Accessibility links

Алматының Баку мен Ашғабаттан айырмашылығы - Шаңырақ оқиғасы шетелге естілмеді


Алматының күре жолын жауып наразылық танытқан «Шаңырақ» елді мекені тұрғындары арасында бала көтеріп тұрған әйел. Алматы, 23 шілде 2009 ж.
Алматының күре жолын жауып наразылық танытқан «Шаңырақ» елді мекені тұрғындары арасында бала көтеріп тұрған әйел. Алматы, 23 шілде 2009 ж.

Баку мен Ашғабатта үйлерді қирату ісіне халықаралық құқық қорғаушылар араласты. Ал Алматыдағы оқиғалардың жаңғырығы алысқа жетпеді.


Бакуде «Сәулеттік бет бейнесін жаңарту» жөніндегі қала билігі жүргізген науқан салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған азамат баспаналарынан айрылып қалды. Ашғабатта да дәл осы жағдай қайталанды.

ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ ҮЙ БҰЗУ

Жаппай жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары постсоветтік сұрқай Бакуді жарқыраған үлкен қалаға айналдырды деп жазады «Нью-Йорк таймс» газеті. «Бірақ бұның жағымсыз жақтары да бар: осында бірнеше ұрпақтары тұрып келе жатқан отбасылар өз аудандарынан ығыстырылып жатыр» дейді мақала ауторы Аманда Эриксон.

Бейбітшілік және демократия институты, «Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу жөніндегі Әзербайжандық науқан» және Әйелдердің дағдарыстық орталығы сынды жетекші құқық қорғау ұйымдары
Құқық қорғаушы Лейла Юнустың иелігіндегі ғимаратты құлатып тастады. Баку, 11 тамыз 2011 ж.

орналасқан үй де заңсыз бұзылды. Бұл ғимарат әзербайжандық белгілі құқық қорғаушы Лейла Юнус пен оның күйеуі Арифке тиесілі болатын.

– Елдегі құқық қорғау қызметінің үлкен торабы болған ғимаратты биліктің аясуыз қиратуы барлық әзербайжандықтарды үрейлендіру үшін жасалып отырған сияқты, – дейді «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аға қызметкері Джейн Бьюкенен.

Шамси Бадалбейли көшесіндегі бұл ғимаратты бұзу жөніндегі шешімді ел билігі өткен жылы-ақ қабылдап қойған. Биылғы жылдың мамыр айында ерлі-зайыптылар соттың түпкілікті шешімі шыққанша жылжымайтын мүліктерді алып қою мен қиратуға тыйым сала тұру жөнінде жергілікті сот орындарынан құлақтандыру алған. «Лейла Юнустың өзі Бакудегі жылжымайтын мүліктерді алып қою мен бұзу жағдайларына байланысты өзге де оқиғаларға қатысты мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте шағымданған» деп жазады «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы Әзербайжан: үйлерді бұзу мен күштеп шығаруды тоқтату» атты мақаласында.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ СОТ ШЕШІМІНСІЗ-АҚ БҰЗА САЛАДЫ

«Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Баку қаласының атқарушы билігіне маусым айында жолдаған ашық хатында қаланың орталық бөлігіндегі жүздеген жекеменшік үйлер мен кеңселерді алып қою мен бұзу жөніндегі мэрияның іс-әрекетіне араласуға шақырды. Жылжымайтын мүліктерді жаппай алып қою жұмыстары 2009 жылы басталды. Екі жылдың ішінде жүздеген, тіпті мыңдаған адам бұрынғы баспаналарынан айрылып қалды. Меншік құқы жаппай бұзылды.

Тұрғындар өтемақы төлеу мен өзге жерге көшіру жөніндегі ұсыныстарға көңілдері толмаған меншік иелері шықпай жатып-ақ биліктің сол тұрғын үйлерді бұза бастайтынын айтып берді. Кейбір жағдайларда жылжымайтын мүлікті бұзуға қатысты соттың түпкілікті шешімі шықпай тұрып осылай жасалатын көрінеді.

Мәселен, үш қабатты үйдің алдымен шатырын бұза бастағанда жоғары
Бакуде бұзылған үйлерінің жанында отырған адамдар.

