Accessibility links

Полициямен атыста тірі қалған ақтөбелікке айып тағылды


Құрманқұл Ғабит Азаматұлы, Ақтөбеде полиция мен қарулы топ арасында болған қақтығыс кезінде тірі қалған шабуылдаушы.
Құрманқұл Ғабит Азаматұлы, Ақтөбеде полиция мен қарулы топ арасында болған қақтығыс кезінде тірі қалған шабуылдаушы.
"Полицияға қарулы қарсылық көрсеткен үш жігіттің бірі Ғабит Құрманқұлды тұтқындау туралы сот санкциясы шықты" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық соты.

Маусымның 23-і полициямен қарулы топтың арасында алты сағатқа жуық атыс болды. Қарсылық көрсеткен үш жігіттің екеуі оққа ұшып, біреуі ауруханаға түсті. Ғабит Құрманқұл маусымның 23-інен бері Ақтөбенің жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев Азаттық тілшісіне "жағдайы қанағаттанарлық" деген болатын.

"Б" ЖӘНЕ "Ж" ТАРМАҚТАРЫ

Ғабит Құрманқұлды тұтқынға алу туралы ақпарат қайшылықты болып тұр. Сот шешімі маусымның 28-і күні шыққан. Ол туралы шілденің 2-сі Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлнұр Симатова хабарлады.

- Маусымның 28-і тұтқындау туралы сот санкциясы шықты. Қазір ол "бесінші" тергеу изоляторында, - деді ол.

Алайда Ғабит Құрманқұлдың адвокаты Күлпан Мушатова Азаттыққа басқа ақпарат берді.

- Санкция берілгені рас. Бірақ Ғабит Құрманқұл әлі ауруханада жатыр. Жарақаты әлі жазылмағандықтан, СИЗО-ға алмайды. Мен палатасына тек тергеушінің қатысуымен ғана кіріп жүрмін. Палатаға күзет қойылған, - деді ол.

Ал жедел жәрдем ауруханасындағы травматология бөлімінің меңгерушісі Серік Исаев:

- Бұл жігіттің қолы мен мойнына оқ тиген. Операция жасалды. Қазір жағдайы жақсы. Емін амбулаторияда жалғастыруы тиіс. Емді тергеу изоляторында ма, басқа жерде жалғастыра ма - мен ол жағын білмеймін. Қолына выпискасын жаңа бердік, - деді.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлнұр Симатованың айтуынша, "сот санкциясы сол күні (маусымның 28-і) шығып, Қазақстан қылмыстық кодексінің 96-бабының 2-бөлімі, «б» және «ж» тармақтары бойынша айып тағылған".
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстан қылмыстық кодексінде 96-бап "Кісі өлтіру, яғни өзге адамды құқыққа қайшы әрі саналы түрде өлтіру" деп аталады. 2-бөлімінің "б" тармағы - "Адамды қоғамдық немесе қызметтік міндетін атқару кезінде өлтіру", "ж" тармағы - "ұйымдасқан немесе алдын ала ақылдасқан топтың кісі өлтіруі". Кодексте көрсетілген жаза - мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілемей өмір бақи түрмеге отырғызу.

Ғабит Құрманқұлдың Қандыағашта тұратын анасы Балзира Тымақбаева ұялы телефонын көтермеді. Үй телефонын да өшіріп тастаған. Көршілерінің айтуынша, "қатты күйзеліске түскен, қайта-қайта скорый шақыртып жатыр".

Ғабит Құрманқұл 1994 жылы Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында дүниеге келген. Бұрын сотталмаған. Ақтөбе байланыс және электроникалық колледжінің 2-курс студенті.

ПРОКУРАТУРА МӘЛІМЕТТЕРІ

Ақтөбе облысының тұрғындары Жолмырза Бекбауов, Ғабит Құрманқұл мен Ерназар Мырзағалиға маусымның 21-і жол полициясының инспекторы Темірбек Жаксылықбаевты атып өлтірді деген күдік бойынша іздеу жарияланған болатын.
Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.
Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.

