Accessibility links

"Бюджет талдаудың тұрмыс деңгейіне ықпалы бар"


Ақшаны тексеріп отырған кассир. (Көрнекі сурет.)
Ақшаны тексеріп отырған кассир. (Көрнекі сурет.)

"Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігі директоры әрі бюджетті талдаушы Әсел Қырықбаева азаматтарға республикалық бюджеттің қыр-сырын қалай түсінуге болатыны және бюджет жайлы ақпаратты жариялау мемлекет үшін неліктен маңызды екені туралы Азаттыққа айтып берді.

Азаттық: - Ел бюджетін ашып оқи бастасаң, мүлде бытысып кеткен түсініксіз бірдеңе сияқты болып көрінеді. Мысалы, президент істері басқармасының шығындары бүкіл құжатқа бытырап кеткен. Нақты соманы қалай табуға болады? Бұл әдейі жасалған амал ма, әлде сандарды бұлай сапырылыстыру совет заманынан қалған дәстүр ме?

Әсел Қырықбаева: - Қазақстанда бюджетті түзу процесі халықаралық валюта қоры (ХВҚ) құрастырған әдістемелерге сәйкес, бірыңғай жіктеу негізінде жүргізіледі. Негізі, үкімет мемлекет қаржысын жұмсау жүйесін түсінуді қиындатуды көздемейді. Бұл схеманың қиын болатын себебі – бюджет дегеніміз қилы мәліметтер ескерілуі тиіс үлкен қаржы. Сомалар белгілі бір бағыттар бойынша топтастырылады. Бюджеттік бағдарлама администраторларына дербес жіктеу коды беріледі. Ал сіз айтып отырған президент істері басқармасы түрлі функциялық топтар бойынша қаржыны жұмсауға жауапты мекеме болуы мүмкін, сондықтан белгілі бір ведомствоға қанша қаражат бөлінгенін түсіну үшін барлық шығындарды оның коды (694) бойынша топтастыру керек. Қарапайым тілмен айтқанда, бүкіл шығынды жинақтап, қосу керек.

Азаттық: - Сіздер бюджетке қатысты деректерді сұратқан кезде шенеуніктердің реакциясы қандай болады? Олар бұл мәселеде не үшін ашықтық қажет екенін түсінетін шығар?

Ашықтық не үшін керек екенін мемлекеттік органдар біртіндеп түсініп келеді. Мемлекеттік қызметшілер "транспаренттілік", яғни ашықтық, "есеп беруге міндеттілік" дегенді жиі айтатын болды

Әсел Қырықбаева: - 15 жылдай бұрын, әсіресе аймақтарда бюджетке қатысты ақпаратты сұраған кезде "мемлекеттік құпия" деген уәжбен оны беруден бас тартатын, я болмаса "Кімсіңдер, оны неге сұрап отырсыңдар?" деп сұрайтын. Қазір ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Бюджетке қатысты деректердің ашықтығы билікке деген сенімді арттыруға, коррупцияны азайтуға септесетінін шенеуніктерге қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), халықаралық сарапшылар, қоғам қайраткерлері үнемі айтып отырады. Қазір бұл бағытта прогресс байқалады. Ашықтық не үшін керек екенін мемлекеттік органдар біртіндеп түсініп келеді. Мемлекеттік қызметшілер "транспаренттілік", яғни ашықтық, "есеп беруге міндеттілік" тәрізді сөздерді жиі айтатын болды, ақпаратқа қол жетімділік туралы заң қабылданды, "Ашық үкімет" және "Ашық бюджет" деген электронды платформалар құрылды. Бірақ әлгі платформалардың ақпарат іздеуге онша ыңғайлы еместігі – бөлек әңгіме.

Азаттық: - Қазақстанда бюджетті қарапайым әрі түсінікті етіп жариялауға міндеттеу сияқты әлдебір талап бар ма? Мысалы, инфографика немесе видеографика сияқты диаграмма, кестелер түрінде?