қабаттағы тұрғындарды үйден шығуға мәжбүрлейді. Ал бірнеше айдан соң төменгі қабаттағы пәтерлерде тұратын адамдарды шығарып тастайды.

2009 жылдың қараша айында сегіз адамды үйден шығарып тастаған. Олардың кейбіреулерінің үстінде пижама, аяқтарында сүйретпесі ғана бар болатын. Жұмысшылар пәтердегі заттарын шығарып біткенше оларды тоғыз сағат бойы полицияда ұстаған. Кешке қарай бульдозерлер үйді бұза бастады. Тұрғындар дүние-мүлкін алып кету үшін қоймаға барғандарында, заттарының көпшілігіне зақым келгені, сынып қалғаны немесе жоғалып кеткені белгілі болды.

БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАС ҮШІН КЕЛІСПЕСКЕ АМАЛ ЖОҚ

Баку қалалық мэриясы жеке тұлға Руфан Кязимовты көптеген жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу жөніндегі жалғыз агент қылып тағайындап, адамдарды тек осы агентпен сатып алу-сату келісім-шартын жасасуға мәжбүрлейді. Бұл сауда-саттықтарды қаржыландыруға қажетті ақшаны – 5 миллион манатты (шамамен 6,3 миллион доллар) Руфан Кязимовтың есеп шотына Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы (ӘРММК) аударды.

Көп жағдайда ұсынылып отырған өтемақы мөлшері Бакудың орталығындағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнынан анағұрлым төмен болып шығады. Билік ғимараттың неге арналғанына, жағдайына, пайдаланылған мерзіміне немесе өзге де факторларға қарамастан барлығы үшін бірыңғай ставка, әр шаршы метрі үшін – 1500 манат (1900 доллар шамасында) мөлшерінде баға белгілеген. Тәуелсіз бағалаушылардың есебі бойынша, қаланың орталығындағы жылжымайтын мүліктің әр шаршы метрі 4000 АҚШ долларынан жоғары.

Өтемақыдан немесе басқа үйлерге көшуден бас тартқандарды далаға шығарып тастағанын, осының салдарынан олардың мүлдем баспанасыз қалғанын көрген соң өзге адамдар биліктің ұсынысына келісуге мәжбүр болуда.

Жылжымайтын мүлікті дәл осындай жолмен алып қою заңнамада көрсетілмеген. Заң жеке меншікке құрметпен қарауға кепілдік беріп, тек өте бір зәру жағдайларда ғана жерді алып қоюға мемлекетке рұқсат береді. Яғни, жол немесе өзге де коммуникациялық желілер салған кезде, шекаралық аймақты белгілегенде және қорғаныс сипатындағы нысандарды салған кезде. Оның үстіне бұның барлығы сот шешімімен рәсімделуі керек деп атап өтеді халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымы.

– Көп жағдайда қалыптасқан өтемақы жүйесі адамдардың тұрғын үйі мен жылдар бойына тірнектеп жиған мүлкінің орнын толтыруға мүлдем маңайламайды да, – дейді құқық қорғаушы Джейн Бьюкенен. – Тұрғын үйлер мен кеңселерді алып қоюға байланысты Баку мэриясы ойлап тапқан схеманы – елдің заңнамасын, меншік, жеке және отбасылық өмірге қол сұғылмаушылық жөніндегі сала бойынша Әзербайжанның халықаралық міндеттемелерін мазақ қылу деп айтуға болады.

ОРТА ТАП ДАЛАДА ҚАЛДЫ

Бұрындары Әзербайжан Совет одағындағы кедей елдердің бірі болатын. 2005 жылы салынған Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбырының арқасында Әзербайжан қазір ең бай постсоветтік елдердің біріне айналды. АҚШ мемлекеттік департаментінің деректері бойынша, бұл елдің ІЖӨ (ішкі жалпы өнімі) соңғы он жылдың ішінде үш есеге өсіп, шамамен 52 миллиард долларға жақындап қалды.

Жағдайдың бұлайша түзеле бастауы үкіметтің бүкіл Баку қаласын қайта жаңғыртуды қолға алуына түрткі болды. Бұрынғы темірбетоннан салынған аласа тұрғын үйлердің орнына жалға алынған халықаралық компаниялардың көмегімен биік-биік кешендер, әмбебап дүкендер, сауда
Гейдар Әлиев атындағы бульвар маңындағы үйлерді бұзып жатыр. Баку, 4 маусым 2010 ж.

