Accessibility links

Азаматтық белсенділер Украинаға көмек жайын талқылады


Азаматтық белсенді Нұрлан Төреханов (оң жақта). Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрлан Төреханов (оң жақта). Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

Алматыда өткен «Украина мен Қазақстан – Украинаның шығысындағы әскери қақтығысты бейбіт жолмен реттеудегі азаматтық қоғам» тақырыбын талқылауға қатысқандар көбінесе Путинге қарсы сөз сөйледі.

Алматыдағы Украина бас консулдығы ғимаратының ауласында өткен дөңгелек үстелге қатысушылардың назарына «Украинаның шығысындағы соғыс қимылдарына Ресей әскерилерінің қатысы барын айғақтайтын» фотосуреттер ұсынылды.

УКРАИНАНЫҢ ШЫҒЫСЫ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІГІ

Азаматтық белсенділердің бірі Украина туы мен Путинге қарсы сөздер жазылған майкалар ала келді. Оның бірнеше пікірлесі әлгі майкаларды киіп, ту ұстап суретке түсті. Олар дөңгелек үстел аяқталғанша майканы шешкен жоқ. Ал азаматтық белсенді қыздардың бірі білегіне көгілдір-сары түсті лента байлап алған.

Белсенділер Украина туын ұстап суретке түсіп тұр. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.
Белсенділер Украина туын ұстап суретке түсіп тұр. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенконың жуырда сөйлеген сөзіне сілтеме жасаған Украина бас консулы міндетін атқарушы Сергей Бобошко «Украина территориясына Ресей әскерлері басқыншылық жасады» деп мәлімдеді. Сергей Бобошконың сөзінше, Украинадағы ресейшіл сепаратистер бүлігі сияқты қауіпті жағдай Қазақстанның солтүстік облыстарына да төнуі мүмкін.

Азаматтық белсенді әрі дизайнер Нұрлан Төреханов: «Ресей әскері Украинаға басқыншылық жасаса, Украина Ресейге соғыс жариялауы тиіс. Қазақстандағы азаматтық қоғам Украинаның сыртқы агрессияға қарсы күресіне сонда ғана көмектесе алады» деп мәлімдеді.

Нұрлан Төреханов Қазақстанның азаматтық қоғамы қарулы күштерді тексеру бастамасын көтеруі тиіс деп мәлімдеді. Оның ұсынысын азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев құптап, «Қазақстан қорғаныс министрлігі басшылығын жемқорлық жайлаған әрі Ресейдің ықпалында болуы мүмкін» деген болжам айтты.

Нұрлан Төреханов пен Ермек Нарымбаев Қазақстан Ресейге жалға берген әскери полигондарын қайтарып алуы тиіс деген мәселе көтерді. Олар жалға берілген полигондарда Ресей әскери қызметшілерінің, әсіресе Ресей әскери полициясының бір жарым мыңдай жеке құрамы тұрғанынан қауіптенеді.

ЖҰРТТАН ЖЫРАҚ ПІКІР

Блогер Ринат Кибраевтың мәлімдеуінше, Украинаның шығысындағы «этносаяси жағдайды» Қазақстанның солтүстігіндегі жағдаймен салыстыру дұрыс емес. Ол республиканың солтүстік облыстарында этносаралық жанжал шығуға себеп жоқ деп есептейді. «Украинадағы жағдайға байланысты бітімгер болып жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та мұндай жанжалға жол бермейді» деп мәлімдеді Ринат Кибраев.

Украина бас консулы міндетін атқарушы Сергей Бобошко (сол жақта). Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.
Украина бас консулы міндетін атқарушы Сергей Бобошко (сол жақта). Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

Осы тұста отырған жұрт шу шығарып, сөзін бөліп жіберді де, оған сұрақтар қоя бастады. Жиынға қатысушылардың шуынан сөзін әрең аяқтаған Ринат Кибраев дөңгелек үстелден кетіп қалды.

Кибраев кеткен соң отырған әйелдердің бірі: «Мына сияқтыларды мұндай шараларға кіргізбеу керек» деді, ал өзге жұрт үндемеді.

Дөңгелек үстел тыныш өтті әрі оған қатысушылардың ешқайсысы ұсталған жоқ. Бірақ консулдықты күзететін полицейлер олардың аты-жөні мен жұмыс орнын сұрап жатты.

Дөңгелек үстел басталар алдында бас консулдық территориясына қара көзілдірік киген жас жігіт кіріп, жұртқа назар аудармастан ішке кірер есікке беттеді. Бас консул қызметін атқарушы Сергей Бобошко бейтаныс жігіттен қайда бара жатқанын сұрады. Консулға бара жатқанын айтқан оған Бобошко өзін консул ретінде таныстырды.

Украина консулдығындағы жиын кезінде келген адам. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.
Украина консулдығындағы жиын кезінде келген адам. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

«Олай болса жалғастыра беріңіздер» деген жігіт консулға бір қарады да, ешкімге көңіл бөлместен, консулдық территориясынан шығып кетті.

Консулдық қақпасынан шыққан бейтаныс адам елшіліктің күзет бөлмесіне кіріп, жергілікті полицейлермен әлдене жөнінде сөйлесті. Ол жерде 30 минуттай бөгелді.

Көп ұзамай тағы екі полицей келді. Біраздан кейін консулдық ғимараты жанында күзетші полицейлер ғана қалды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG