Accessibility links

Козловты босатудың «саяси себебі»


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов баспасөз жиынында отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов баспасөз жиынында отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов Алматыда түрмеден босағаннан кейінгі алғашқы баспасөз жиынын өткізді. Құқық қорғаушылар оны қылмыстық қудалау мен түрмеден босатудың саяси себебін талқылады.

Сот шешімімен жабылған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Алматыда түрмеден босағаннан кейінгі алғашқы баспасөз жиынын өткізді. Тәуелсіз журналист әрі баспасөз жиынын жүргізген Сергей Дуванов «Козлов саяси мақсатпен қудаланды» деп мәлімдеді.

Козловтың баспасөз мәслихаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00
Жүктеп алу

Владимир Козлов өзін түрмеден босатады деп мүлде күтпегенін айтады. Мерзімінен бұрын шартты жазамен босату мәселесі шешілген сот қарсаңындағы үш тәулік ішінде оған қарама-қайшы мазмұнда – әуелі теріс, ал сот алдында оң – екі мінездеме жазған. Өзін босататынын ол осы жайттан түсінген.

Козловтың айтуынша, Алматы облысы Заречный ауылындағы түрме әкімшілігі оны Қапшағай қалалық көшпелі сотының 4 тамыздағы қаулысы күшіне енген 19 тамыз күні шамамен сағат 17-ден бастап шығарып жіберуге тырысқан. Бірақ ол адвокаты Айман Омарова келмей түрмеден шығудан бас тартқан.

– Менің түрмеден босауым триллерге айналды, – дейді Владимир Козлов.

Ол отбасына түн ортасынан ауып кеткенде жеткен.

«Саясатпен айналысасыз ба?» деген сұраққа Козлов «саясат екеуміз біргеміз», сондықтан жұртқа пайда әкелетін дүниемен айналысамын деп жауап берді.

Владимир Козлов баспасөз жиынын өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:02 0:00

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтистің пікірінше, Козловты саяси шешім қабылдау нәтижесінде босатқан. Ол ықтимал себептер ретінде ішкі қаржылық-экономикалық және саяси проблемалар мен Батыс елдерінің Қазақстан билігіне қысымын атайды.

Тамыздың 19-ынан 20-сына қараған түні Евгений Жовтис Facebook желісінде Козлов түрмеден босап, Заречныйдан Алматыға келе жатқаны туралы қысқа пост жариялаған. Ол бұл хабарды Козловты босататын күн мен уақытты қалтқысыз қадағалаған құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетовадан естігенін хабарлаған. Ал Жеміс Тұрмағамбетова Козловты босату үшін қиын келіссөздер жүргізгенін (бірақ келіссөзге қатысқан екінші тарапты атамады), бірақ оны босататынына ақырына дейін сенімді болмағанын айтады.

Адвокат Айман Омарова Владимир Козловтың маңызды саяси тұлға екенін түсінетінін, бірақ мерзімінен бұрын шартты жазамен босаған адам ретінде ол заңда қарастырылған бүкіл ұйғарым, тыйымдарды орындауы тиіс екенін ескертеді.

Владимир Козлов соңғы баспанасын тартып алғандықтан, Алматы облысы Есік қаласындағы енесінің үйінде тұруға мәжбүр екенін хабарлады. Ол Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қалалық бөлімшеге тіркеуге тұрып, шартты жазамен босаған адам ретінде жүріс-тұрысы шектеулі болады, Алматыға рұқсатсыз келе алмайды.

Владимир Козлов қамауда 2012 жылдың 23 қаңтарынан бері отырды. 2011 жылдың 16-17 желтоқсанындағы Жаңаөзен оқиғалары кезінде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен 2012 жылдың 8 қазанында жеті жарым жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген. Ол кезде полиция ереуілші мұнайшылар мен қала тұрғындарына қарсы қару қолданып, ресми дерекке қарағанда, 16 адам мерт болып, 100-ден аса адам жараланған.

Соңғы жылдары Алматы түбіндегі Заречный кентінің түрмесінде отырған оған қарсы түрлі дисциплинарлық жаза түрлері қолданылған еді. Саясаткер мұндай жаза түрлері өзін мерзімінен бұрын босатпау үшін жасалып жатыр деп санап, шағымданған.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі ресми өкілі қазақстандық оппозициялық саясаткер Владимир Козловты бостандыққа шығаруды құптады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG