Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Ресей Қырымды басып алардан бірер күн бұрын, яғни 2014 жылғы 28 ақпанда өткен отырысының стенограммасын жариялады. Осыған дейін мемлекеттік құпия болып келген 37 беттік құжатта билікке келгеніне бір апта да болмаған уақытша үкіметтің дайындығы нашар армияның Ресей шабуылына төтеп бере алмасын біліп қатты сасқалақтағаны анық байқалады.
Украина парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитеті Қырымды аннексиялау басталған тұста елдің қандай жағдайда болғанын және үкіметтің қандай қарсы шаралар қолданбаққа әрекеттенгенін ашық көрсету үшін стенограмманы жарыққа шығарғандарын хабарлады.
"Кейіннен бұған қатысты өсек-аяң мен арандату көбейді. Мүмкін енді екі жылдан соң шығыстағы соғыстың қалай басталғанын да айтып берерміз", - дейді комитет төрағасы Сергей Пашинский.
РУХЫ ӘЛСІРЕГЕН ЖАУЫНГЕРЛЕР
Қырымдағы украин солдаттарының жауынгерлік рухы төмендеген әрі олардың көбі Виктор Янукович елден қашып кеткеннен соң билікке келген уақытша үкіметті мойындамаған. Жиналыс кезінде осыны айтқан Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко «әскер Киевтен берілетін бұйрықты орындауға дайын емес» дейді.
Сонымен бірге ол сарбаздардың арасында Украинаға берген анттарын бұзғандардың бар екенін жеткізген. Бұл фактіні мойындаған ішкі істер министрі Арсен Аваков Украинаның 67 полицейінің Ресейге "сатылғанын" хабарлайды.
Кеңес мүшелері Қырым түбегінде 15 мыңға жуық украин сарбазының жүргеніне қарамастан, жалпы қарулы күштің тым әлсіз екенін айтады. «Әскерилердің көбі – келісім-шарт бойынша қызметке алынған жергілікті тұрғындар. Олар үшін әскери қызмет – тек табыс көзі. Көп дегенде 1500-2000 жауынгер ғана қару қолдану бұйрықтарын орындауға дайын», - дейді қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Игорь Тенюх.
Украина жауынгерлерінің арасында тек 5 мың сарбаз ғана әскери ұрыстарға қатысуға әзір болып шықты. «Оларды Қырымға жіберсек болады, бірақ бұл Қырым мәселесін шеше алмайды. Тек оларды өлімге айдап саламыз», - дейді И.Тенюх.
РЕСЕЙДІҢ 58 МЫҢ СОЛДАТЫ
Кеңес мүшелері Украина аумағында жүрген немесе шекараның ар жағында тұрған Ресей әскерінің санына қатысты түрлі мәліметтерді ортаға салады.
«Киев, Донецк және Харьков бағытына қарай 38 мыңдай адам дайындалып қойған. Егер олар таңертең Чернигов облысына келетін болса, онда кешке Киевке жетеді», - дейді қорғаныс министрінің міндетін атқарушы И.Тенюх.
Кеңес барысында Ресейдің Қырымға шабуылдаушы отрядтары мен Бас барлау басқармасының арнайы күштерін жіберіп жатқаны айтылады. И.Тенюхтың айтуынша, кеңес отырысы өтіп жатқан тұста Қырым түбегінде 20 мыңға жуық Ресей әскері болған. (Ресей ол кезде Қырымдағы «кішкене жасыл адамдар» делініп кеткен қарулы адамдардың өздеріне қатысы жоқтығын, олардың жергілікті еріктілер екенін айтып ант-су ішкен. Алайда кейіннен президент Владимир Путин олардың Ресей жауынгерлері болғанын мойындады).
Отырыс барысында И.Тенюх Украина әскери-теңіз флоты мен Ресей Қара теңіз флоты командирлерінің арасында болған сұхбат туралы да айтқан. Әңгіме барысында Ресей Қара теңіз флотының басшысы «біз ақырына дейін соғысамыз» деп қорқытқан.
