Жаз шықса болды, Алматы тұрғындарының көбі қала маңындағы шомылуға лайықты деген демалыс орындарына қарай ағылады. Бірақ алысқа баруға мүмкіндігі болмағандар қала ортасындағы Сайран көліне келеді.
ШОМЫЛУҒА КЕЛГЕНДЕР НЕ ДЕЙДІ?
Алматы тұрғыны Әсем Құсайынова бірнеше жылдан бері Сайран көліне түсетінін айтады.
- Жақын болғандықтан көл ұнайды. Бұл жерге басқа жақтан, мәселен Қаскелең жақтан да адамдар көп келеді. Маскүнемдерді көп кіргізбейді, - дейді Әсем Құсайынова Азаттыққа.
Суға түсіп жүргендердің көбі кәмелетке толмаған балалар екені байқалады. Жағажайдың кей тұстарында отбасымен бірге келгендер, дастархан жайып тамақ ішіп отырғандар, тіпті жалаңаш күйде су жағасында ұйықтап жатқандар да кездеседі. Көл жағасына демалуға келген Сәбижан Бектұрсын су жағасында тазалықтың күткендегідей емес екеніне шағымданады.
- Таза деп айта алмайсың. Қанша дегенмен көп жерден қоқыс тасталады. Халыққа бір жақсы қызмет көрсететіндей бір жақсы жағдай жасалмаған. Басқа шомылатындай бір жақын жер жоқ. Соны дұрыстап жасаса, Алматының барлық халқы осында келеді деп ойлаймын, - дейді Сәбижан Бектұрсын.
Тағы бір демалуға келген тұрғын Дәулет Сейітжапаров та Сәбижанның айтқанын қуаттайды.
ВИДЕО: Сайран көлінің тазалығы қандай?
- Тазалық жағы қиындау. Қай жерге барып отырсақ та, қағаз, қоқыс және сыраның бөтелкелері шашылып жатыр. Қарасаңыз, осы маңайда кішкентай балалар да ойнап жүр, - дейді ол.
КӨЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ ТЕКСЕРІЛУІ
Сайран суының адам денсаулығына қандай әсері барын қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті анықтайды. Осы департаменттегі бөлім басшысы Саят Қауметбаев суға түсу маусымы басталғалы бері көлден 26 рет зертханалық сынама алынғанын және қауіпті ештеңе байқалмағанын айтты. Бірақ ол ашық қоймадағы су ішуге жарамсыз болғандықтан адамдардың ауыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
- Жазда су жылы болады. Сондықтан жаңағы ішек ауруы, сары ауру сияқты аурулардың қоздырғыштары өршиді. Шомылып жүрген адамдардың суды жұтып қоюына ешкім кепілдік бермейді. Суды жұтып қойған жағдайда адамдар ауыруы мүмкін, - дейді ол.
Жергілікті билік екі жыл бұрын жағалауға құм төгіп, демалыс аумағын қайта жөндепті. Көл жағасына келу, суға шомылу тегін. Тек көл бетіне қайықпен шығып, катамаранмен серуендеу ғана ақылы. Одан түскен қаржы «Ақниет Үміт» мүгедектер қорына аударылады екен. Осы қордың мүшесі Абзал Әбішевтің айтуынша, олар қолданыстан шыққан қайықтарды сатып алады.
- Қапшағайдан және басқа да жақтардан ескі қайықтарды арзан бағамен сатып алып, өзіміздің цехта жөндеп, бояйтын жерін бояп, жамайтын жерін жамап шығарамыз. Өзімізді өзіміз жұмыспен қамтып, сөйтіп күн көріп жатырмыз. Бұл қайықты жалдау бағасы - сағатына мың теңге. Күніне көп түспесе де,он-он бес адам түседі, - дейді Абзал Әбішев.
"ТАЗАЛЫҚҚА 28 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН"
Сайран көлінің жоғары жағы тіптен демалыс аймағына ұқсамайды және көптен бері тазалау көрмегені аңғарылады. Сынған бөтелке, жыртылған қағаз, шашылған қоқыс бірден көзге түседі. Мұндай көрініс су бетінен де көрінеді. Көлдің кей тұстарындағы қоқыс иірімге жиналып қалған. Көлге құятын Үлкен Алматы өзенінің де кейбір тұсы батпаққа толып, қамыс өсіп кеткен.
Ал қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы Асқар Сералиевтің айтуынша, «бұл – уақытша көрініс». Ол биыл жергілікті бюджеттен Сайран маңын тазалауға 28 миллон теңге қарастырылғанын және алдағы уақытта көл жағасы айтарлықтай өзгеретінін айтады.
- Көлдің жағалауы бәрі жарықтандырылады. Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жасыл желектер отырғызылады. Оларды суғаратын арнайы су құбырлары қарастырылады. Сондай-ақ жүргіншілер жүретін жаяу жол, веложолдар пайда болады. Жағажай волейболына арналып алаңшалар дайындалады, - дейді Алматы әкімдігінің өкілі Азаттыққа.
Сайран көлі – 1971 жылы селден қорғану мақсатында салынған жасанды су қоймасы. Содан бері Алматыны басқарған шенеуніктер көл жағасын тұрғындарға қолайлы демалыс орнына айналдырудың бірнеше жобасын жасаған және сол жобалар үнемі өзгеріске ұшырап келеді.