Accessibility links

Обаманың президент болғанының Қазақстанға әсері


АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сеул, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сеул, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық қазақстандық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен «АҚШ президенті қызметінен кеткелі жатқан Барак Обаманың сегіз жылдық билігі Қазақстанға және екі жақты қарым-қатынасқа қалай әсер етті?» деп сұрады.

Сегіз жыл АҚШ президенті болған Барак Обама қаңтардың 20-сы күні Ақ үйден кетеді. Бұл кезеңде Қазақстанда ресми дерекке сәйкес, 17 бейбіт тұрғын мерт болып, ондаған адам жараланған Жаңаөзен оқиғасы болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың еркіндігін шектеп, тәуелсіз БАҚ-ты қудалағаны, азаптау практикасын пайдаланатыны, оппозициялық ұйымдарды басып-жаншығаны үшін Астананы талай мәрте сынаған болатын. Кейінгі жылдары Қазақстанда азаматтық белсенділер қудалауға ұшырап, көбі «саяси» баптар бойынша сотталды.

Азаттық қазақстандық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен «Обаманың сегіз жыл президенттігі Қазақстанға не берді?» деп сұрап көрді. Сарапшылардың кейбірі Обаманы сынаса, енді біреулері оны мақтайды, ал кейбірі бейтарап позиция ұстанады.

ОҢ БАҒА

«Ақ жол» президентшіл партиясыны жетекшісі, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, Барак Обаманың сегіз жыл президенттігі Қазақстан үшін жайлы болды деп санауға негіз бар. Перуашевтің сөзінше, бұл ең әуелі америкалық бизнестің Қазақстан экономикасына келуінен байқалды.

Азат Перуашев, мәжіліс депутаты. Астана, 9 маусым 2016 жыл.
Азат Перуашев, мәжіліс депутаты. Астана, 9 маусым 2016 жыл.

– Ал саясат жағына келсем, ...негізі ағымдық жұмыс дұрыс болды, – дейді Перуашев.

Бұрынғы президентшіл «Қазақстан патриоттар партиясының» экс-жетекшісі әрі сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымовтың айтуынша, АҚШ-тың алдыңғы президенттері сияқты Барак Обаманың президенттігі де Қазақстан үшін жайлы болды.

Сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымов.
Сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымов.

– Бұл кезең Қазақстан үшін берекелі кезең болды. Ешқашан және еш жерде америкалықтар бізге қарсы әрекет еткен жоқ. Біз де оларға қарсы шықпадық. Бір-біріміздің бейбіт бастамаларымызды, ядролық қарусыздану жолындағы күресте бір-бірімізді қолдадық. Біріккен ұлттар ұйымында да көп позициялар бойынша америкалықтармен бірге болдық. Бұл ең берекелі, ең жақсы кезең болды. Қазақстан мен АҚШ бірлесіп, екі жақты негізде бүкіл адамзат үшін көп игі істер атқарғаны үшін тағдырға алғыс айту керек, – дейді Ғани Қасымов.

БЕЙТАРАП БАҒА

Кезінде өзін оппозициялық ұйым ретінде көрсетіп, 2005 жылы билік жойған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының жетекшісі болған, ал қазір Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметовтің айтуынша, «АҚШ-ға үміт артып керегі жоқ», өйткені ол жақта да «бәрі орнықты, бір қалыпты» емес екенін оның өзі көрсетті.

Almaty Management University президенті Асылбек Кожахметов.
Almaty Management University президенті Асылбек Кожахметов.

– Қазақстан өзінің орнықты саясатын жүргізіп, өзінің орнықты мемлекетін құруы тиіс. Бірақ ол халықтың мүддесін көздеуі, экономиканы дамыту мен диверсификациялау жағына, халықтың пікірін ескеру жағына, азаматтық қоғамды дамыту жағына бет бұруы тиіс, – дейді Асылбек Қожахметов.

Оның қазір өзі жұмыс істейтін білім беру жүйесіне қатысты пікірі «Қазақстан бұл салада Барак Обаманың президенттігінен ұтымды ештеңе алған жоқ» дегенге саяды.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, Барак Обама Қазақстанға қатысты «барлық жағынан бейтараптық ұстанған».

– Ол Қазақстанға ырыс-құт та, қайғы-қасірет те әкелген жоқ. Ол еш жерде Қазақстанға қатысты «иә» деп те, «жоқ» деп те көрген жоқ, – дейді ол.