30 жастағы жол полициясының инспекторы Темірбек Жақсылықбаевтың мәйіті маусымның 23-і полицейлердің кәсіби мерекесі күні жерленді.

Дәл сол күні күдікті ретінде іздеу салынған азаматтар Ақтөбе қаласының «Малышка» аталып кеткен ауданындағы Краснощеков көшесінің 46-шы үйінде полицияға қарулы қарсылық көрсетті. Арнайы жасақ пен қарулы топтың арасында алты сағатқа жуық атыс болды.

Маусымның 23-і, атыс аяқталған түнгі сағат он бірлер шамасында Қазақстанның бас прокуратурасы мәлімдеме таратып, "екеуінің қарсы атыспен жойылып, біреуінің жарақат алғанын" хабарлады.
Еңбекші көшесінің тұрғыны Валера металл қабылдайтын пункттің әйнегі шағылған терезесін көрсетіп тұр. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.
Еңбекші көшесінің тұрғыны Валера металл қабылдайтын пункттің әйнегі шағылған терезесін көрсетіп тұр. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл.

Алдымен оларға берілу жөніндегі ұсыныс жасалған, бірақ Бекбауов, Құрманқұл және Мырзағали қарулы қарсылық көрсеткен. Атыс кезінде екі полиция қызметкері жараланған.

Шернияз, Лермонтов, Герцен көшесінің тұрғындары атыс кезінде қауіпсіздік үшін үйлерінен шығарылған. Ұрыс жүрген маңдағы үйлердің тұрғындары үй киімдерімен, бала-шағаларымен атыс аяқталғанша, қараңғы түскенше топталып тұрды.

ЖАНАЗА

Ақтөбедегі атыстан кейін іле-шала Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «оқиғаның діни экстремизмге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын» мәлімдеді.

Маусымның 26-сы күні полициямен арадағы атыста оққа ұшқан екі адамның бірі Жолмырза Бекбауовтың сүйегі Ақтөбе қаласындағы Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан жатақханадан шығарылды. Көршілерінің айтуынша, қоштасуға «200-ге жуық сақалды адам» жиналған.

Жерлеу рәсімінде болған «Стан ТВ» арнасының тілшісі Дәнеш Байболат:
Жолмырза Бекбауов пен Ғабит Құрманқұлға іздеу жариялаған полиция қағазы. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз үлкейеді.
Жолмырза Бекбауов пен Ғабит Құрманқұлға іздеу жариялаған полиция қағазы. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз үлкейеді.

- Далада бір топ адам отырды. Бәрі - сақал қойған, қысқа балақ. Олар Жолмырзаның жаназасына келіпті. Сүйекті үйге кіргізген жоқ. Бірден сол жерде жинала қалып, шамасы екі жүз қаралы адам, бәрі сақалды, 5-10 минуттың төңірегінде, тез жаназасын шығарып, сүйекті алып кетті. Бізбен сөйлескендері «Жолмырзамен жақсы араласқанбыз. Жақсы жігіт, бәріміздің бауырымыз» деді, - деді.

Дәнеш Байболаттың айтуынша, Жолмырза Бекбауовты дінге қатысы болғаны үшін Қазақстан қарулы күштерінің қатарына алмай қойған.

- Жолмырзаны кезінде әскер қатарына дінге бет бұрып, сақал қойғаны үшін алмапты. Әскер қатарына барғаннан кейін басқа балаларды да бүлдіруі мүмкін деген қауіппен әскерге алмаған екен, - деді журналист.

Ал марқұм Ерназар Мырзағалидың анасы Азаттыққа «Балам қаржы тапшылығынан «Дүниедегі» оқуын тастап кетті» деген еді. Ерназар Мырзағали Ақтөбедегі «Дүние» университетінде 2006-2008 жылдар аралығында мұнай-газ ісі факультетінде оқыған.
XS
SM
MD
LG