«Барлық күштер соғысқа сақадай сай дайын. Егер сендер қарсыласпасаңдар, ешқандай қан төгілмей, бәрі бейбіт түрде шешіледі», - депті Ресей флотының командирі.
РЕСЕЙДІ ҚОЛДАҒАН ҚЫРЫМ
Украина Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы В.Наливайченконың айтуынша, Қырым тұрғындары Ресейдің әрекеттеріне жаппай қолдау көрсеткен. «Ресей мен Қырымның ақпарат құралдарының көмегімен жалған ақпарат тарату, жала жабу, қоғамдық пікірді бұрмалау науқаны жаппай жүріп жатыр», - дейді ол.
Сол кездегі Украина президенті міндетін атқарушы әрі парламент спикері Александр Турчинов Қырым халқына қайырылып, Украина үкіметінің оларға жау еместігін түсіндірудің маңыздылығын айтады. «Біз қырымдықтардың өздері Украинаға қарсы көтерілді деген жалған сөзді терістеуіміз керек. Көтерілген қырымдықтар емес. Бұл – егемен мемлекетке жасалған нағыз әскери операция», - дейді А.Турчинов.
ҚЫРЫМНЫҢ ЖАҢА СТАТУСЫНА ҰСЫНЫСТАР
Сол кездегі премьер-министр Арсений Яценюк Қырым автономиялық республикасының мәртебесін өзгертіп, оған көбірек еркіндік беру арқылы саяси дағдарыстан шығуға болады деген ой айтады. Жаңа қабылданатын заңда Қырым өзінің ішкі мәселелерін, қаржылық жүйесін өзі реттейді дейді Украина үкімет басшысы.
«Мұны шартты түрдегі тәуелсіздік деуге болады. Мәселен, оларға қосымша құн салығын, акциздік алымдардың бір бөлігін қалдыруға болады. Сонымен бірге тілдік, ұлттық, мәдени және этностық мәселелердің бәрін өздері шешсін», - дейді А.Яценюк.
Десе де ол бұл жоспардың іске аспайтынын өзі де мойындайды. Премьердің айтуынша, Ресей бұл сценарийдің жүзеге асуына жол бермейді, себебі олар «конфликтінің бейбіт шешілгенін қаламайды».
ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙ
Президент міндетін атқарушы А.Турчинов Украинада әскери жағдай жариялау туралы бастама көтереді. Басқалардың «бұл ел ішінде тіпті дүрбелең туғызады» деген сөзіне Турчинов: «Крещатикте [Киевтің басты көшесі] Ресей танкілері жүрсе, дүрбелеңнің көкесі сонда болады», - деп қарсы уәж айтады. Оның пікіріне құлақ асқан ешкім болмайды.
«Біз әскери жағдай жарияласақ не болатынын білесің бе? Олардың [Ресейдің] көксегені – осы. Солдаттармен қоса ол жерге шешендер барады, бәлкім қазір-ақ сонда жүрген шығар. Онда этностық конфликт басталады», - дейді А.Яценюк. Турчинов сонда да әскери жағдай жариялау мәселесін дауысқа салады.
«Кім қолдайды? Жақсы, тек Турчинов қана қолдады. Шешім қабылданған жоқ», - дейді ол.
РЕСЕЙДЕН СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ
Жиын ортасында Ресейден телефон шалынып, Украина Қауіпсіздік кеңесінің отырысы аяқсыз тоқтап қалады. Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Сергей Нарышкин тез арада Александр Турчиновпен байланыстыруды талап етіп, қоңырау соққан.
«Не десем екен? Нарышкин Путиннің қоқан-лоққысын жеткізді. Айтуынша, олар Украинаның орыстар мен орыстілділерді қудалауына байланысты қатаң шешім қабылдауы мүмкін екендіктерін де жоққа шығармайды. Бәлкім, олар әскерді тек Қырымға ғана жібермейміз дегенді меңзеп тұрған болар», - дейді Турчинов.
Анна Шаманскаяның материалы ағылшын тілінен аударылды.