Әсел Қырықбаева: - Бюджет ашықтығының халықаралық стандарттары ұсыныстық сипатта болып келеді, сондықтан оны қандай көлемде және қандай деректерді жариялау жағын әр ел өзі шешеді. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуге тырысып жатқандықтан, белгілі бір халықаралық стандарттарға, мысалы, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бюджет басқармасының ұсыныс-кеңестерін орындауы тиіс. Қазақстан үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы грант жөніндегі келісімге сәйкес, "Қазақстан Республикасының бюджет жүйесіне шолу: бюджеттік реттеудегі ең озық халықаралық тәжірибені енгізу стратегиясы (бюджет саясатын оңтайландыру)" жобасы іске қосылған, оның қорытындысымен 2018 жылғы наурыз-сәуір айларында таныстыру жоспарланған.

Азаттық: - Ал азаматтық бюджет деген не?

Азаматтық бюджет қоғамға мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлерін таныстыруға арналған. Бұл - бюджеттің көрнекі кесте, схема, диаграммаларды қолдану арқылы, түсінікті тілмен жазылған әрі ашық жарияланатын қарапайым нұсқасы

Әсел Қырықбаева: - Қазақстан Халықаралық бюджет серіктестігінің (International budget partnership, IBP) бюджет ашықтығы жөніндегі әр екі жыл сайын жарияланып тұратын шолуында көрсетілетін елдердің бірі. Азаматтық бюджет негізгі сегіз бюджет құжаттарының бірі саналады. Ол қоғамға мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлерін таныстыруға арналған. Бұл – бюджеттің көрнекі кесте, схема, диаграммаларды қолдану арқылы, түсінікті тілмен жазылған әрі ашық жарияланатын қарапайым нұсқасы. Қазақстанның ұлттық бюджет желісі (ҚҰБЖ) мен қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы арқасында 2011 жылы қаржы министрлігі сайтында азаматтық бюджет алғаш рет жарияланды. Бұған қоса, азаматтық бюджетті құрастыру әдістемесі қабылданды, онда жергілікті мемлекеттік органдар бюджеттің осы нұсқасын жариялауы тиіс деп көрсетілген. Ағымдағы азаматтық бюджетті визуалды түрде көріп, түсінуге оңай болу үшін қаржы министрлігі оны өз сайтында графикалық элементтерді пайдалану арқылы жариялайды.

Азаттық: - Қарапайым адам әлгі құжаттардан өзіне қажет деректерді таба ала ма? Негізі, бюджеттер қай жерде жарияланады?

Әсел Қырықбаева: - Бюджетке қатысты деректердің ашықтығы мен қол жетімділігі жайлы айтқан кезде оның халықаралық критерийлері республикалық бюджет туралы заңды немесе мәслихаттың жергілікті бюджетті бекіту туралы шешімін құр жариялай салудан гөрі әлдеқайда ауқымды екенін ескерген жөн. Еліміздің бюджетін (енгізілген өзгерістерімен қоса), мысалы, нормативті-құқықтық актілер жарияланатын "Әділет" ақпараттық-құқық жүйесінен немесе ресми газеттерден табуға болады. Бюджеттегі цифрларды түсіну үшін кей дағдыларды меңгеру қажет екенін ескерген жөн. Бұл үшін іздеген деректерді табуға шынымен мүдделі болу керек, сондықтан білім деңгейіңді үнемі жетілдіріп отыру керек. Қарапайым азамат бюджеттен өзіне керек деректі таба алады, ал кей адамдарға әкімдіктердің аймақтық ресми сайттарында жарияланатын азаматтық бюджетті қарау жеткілікті болуы мүмкін.

Қазақстан ұлттық валютасына арналған көрмедегі экспозиция.
Қазақстан ұлттық валютасына арналған көрмедегі экспозиция.

Қазақстанның ұлттық бюджет желісі жергілікті бюджеттердің ашықтық индексін анықтау үшін әр екі жыл сайын зерттеу жүргізіп отырады. 2017 жылғы зерттеу нәтижелері бюджетке қатысты мәліметтер Шығыс Қазақстан облысында ғана көбірек жарияланатынын көрсетті. Павлодар және Ақтөбе облыстарында бюджет ашықтығы көрсеткіші "орташа", ал қалған аймақтарда "орташадан төмен" және "жеткілікті емес" деп бағаланды. Қалған тоғыз аймақта, оның ішінде Астана мен Алматы қалалары бар – жауапты органдар бюджетке қатысты мәліметтерді "аз көлемде" жариялайды.

