Accessibility links

Сәкен Тулбаев карцерде отырып үкімге қарсы шағымданбақ


Сәкен Тулбаев (оң жақта) Бостандық аудандық сотында. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.
Сәкен Тулбаев (оң жақта) Бостандық аудандық сотында. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.

Экстремизмге қатысы бар деп айыпталған Сәкен Тулбаевтың қорғаушысы оның үкіміне қарсы апелляциялық шағым берді. Тулбаевтың өзі қазір Алматы абақтысының карцерінде жатыр.

Апелляциялық шағым Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шілденің 2-сі күні 46 жастағы Сәкен Тулбаевқа шығарған үкімге қарсы берілген. Ол Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына мүше болып, «діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен 4 жыл 8 айға бас еркіндігінен айрылған.

Тулбаев жаңа қорғаушысы Айман Омаровамен Алматы қаласының тергеу изоляторында (ТИ) кездесті. Шілденің 7-сі күні Тулбаев серуенге шығудан бас тартқаны үшін 16 тәулікке карцерге қамалған.

АПЕЛЛЯЦИЯ ЖӘНЕ КАРЦЕР

Қорғаушы Айман Омарова Азаттыққа Сәкен Тулбаевқа шығарылған үкімге қатысты «қысқа» апелляциялық шағым бергенін айтты. Оның сөзінше, үкім шығарылған күннен бастап 15 күн ішінде шағымдану мүмкіндігін пайдаланып қалу үшін арызды қысқаша әзірлеген.

Сот хаттамасымен толық танысқан соң қорғаушы қосымша шағым бермек. Оның айтуынша, іс пен сот процесінің егжей-тегжейін хаттамадан білуге болады.

Қорғаушысының сөзінше, Сәкен Тулбаев апелляциялық шағым түсіруге де құқылы. Ол үкім шыққан күннен бастап емес, үкімнің көшірмесін алған күннен бастап есептелетін 15 күндік мерзімге үлгеруі керек.

Оның изоляторында болып, апелляциялық шағымның бастапқы нұсқасын беріп кеттім, оны тез өткізуге тиіс.
Айман Омарова

– Оның изоляторында болып, апелляциялық шағымның бастапқы нұсқасын беріп кеттім, оны тез өткізуге тиіс. Сондай-ақ, сотқа өтініш әзірлеп, сот отырысының хаттамасымен танысуды сұрадық, - дейді Айман Омарова.

Қорғаушы тағы бір шағым түсірмек. Ол Сәкен Тулбаевты серуенге шығудан бас тартқаны үшін карцерге қамаған абақты басшылығының әрекетіне қарсы арызданбақшы. Оның айтуынша, тұтқындардың серуендеуге заңды құқығы бар, бірақ оны орындауға міндетті емес.

ТИ басшысы полковник Нұрбол Тайбеков Азаттық тілшісіне сотталушы Сәкен Тулбаевтың 7-23 шілде аралығында «серуеннен бас тартып, түрмеде отыру тәртібін бұзғаны» үшін карцерге қамалғанын айтты. Тергеу изоляторы басшысының айтуынша, тұтқынның серуеннен бас тартуға құқы жоқ. Тайбековке сенсек, «тұтқындар тек түрме дәрігерінің қорытындысымен ғана серуеннен босатылады».

Қорғаушы Омарова өзін ұзақ уақыт бойы Сәкен Тулбаевпен кездесуге жібермегенін айтады. ТИ басшысы Нұрбол Тайбеков Тулбаев пен қорғаушысының кездесуіне қандай да бір кедергілер болғанын жоққа шығарды. Қорғаушының Тулбаевты ұзақ уақыт күткенін Тайбеков «сол күні қызметкерлер санының аз болғанымен» түсіндіреді, оның айтуынша, сол күні түрменің 40-тан астам қызметкері оқу-жаттығуға кеткен.

ҚОРҒАУШЫ ІЗДЕУ

Сәкен Тулбаевқа үкім шығарған соң оның туысқандары жаңа қорғаушы іздестіре бастады. Бұрынғы адвокаты Жандас Бұлхайыр бұдан ары оны тегін қорғамайтынын айтқан. Тулбаевтың туысқандары Бұлхайырдың тергеу және сот кезінде тегін жұмыс істегенін растады: олар оның жол шығынын ғана көтерген.

Айыпталушы Сәкен Тулбаев (оң жақта) сот кезінде адвокаты Жандос Бұлхайырмен (сол жақта) сөйлесіп отыр. Алматы, 29 маусым 2015 жыл. Отбасы архивінен алынған сурет.
Айыпталушы Сәкен Тулбаев (оң жақта) сот кезінде адвокаты Жандос Бұлхайырмен (сол жақта) сөйлесіп отыр. Алматы, 29 маусым 2015 жыл. Отбасы архивінен алынған сурет.

Тулбаевтың туыстары жаңа қорғаушы жалдауға қаржылары жоқ екенін айтты. Кенеттен бір қазақстандық құқық қорғау ұйымы көмек қолын созып, апелляциялық процесс кезінде адвокаттың шығынын көтеруге қаржы бөлді.

Сотталушы Сәкен Тулбаев «діни алауыздық тудырды» деген айыпты мойындамайды. Өз айтуынша, «Табиғи Жамағат» ұйымы жоқ болғандықтан ол әрекет етпейтін ұйымның мүшесі болуы мүмкін емес».

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда діни азшылық өкілдерінің қудалауға ұшырауы жиі кездесетінін мәлімдейді. Ал қазақстандық билік барлық діни ұйымдарға бірдей қарайтынын айтып, оған мысал ретінде Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін келтіреді.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG