Қазанның 6-сы күні Ақтөбе стадионында 2017 жылғы Еуропа футбол чемпионатына іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Англияның жастар құрамалары арасында өткен матч 0:1 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды. Қазақстан чемпионатқа қатысу мүмкіндігінен осы ойынға дейін айырылғандықтан бұл турнирлік мәні жоқ матч еді. Бірақ мәдени тұрғыдан алғанда, бұл ойын Ақтөбе мен бүкіл Қазақстан үшін үлкен тарихи спорттық оқиғалардың бірі болды, Қазақстанның провинциялық қаласына мұндай деңгейдегі құрама ешқашан келіп көрмеген.
Қазақстан құрамасы осал көрінбегенімен, матч барысында ағылшындар күші басым екенін танытты. Ойынның бесінші минутында Қазақстан құрамасы голкипері Стас Павловтың қақпасына Англия чемпионы - «Лестер Сити» командасының ойыншысы Демарай Грей жалғыз гол соғып, Англия топ көшбасшысына айналды. Қазақстан құрамасы бес команданың ішінде төртінші орында тұр.
Ақтөбе жұрты ел намысын қалай қолдайтынын көру үшін Азаттық тілшісі Санат Орын Әли матчқа арнайы барды.
ОЙЫН АЛДЫНДАҒЫ АХУАЛ
Мұндай дәрежедегі құраманың аймаққа тұңғыш келгені стадионында ойын өткізу жоспарланған «Ақтөбе» футбол клубының медиа-офицері Айшат Ибрагимованың дауысынан да аңғарылып тұрды.
– Аккредитацияңыз бірден екі ойынға - Англия мен Норвегиямен болатын матчқа (қазақстандықтар Норвегия құрамасымен төрт күннен кейін ойнайды - Азаттық) кіруге жарайды. Жоғалтып алмаңыз, - деп қатаң ескертті Айшат «Англия» сөзін бірнеше мәрте қайталап айтып.
Матч алдында ұйымдастырылған баспасөз жиындарында қос команданың бапкерлері бір-бірін «лайықты қарсылас» деп атаған қошемет сөздермен шектеліп, тартысты ойын көрсетуге уәде етті.
– Футболдың негізін салған ағылшындар екенін жұрттың бәрі жақсы білетін шығар. Алайда осы матчты біздің құрама үшін ғана емес, ағылшын құрамасы үшін де қиын матчқа айналдыруға тырысамыз, - деді Қазақстан құрамасының бапкері Вахид Масудов.
Бірақ бұл матчтың «біздің» командаға қиындау тиетінін жұрттың бәрі түсінген тәрізді. Жігіттерді ағылшындарға қарсы «баптаудың онша мәні жоқ болғанымен», команда мұндай құрамда соңғы рет бір жарым ай бұрын жиналғанын бапкер мойындағаннан кейін бұл ой тіпті беки түсті.
Матч алдында ғана тағайындалған Англия құрамасының бапкері Эйди Бутройд (оның алдындағы бапкер Гарри Саутгейт уақытша ересектер құрамасына ауысқан): «Біз нәтижеге жету үшін ойнаймыз», - деп қысқа қайырды.
Бұдан кейін журналистерге командалардың алаңдағы жаттығуларын түсіруге мұрсат берді.
Азаттық тілшісіне қазақстандық футболшылардың қимылы әдеттегідей сылбыр көрінді әрі олар камераның жарқылынан үріккендей БАҚ өкілдерінен аулақта – алаңның шетінде жаттықты. Ал ағылшындар оператор камераларының тура алдында доп қуып жүрді. Сағатына қарағыштай берген жаттықтырушылардың бірі тіпті журналистер мен команда арасына тұрып алды. Командалар тактикасын қарсыластары біліп қояды деп қауіптенгендіктен, жаттығуды түсіруге 15 минут қана уақыт берілді.
Матч өтетін күннің кешінде Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның айналасындағы ағаштарды коммуналдық қызмет жұмысшылары жанталаса әктеп жатты. Ал стадионның алдыңғы жағына ілініп тасталған «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары бейнеленген үлкен баннерлерді стадион қызметкерлері жерге түсіріп, шаңын сүртті. Әкімшілік холында сықиып киінген маңғаз бір адам қарамағындағы үш қызметкерге берген соңғы тапсырмаларын пысықтап жатты.
– Түнгі 12-ге дейін осында болып, күзетшілердің жұмысын қадағалайтын болыңдар. Құдай бетін ары қылсын, [фанаттар] бірдеңені өртеп немесе оқыс бірдеңе істеп жүрмесін, - деп ескертті ол.
ДАУЫЛПАЗ ДАҢҒЫРЫМЕН
Ойын өтетін күні жұрт билет алу үшін стадион алдындағы кассаға ағыла бастады. Билет құны стадион секторының орналасқан тұсына байланысты 50 теңгеден 5000 теңгеге дейін бағаланған. Жұрт орынды онша талғамағанымен, көбінесе 1000 теңгелік билет сатып алуға тарысып жатты.