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.
Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

СЫН

Экономист Петр Своик Обама тұсында Қазақстанда Американың ықпалы азайды, ал ресейлік телеарналар ықпалын нығайтып алды деп санайды.

– Қазақстанның АҚШ-пен экономикалық байланысы бұрыннан көп емес болатын. Бізде Америка көбінесе саяси, идеологиялық және ақпараттық салаларға араласатын. Обама президенттігі тұсында ықпалы күрт азайды. Рас, бұл процесс оған дейін басталған, бірақ оның тұсында аяқталды. Бұрын Ресей телевизиясы мен америкалық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) ықпалы арасында әлдебір тепе-теңдік болған, ал қазір ресейлік телевизияның ғана ықпалы басым. АҚШ-тың Қазақстанға ықпалы Обаманың тұсында принципті түрде азайды, – дейді Петр Своик.

Экономист Петр Своик.
Экономист Петр Своик.

Алматыдағы Хельсинки комитеті (2012 жылы жұмысын тоқтатқан) төрайымы Нинель Фокинаның айтуынша, Қазақстандағы өткір проблемалар саласында жұмыс істеген құқық қорғау ұйымдарын қолдауға Обама президенттігінің екінші мерзімінде АҚШ мүлде дерлік көңіл бөлмеген.

– Өзге барлық құқық қорғаушылар сияқты бізді де көп жыл қатарынан америкалық қорлардың қолдап келгені ешкімге құпия емес. Бірақ Обама президенттігінің бірінші мерзімінің соңғы жылдарында біз демократия проблемаларына деген күрт салқындықты сезіндік, ал екінші мерзімінде мүлде қолдау болған жоқ. Меніңше, олар жыныстық азшылық, балалардың еңбегін пайдалану сияқты Қазақстан үшін онша өзекті емес проблемаларға көбірек мән берген сияқты. Мұндай проблемалар бізде де бар, бірақ біздің мәдениетімізге, адамдардың, халықтың тарихи сана-сезіміне байланысты бізде мұндай проблемалар онша өзекті емес. Сондықтан біз мұны анық сезіндік. «Неге?» деп сұрағанымызда «Сіздерге, ұйымдарыңызға мұның қатысы жоқ» деп жауап берген. Бірақ Орталық Азия елдеріндегі бізді алаңдататын өткір проблемалар саласында жұмыс істейтін адамдарды қолдаудың келешегі жоқ деген саясат ұстанды. Мұның әсері өте қатты, айқын сезілді, – дейді ол.

Алматыдағы Хельсинки комитеті төрайымы Нинель Фокина.
Алматыдағы Хельсинки комитеті төрайымы Нинель Фокина.

«Барак Обаманың президенттік кезеңінде Қазақстанда ҮЕҰ-ның ахуалы нашарлады» дегенді парламент сенатының бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова да айтады. Бірақ ол мұның себебін Қазақстан билігінің АҚШ-қа сақтана қарауынан деп түсіндіреді.

– Шын мәнінде, еліміз Америкамен қарым-қатынаста үнемі екіұшты саясат ұстанады. Әріптестік жайлы жар салғанымен, ел ішінде Вашингтонды сынаған пікірлерді жиі естідік. Әлгі кезеңде ҮЕҰ-лардың, қоғамдық ұйымдардың жағдайы қиындап кетті. Оларға көп тағылатын айыптардың бірі – «ҮЕҰ-ны америкалық немесе халықаралық қорлар қаржыландырады». Сондықтан Барак Обама президенттігі кезеңінде Қазақстанда азаматтық қоғамның ахуалы нашарлап, «қилы революциялар Американың демеуімен жасалады, ол Қазақстанда да сондай бірдеңені қаржыландыруы мүмкін» деген қауіптер айтылды, – дейді Зәуреш Батталова.

"Қазақстанда парламентаризмді дамыту" қорының президенті Зәуреш Батталова.
"Қазақстанда парламентаризмді дамыту" қорының президенті Зәуреш Батталова.

АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама қызметінен қаңтардың 20-сы күні кетеді. Президенттікке сайланған Дональд Трампты ұлықтау рәсімі дәл сол күні Вашингтонда өтеді. Осы айда Чикагода сөйлеген қоштасу сөзінде Обама «кейінгі жылдары Американың қуаты арта түсті, бірақ америкалықтар ел бірлігіне қатер төндіретін алауыздықтарға тап болды» деген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Барак Обаманың президент қызметіндегі 8 жылы

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG