Accessibility links

Дариға Назарбаеваның фестиваліне билет тегін таратылды


Дариға Назарбаева әнші Бибігүл Төлегеноваға фестиваль мүсінін тапсырып тұр. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Дариға Назарбаева әнші Бибігүл Төлегеноваға фестиваль мүсінін тапсырып тұр. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Алматыда Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева ұйымдастырған «Алма-Ата – моя первая любовь» ретрофестивалі он бесінші рет өтті.

Қазақстан қоғамы элитасы ғана қатысқан алғашқы «Алма-Ата — моя первая любовь» ретрофестивальдері бұрын «Алатау» санаторийі сияқты қымбат орында өткізілетін. Ал 2011 жылдан бері ретрофестиваль көпшілік көрермен үшін әрі төртінші жыл қатарынан Алматының оңтүстік шетіндегі халықаралық «Сұңқар» трамплиндер кешенінде өткізіліп жүр. Оның трибуналарына 5 мыңдай адам сияды.

Былтырғыша биыл да көрермендерге билет тегін үлестірілді. Бүкіл билеттің құнын фестивальдің бас демеушісі, резервтегі ұлттық компанияларды басқаратын «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры төлеген.

Әнші Роза Рымбаева ретрофестивальде. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Әнші Роза Рымбаева ретрофестивальде. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Билеттер ақпараттық демеушілер өткізген викториналарда да ойнатылды. Бір жыл бұрын сияқты біреудің билетін біреу пайдаланбас үшін бұл жолы да билетке келушінің аты-жөні жазылған. «Мәртебелі» тұлғалардың қатысуы мен сақтық шаралары жағынан мемлекетте бұл фестивальге тең келетін жиын жоқ.

Ауқатты азаматтарға VIP-тұлғаларға арналған, ас-сусын қойылған үстелге тапсырыс беруге ұсыныс жасалған. Трамплиндер кешені трибуналары биыл да адамға лық толы болды. Бірақ VIP-тұлғаларға арналған бірнеше үстел бос тұрды.

АЛМАТЫ ШЕТІНДЕГІ «ОСКАР»

«Алма-Ата — моя первая любовь» ретрофестивалінің әуелгі үшеуі белгілі бір тақырыптарға арналатын. Биыл мерейтойлық фестиваль деп сипатталғандықтан салтанатын асыра түсу үшін ұйымдастырушылар «кино» тақырыбын таңдап алыпты.

«Алма-Ата — моя первая любовь» ретрофестивалінің сахнасы. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
«Алма-Ата — моя первая любовь» ретрофестивалінің сахнасы. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Үш метрлік биік сахна зәулім кинотеатрдың фасады құсап жасалыпты. Мониторларда әртүрлі кинофильмдерден кадрлар көрсетіліп жатты. Айтылған әндер де киноларға қатысты болып шықты. Әрбір ән — шағын бір сахналанған көрініс. Әншілер кино кейіпкерлерінің рөліне еніп, ән шырқап жатты.

Биылғы ретрофестивальдің бір өзгешелігі ретінде әйгілі «Оскар» сыйлығын тапсыру салтанатына ұқсас көрініс жасау талпынысын айтуға болады. Қызыл кілем де жайылды, арнайы жүргізуші де сахнада тұрды. Фестивальдің сыйлық мүсіншелері де дайындалыпты, ол жүлделерді ән орындаушыларға да, ретрофестивальдің алғашқы ұйымдастырушыларына да тапсырып жатты. Солардың бірі болып Бибігүл Төлегенова да сыйлық иеленді, Алматы әкімі Ахметжан Есімовке де біреуі бұйырды. Сыйлықты ретрофестиваль иесі Дариға Назарбаева өзі табыстап тұрды.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Ахметжан Есімов дәл былтырғыдай рояль тартып, «Вечная любовь» әнінің әуенін ойнап берді. Әкімнің рояль тарту шеберлігі көп өзгеріске ұшырай қоймаған сияқты. Facebook желісінде әлдекімдер оның барлық орындаушылар ішінде фонограмасыз өнер көрсеткен жалғыз адам болғанын ескертіп жатты. Бірақ ұйымдастырушылар ретрофестивальдің кинонұсқасын монтаждауда дыбыс сапасы күшті болуы үшін фонограмма пайдаланғандарын айтып ақталды.

Ретрофестиваль кезінде белгілі режиссер һәм актер Шәкен Аймановтың 100 жылдығы да аталып өтті. Оның «Наш милый доктор» атты музыкалық комедиясында айтылған әндер қайта шырқалып, фильм кадрлары көрсетілді.

ЖҰЛДЫЗДАРМЕН ЖОЛЫҚҚАН ЖҰРТ

Ресейден келген қонақ - әнші Михаил Боярский сахнаға араб арғымағын мініп, жиегі жалпақ шляпа, ұзын қара сюртук, қара шалбар киіп, мушкетер сияқты болып шықты.

Ресейлік әнші Михаил Боярский. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Ресейлік әнші Михаил Боярский. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Михаил Боярский грим жасайтын бөлмеге беттегенде соңынан ерген журналистердің бәрі бірдей онда кіре алған жоқ. Бірақ Михаил Боярский аса жұғымды сұқбаттас екен.

Ресейлік әнші Николай Басков пен Дариға Назарбаева «Призрак оперы» мюзиклінен бір синглді қосылып айтты. Одан кейін Дариға Назарбаева - «Санта Марияны», ал Николай Басков - «Натуральный блондин», «Шарманка», «Я буду руки твои целовать» әндерін айтты. Басков әнін айтып болған соң VIP-стол тұрған маңға түскенде отырған жұрттың көбі онымен амандасып, суретке түсу үшін атып тұрды.

Шараға қатысқан шетелдік өнер жұлдыздарының арасында Bad Boys Blue тобы, топ құрылған 1984 жылдан бері онда жүрген Джон МакИнерни болды.

Ретрофестивальден кейін өртеніп жатқан беткей. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Ретрофестивальден кейін өртеніп жатқан беткей. Алматы, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Биыл шетелдік өнерпаздармен тілдесу қиын болмады. Әдетте күзетшілер оларды тығыз қоршап алып, маңдарына жолатпайтын. Бұл жолы әлде журналистерге көбірек сенді, әлде фестивальдің сахнадан тыс бұл сәтін демократияшыл етті.

Шараның соңында ретрофестивальдің логотипі мен өткізілген жылы жазылған шар ұшырылып, стадионнан салют атылды. Алайда бұл жолы құлаған фейерверк таудың беткейін өртеп кетті. Ағаш пен шөптің қалай жанып жатқаны көрініп тұрды. Бірақ ол алыста еді, сондықтан шарадан тарап жатқан көрермендердің ешбірі одан зардап шеккен жоқ.

XS
SM
MD
LG