орталықтары мен қонақ үйлер салынып жатыр. Тіпті, Каспий теңізінде Дубайдағы сияқты арал салу жоспары жөнінде де сөз тарап отыр.

Ел байлығының шарапаты Бакуге тиіп жатқанмен, орта тапқа жататын көптеген тұрғындардың жалақысы инфляция өсіміне ілесе алмай жатыр.

Мұғалім болып жұмыс істейтін Элдосту Элманның айлық жалақысы - 250 доллар. Өзінің көршілері сияқты ол да үйді жылдам босату жөнінде полициядан бірнеше мәрте ескертпе алған. Үкімет оның меншігі үшін 100 мың доллар ұсынған. Бірақ осы жерден отбасындағы тоғыз адам еркін сыятын өзге үлкен пәтер алу үшін бұл қаржы жеткіліксіз.

Қатаң бақылаудағы бұл елде адамдардың үйден шығарып тастауға қарсы қолданатын ешқандай шарасы жоқ. Ең мықтағанда ешқайда қозғалмай, «бәрі жақсы болып қалар» деп үміттеніп отыра береді.

– Соттар олардың жағында емес, – дейді құқық қорғаушы Лейла Юнус, – адамдардың өздерін қорғау мүмкіндіктері жоқ.

АШҒАБАТТЫҢ «ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ» ЖОСПАРЫ

Үйлерді заңсыз және рұқсатсыз алып қою мен бұзу, адамдарды далаға шығарып тастау оқиғалары Қазақстанда да, Өзбекстанда да, Тәжікстанда да, Түркіменстан мен Қырғызстанда да болып жатыр. Бірақ бұл шулы оқиғалар халықаралық деңгейдегі құқық қорғау ұйымдары тарапынан жаңғырық тудырған жоқ.

Осы мәселеге қатысты Азаттық радиосының қойған сұрағына «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының қызметкері Эрика Лалли:

– Біз Орталық Азия елдерінің көпшілігінде үйлерді бұзуға байланысты елеулі зерттеулерді әлі жүргізген жоқпыз. Бірақ біз Еуропалық парламенттің сыртқы істер жөніндегі комитетіне 2011 жылдың сәуір айында жасаған мәлімдемемізде Түркіменстандағы үйлерді бұзу оқиғалары жайында қысқаша жазғанбыз, - деп жауап берді.

«Соңғы 15 жыл бойы Түркіменстан үкіметі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі 2020 жылға дейінгі ұлттық бағдарлама аясында Ашғабатты жаңғыртудың орасан зор жобасын жүзеге асырып жатыр» дейді «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы. Бұл бағдарламаның елеулі, шешуші бөлігі Ашғабаттағы, Түркіменстанның өзге де
Түркіменстан президентінің жаңа сарайының ашылу рәсіміне қатысушылар мемлекеттік ту ұстап тұр. Ашғабат, 18 мамыр 2011 ж.

қалаларындағы үйлерді бұзу мәселесіне арналған. Бұл міндет мыңдаған тұрғындарды далаға күштеп шығару жолымен жүзеге асырылады. Оларға қажетті құқықтық қорғау қызметі көрсетілмейді немесе тиісті өтемақы берілмейді.

Бұл жобаны жүзеге асыру ашық түрде жүргізілмейді. Ашғабатты қайта жаңғыртудың жалпы жоспарынан жұртшылық бейхабар. Жобаның ресми мақсаты – қаланы жетілдіру мен абаттандыру, жаңа мемлекеттік ғимараттар, қонақ үйлер мен гүлзарлар, саябақтар мен фонтандар үшін жерді босату. Осының салдарынан мыңдаған адам баспаналарынан айрылып, ол жерге аса қымбат қонақ үйлер салынып жатыр.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымы және қуғындағы түркімен құқық қорғау ұйымының қолындағы деректерге сәйкес, кейбір кездері үйді босату туралы ескерту хаттары тұрғындарға үйдің бұзылуына бірнеше апта қалғанда ғана берілген. Үйлерінің нарықтық бағасын белгілеу жұмысы мүлдем жүргізілмеген. Жаңа баспаналар тұрғын үй заңнамасын бұза отырып берілген.

