Accessibility links

Билік аутстаффинг жүйесінен заңсыздық көрмейді


"АрселорМиттал Темиртау" АҚ ғимараты. (Көрнекі сурет)
"АрселорМиттал Темиртау" АҚ ғимараты. (Көрнекі сурет)

Билік «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында тексеру жүргізіп, заң бұзылған жағдайларды таппады. Металлургтер кәсіподағы «сапалы» тексеруді талап етіп, бас прокуратураға қайта шағым жазған.

Металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясындағы жұмысшы саны ұдайы қысқарып келе жатқаны мен «еңбекті жалға алу» әдісін пайдалануға қатысты алаңдаушылық білдіріп, сәуірде бас прокуратура, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Қазпрофметалл» тау кен-металлургия кәсіподағына хат жолдаған еді. Кәсіподақ биліктен «штаттан тыс» жүздеген адам жұмыс істейтін АМТ кәсіпорындарында аутстаффинг жүйесін пайдалануға назар аударуды сұраған. Кәсіподақ аутстаффинг жүйесіне көшірілген жұмысшылар «қорғансыз» деп санайды. Жуырда билік компаниядағы тексеру аяқталып, «еңбек заңы бұзылмады» деп хабарлады.

Ал «еңбекті жалға алу» сияқты еңбек түрін 2014 жылдан бері пайдаланатын АМТ компаниясы өкілдері аутстаффинг жүйесіне көшкеннен кейін ақша үнемдеу мүмкіндігі пайда болды деп санайды. Компания басқармасы кәсіпорынның штаттағы жұмысшыларымен салыстырғанда, «штаттан тыс жұмысшылардың» аз жалақы алатынын да, мұндай қызметкерлерді ұжымдық келісімшартсыз уақытша жалдап, ақша үнемдеуге болатынын білдірді.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты еңбек комитеті Азаттыққа металлургтердің «Жақтау» кәсіподағының «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы еңбек заңын бұзуға қатысты жолдаған хатында көрсетілген жайттар тексерілгенін хабарлады.Биліктің хабарлауынша, АМТ-да «өзге заңды тұлғалармен (барлығы 8 мекеме) еңбек қатынасында тұратын 845 қызметкер жұмыс істейді».

"АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылары. (Көрнекі сурет)
"АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылары. (Көрнекі сурет)

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты еңбек комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов Азаттыққа «Бұл қызметкерлер АМТ мен жұмыс берушілерінің арасында азаматтық заңдарға сәйкес бекітілген ақылы қызмет көрсету келісім-шарты негізінде АМТ нысанында жұмыс берушісі атынан жұмыс істейді. Бірақ олар дербес ұйым болғандықтан, мемлекеттік еңбек инспекторы жоғарыда аталған заңды тұлғалардың қызметін тексере алмады. Әлгі кәсіпорындарды тексеру үшін құқығы бұзылған қызметкерлер субъектінің атауын көрсетіп әрі оның әрекетіне қатысты шағымдануы тиіс» дейді.

Ведомство «әлгі мекемелердің қызметкерлерінен шағым түссе ғана тексеру жүргізіледі» және заң бұзу оқиғалары анықталса, «Қазақстан заңдарына сәйкес шара қолданылады» деп хабарлайды.

Еңбек комитетінің Азаттыққа жолдаған ресми хатында «Ал ұжымдық шарт талаптары жұмыс беруші және сол мекеме қызметкерлері және оған қосылған жұмысшыларға ғана қатысты қолданылады» деп көрсетілген.

Металлургтер кәсіподағы мүшелері билікке жолдаған сауалында еңбектің мұндай түрін қолдану заңдылығын тексеруді сұрағанына қарамастан, шенеуніктер тексеру нәтижелерінде «аутстаффинг» немесе «еңбекті жалға алу» туралы бір сөз жазбаған.

КӘСІПОДАҚ САПАЛЫ ТЕКСЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Металлургтер Қазақстанда «еңбекті жалға алу» туралы заң жоқ деген уәжбен осы әдісті пайдаланудың заңдылығына қатысты мәселе қозғаған. Жұмысқа жалдану сияқты еңбек қатынастарын еңбек кодексі реттейді. Сондықтан «штаттан тыс қызметкерлер» жұмыс берушінің актілері мен ұжымдық келісімшартта қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалануы үшін кәсіподақ бұл мәселені заң жүзінде реттеуді сұрайды.

Кәсіпорында жүргізілген ресми тексеру нәтижелерімен әрі еңбек комитетінің жауабымен келіспеген металлургтер кәсіподағы жуырда бас прокуратураға қайта шағым жолдаған. Кәсіподақ хатында прокурорлардан министрлік қайтарған жауапқа назар аударуды сұрайды әрі билікті аутстаффинг (еңбекті жалға алу) жүйесіне құқықтық тұрғыдан баға беруге тағы шақырған. Бас прокуратурадан әзірше жауап келген жоқ. Металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы төрағасы Виктор Щетинин Азаттыққа:

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында метталлургтердің денсаулығы мен еңбек қауіпсіздігін сақтау жөнінде өткен митинг. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында метталлургтердің денсаулығы мен еңбек қауіпсіздігін сақтау жөнінде өткен митинг. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.

- Егер [аутстаффинг заңға] сәйкес болмаса, онда түзетсін, ал егер сәйкес болса, «біздің елде аутстаффинг заңды түрде қолданылады» деп жазып, еңбек кодексінің қай бабы екенін көрсетсін. Біз нақты мәселе жайлы жаздық, ал жауап мүлде біз сұрамаған сауалдарға берілген. Прокуратураға тағы жолдаған хатымызда сапалы тексеру жүргізуді сұрадық, өйткені мынау - тексеру емес, құр сырғытпа жауап. Ресейде бұл мәселе заң жүзінде реттелген, бізде реттелмеген. Ал комбинатта аутстаффинг жүйесін пайдалану барған сайын жиілеп барады, - дейді.

Ертеректе «Қазақстан заңдарында аутстаффинг жүйесі, яғни штаттан тыс жұмыс күшін пайдалану тәртібі реттелмеген» деп мәлімдеген «Қазпрофметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында жұмыс істейтін металлург пен оның америкалық әріптесі алатын жалақыда көп айырма бар» екенін хабарлады.

Салалық кәсіподақ хабарламасында «Мысалы, салыстырсақ, ArcelorMittal USA компаниясының металлургі сағатына $72,5 немесе айына $13 мың жалақы алады. Ал АМТ -да жұмыс істейтін металлург сағатына $3-дан сәл көбірек алады» деп жазылған. «Қазпрофметалл» дерегінше, америкалық әріптесіне қарағанда, қазақстандық металлургке сағатына 24 есе кем төлейді.

XS
SM
MD
LG