Процесті «еуропаландыру» мақсатында екі команданың атрибуттарын сатуды ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясы қойған сатушылар да осы жерде жайғасыпты. Атрибуттар бағасы шынымен Еуропамен шамалас: «Қазақстан-Англия» деген жазуы бар шағын шарф 2000 теңгеден, ұлттық құраманың футболкасы 7000 мың теңгеден сатылып жатты. Ойынға бірер сағат қалғанда стадионның сырт жағында ұлттық гвардияның қара-көкшіл киімдегі, белдеріне резеңке таяқ байлаған жауынгерлері іркес-тіркес шеп түзеді. Әскери «Камаз» көліктерінде бірнеше ондаған сарбаз отырды. Ойын басталатын сәтке қарай полицейлер қарасы тіпті көбейді. Биылғы маусымда қаладағы адам өліміне ұласқан, билік «теракт» деп атайтын атыстан кейін ақтөбеліктер полицейлер мен әскерилер қаптап жүретін мұндай көрініске үйренген. Екі тайм бойы алаңды қоршауға алып тапжылмай күзетіп тұратын болғандықтан, стадионның сыртқы жағында тәртіп сақшылары үшін асхана сияқты орын да ұйымдастырыпты.
Стадионға кіреберісте жанкүйерлерді қолмен де, металл іздегішпен де мұқият тексеріп, олардан сөмкелерінің ішін көрсетіп, сусын құйылған пластик бөтелкелерді тастап кетуді талап етті. Бірақ мұндай талап болатынын алдын ала сезген «тісқақты» жанкүйерлердің (ал бұл жағынан ақтөбелік жанкүйерлердің тәжірибесі мол) алдын ала «сілтеп алғаны» байқалды, сондықтан стадионның ішін арақтың мүңкіген иісі матч басталмай жатып жайлап алды. Кіреберістегі қыздар: «Ойыншыларды қолдау үшін әнұран ойналып біткеннен кейін парақтарды жоғары көтеріңіздер» деген нұсқау беріп жатты. Жанкүйерлер әр орындықта жатқан, елдің ұлттық символикаларындағыдай сары және көгілдір түсті әлгі парақтарды жоғары көтеріп ұстауы тиіс. Кей орындықтар шаң болғандықтан, кейбір пысық жанкүйерлер әлгі парақтарды астына төсеп алды.
13 мың орындық стадион адамға лық толғандықтан (жергілікті журналистердің пікірінше, биыл мұндай жағдай бірінші рет болған), ішімдіктің иісі тіпті күшейе түсті. Ойын басталардан бірер минут бұрын масайып алған әлдебір ер адам әуелі полицейлермен ерегесіп қалып («Менің қызым қайда? Оған бірдеңе болып қалса, сендерге көрестемін!»), кенет оларға жұдырық ала ұмтылды. Әп-сәтте оның қолын қайырып, сыртқа алып кетті.
Жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат сегізде ресейлік төреші Сергей Лапочкиннің матч басталғанын хабарлаған ысқырығы естіліп, алаңға доп тасталды. Әу дегеннен шабуылды бастырмалатқан ағылшындар Қазақстан құрамасын қыспаққа ала бастады. Мұның аяғы Қазақстан құрамасына оңай соқпайтынын сезген трибунадағы жұрт гуілдеп кетті. Ойынның алтыншы минутында Станислав Павловтың қақпасына Грей соққан голды жұрт қиқулап қарсы алды. Бірақ олардың «Әй, ойнасаңдаршы!», «Күш салмайсыңдар ма?!», «Мың теңгемді қайтарып беріңдер, мен кеттім!» деген балағат аралас ашулы сөздерінің ағылшындарға арналмағаны айқын еді.
Бірінші тайм аяқталуға бірер минут қалғанда ағылшындар қақпасына гол соғуға бірнеше рет ұрымтал сәт туғанымен, қазақстандықтардың әрекетінен ештеңе өнбей, олар қақпаға допты маңайлата алмады. Ағылшын құрамасының қорғаушылары қазақстандық шабуылдаушылардың доп соғуына мүмкіндік бермеді, ал ұрымтал сәт туса да тепкен доптары қиыс кеткен ойыншылар жанкүйерлердің ашу-ызасын қоздырды.
Ағылшындар екінші таймда да допты бермеді. Олар қазақстандықтардың қорғанысын бұзып өтуге тырысып, әр 3-4 минут сайын сол қапталды шабуылдай берді. Қазақстандық футболшылар ағылшындардың айла-тәсілдерін болжап қимылдағанымен, ештеңе істей алмады. Ағылшындар қақпаның «тоғыздығын» көздеп бірнеше мәрте доп соққанымен, қақпашы оларды қағып жіберіп, тамаша ептілік танытты.
Бұл кезде «13 сектор» (ақтөбелік жанкүйерлердің бүкіл Қазақстанға мәлім тобы – Азаттық) фанаттарының бір бөлігінің ойынға ықыласы азайған болатын. Қазақстандықтардың гол соға алмайтынын әрі енді қақпасына доп түсірмейтінін түсінгендей болған олар көңіл көтеруге кірісті. Стадион іші қапырық болып кеткендіктен, ең пысықтары футболкаларын сыпырып тастап, жартылай жалаңаш күйінде бір-бірімен алысып-жұлыса бастады. Алаңдағы төрешінің матч аяқталғанын білдіретін ысқырығы ел әнұранын шырқаған фанаттардың қырылдаған үніне ұласты.
Матчтан кейін ұйымдастырылған баспасөз жиыны күткендегідей сарында өтті. Жеңілгендер «тәжірибе жетпей қалды» деп ақталса, жеңімпаздар кезекті жеңісіне қуанышты екенін сабырлы күйде білдіріп жатты.