Мысалы, көп жағдайда мемлекет тарапынан ұсынылған тұрғын үйдің ауданы тұрғындардың бұрынғы үйінің ауданынан кем болған. Кейбір жағдайларда олар бұзылған үйлері үшін жаңа пәтер де, қаржылай өтемақы да алмаған. Үй иелеріне жаңа баспана алуға құқықтарының барлығы айтылмайды. Кейбір жағдайларда бұзылған үйі үшін азын-аулақ өтемақы талап етпек болғандарды жергілікті билік қорқытып-үркіткен, қуғындаған. Бұзылған үйлердің иелері сот билігіне сенбейтіндіктерін, өтемақыны сот арқылы өндіріп алу дегеннің болмайтын іс екенін «Хьюман Райтс Вотч» ұйымына бір ауыздан айтқан.

Ауыл, кент, қала, аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі 2020 жылға дейінгі ұлттық бағдарлама президенттің тапсырмасы бойынша 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қайта қаралады деп хабарлайды «Түркіменстан» сайты. Ол мерзім өтіп кеткенімен бағдарламаның жаңа нұсқасы жайындағы деректерді баспасөзден таба алмадық.

ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ

Қазақстандағы үйлерді күштеп бұзу мен мәжбүрлеп шығару саясаты Алматы маңындағы Шаңырақ кентінің тұрғындары мен полицейлер арасындағы қайғылы қақтығысқа ұласты. Көп адам жарақат алды, тұтқындалды. Бір полицейді тірідей өртеп жіберді.

Осының салдарынан төрт азамат ұзақ жылға бас бостандығынан айрылды. Азаттық радиосы сотталған бұл адамдардың тағдырлары жайында бірнеше мәрте егжей-тегжейлі жазды. Бұлардың ішіндегі ең
Күре жолды жауып наразылық пикетіне шыққан «Шаңырақ» елді мекенінің тұрғындары жиналған жерге келген полиция күші. Алматы, 23 шілде 2009 ж.

бастысы - елге белгілі диссидент Арон Атабек. Оның түрмедегі жағдайы жөнінде дерек белгісіз. Бұл мәселеге қатысты Азаттық радиосының материалдарын сайтымыздан оқи аласыздар.

Шаңырақ оқиғасынан бұрын, 2006 жылдың жаз айында Алматының маңындағы Бақай деген ауылда да ондаған үй бұзылған. Бұл шаралар заңсыз тұрғызылған үйлерді бұзу науқаны аясында жүргізілді. Бірақ оның заңдық жағы күмән тудырады.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Шаңырақ ісі бойынша сотталғандардың қоғамдық қорғаушысы болды. Азаттық радиосына 2010 жылдың шілде айында берген сұқбатында ол былай дейді: «Шенеуніктер бұл жерлерді кедей-кепшіктерге сатып, байи түсті. Осының салдарынан қарапайым азаматтар екі рет соққы алды. Бір жағынан олар жемқор шенеуніктерге жем болса, екінші жағынан сол билік бұл жерлерді олардан
«Шаңырақ» елді мекеніндегі бұзылған үйлердің бірі. Алматы, 5 мамыр 2009 ж.

тартып алды. Бұл азаматтардың қолдарында дәл сол шенеуніктерден алған заңсыз құжаттар болған.

Жермен байланысты айла-шарғылардың басым көпшілігі әлі ашылған жоқ. Ал құқық органдарына келсек, олар шенеуніктердің қылмыстық әрекеттерін ашып жатқандай кейіп танытады.

Демек, мәселенің қалай аяқталатынын әу бастан-ақ білген билік бұл жерлерді өздерінің баюы үшін пайдаланған болып шығады. Осы жерлерде заңсыз тұрып жатқан адамдарды жазалау үшін билікке өзінің шенеуніктік билігін пайдалану ғана қалды».

Өз үйлерін аман алып қалмақ болған азаматтардың әрекеттеріне қарамастан Алматыда үйлерді бұзу оқиғалары тағы бірнеше жылға жалғасты.
XS
SM
MD
LG