқты, бірақ бұл жайлы баяндамалар жоқ болып шықты.

Мешіт маңында жүрген жұрт. Алматы, 21 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Мешіт маңында жүрген жұрт. Алматы, 21 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісінің «2015 жылы ислам әлемі мәдениетінің астанасы деген атақтан Алматы қаласы не ұтады?» деген сұрағына Алматы қаласы мәдени басқарма басшысының орынбасары Рузанна Бектұрсынова «бірінші кезекте қаламыздың мәртебесі биіктейді» деп жауап берді.

Ислам әлемі мәдениеті астаналары бағдарламасы – Қазақстан 1995 жылы кірген Ислам ынтымақтастығы ұйымы жобасы. 2001 жылы мәдениет министрлерінің үшінші ислам конференциясында ислам әлемінің (Араб, Азия және Африка аймақтары үшін) жыл сайын үш астанасын жариялау туралы шешім қабылданған.

2009 жылы Баку қаласында мәдениет министрлерінің төртінші ислам конференциясында Алматы – Азия аймағының, Низва (Оман сұлтандығы) – Араб аймағының, ал Котону (Бенин) – Африка аймағының 2015 жылғы ислам мәдениеті астанасы деп жарияланған.

«Алматы – 2015 жылғы ислам мәдениеті астанасы» жобасы аясында іс-шаралардың үлкен бағдарламасы жоспарланған болатын. Бірақ Алматы мәдениет басқармасы өкілінің айтуынша, жоба бюджеті қысқарып қалған.

XS
SM
MD
LG