Азаттық: - Қарапайым азаматтарға бюджетпен танысудың қажеті қанша әрі бұл неліктен маңызды?

Әсел Қырықбаева: - Меніңше, бюджетке мамандар мен БАҚ-тар ғана емес, Қазақстан азаматтарының бәрі қызығушылық танытуы тиіс. Кейінгі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылары мемлекеттік сатып алулар сайтынан немесе тіпті әкімдік сайтынан қоғамдық резонанс тудыратын, яғни бюджеттен орынсыз шығын жұмсалған баптарды тапқан оқиғалар жиіледі, сондықтан атқарушы органдар әлгі шығындардың негізді екенін дәлелдеуге немесе ондай шығындардан бас тартуға мәжбүр болады. Бюджет дегеніміз әлдебір абстрактылы сандар емес. Шығыс пен кіріс баптарының артында нақты салық төлеушілер мен бюджеттен ақша алушылар тұр. Мысалы, дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер және азаматтардың қорғансыз топтары.

Биліктің заң шығару органдарына түскенге дейін жарияланатын бюджет жобасы – жеке адам ретінде немесе ҮЕҰ я депутаттар, тіпті әлеуметтік желілер арқылы ұсыныстар енгізуге болатын құжат

"Қоғамдық қатысу" деген ұғым бар, оның бірінші сатысы – халықты бюджет жайлы хабардар ету. Билік органдары ақпаратты жариялауы, ал халық оны оқып, зерттеуі тиіс. Бюджет ақшасын кімдердің және қандай көлемде алатынын азаматтық қоғам білуі тиіс. Бұл үкімет бюджет бөлуде басымдық беретін салаларға қатысты сұрақтар қоя бастауға болатын бастапқы ақпарат. Бюджет жобасын талдауға немесе салыстыруға болады, бірақ олар әзірше бірнеше аймақта ғана жарияланып жүр. Егер қоғам тарапынан ықылас болмаса, бюджет жобасы әуелгіде ұсынылған күйінде бекітіліп кетеді. Биліктің заң шығару органдарына түскенге дейін жарияланатын бюджет жобасы – жеке адам ретінде немесе ҮЕҰ я депутаттар, тіпті әлеуметтік желілер арқылы ұсыныстар енгізуге болатын құжат. Қазіргі кезде біз қоғамдық қатысудың бірінші сатысында кібіртіктеп тұрмыз, өйткені бюджеттің бүге-шігесін білуге тырыспаймыз.

Бұдан кейінгі "кеңесу" деп аталатын сатыда билік органдары бюджеттен ақша бөлуде басымдық берілетін бағыттарды, проблемаларды азаматтық қоғаммен талқылайды, қоғамдық тыңдаулар (Қазақстанда онша көп өткізілмейді) мен кездесулер өткізу арқылы халықтың пікірін біледі. Ал үшіншісі сатысы – кездесулер жиі әрі нақты мәселелер бойынша өтетін "диалог". Төртінші, ең жоғарғы сатысы – биліктің азаматтық қоғаммен бірлескен жобалары қарастырылатын "әріптестік" немесе "өкілеттік беру" сатысы. Әрине, азаматтық қоғам бюджетті талқылауға қағаз жүзінде ғана қатысатын жағдайлар болады, бұл Қазақстанда да бар, бірақ билік пен азаматтық қоғам әріптестігі шынымен ұтымды әрі шешім қабылдауға ықпал етуі үшін халық бюджет деректерін білуге ықыласты болып, оларды талдауы, қоғамдық мониторинг, бақылау жүргізіп отыруы тиіс.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Азаттық: - Бюджетті қалай талдауға және ондағы цифрларды күнделікті өміріңде қалай пайдалануға болады?

Әсел Қырықбаева: - БАҚ-тардағы бюджет туралы мақалаларға қызық емес ақпарат ретінде қарамай, оларды оқуға кеңес беремін. Қаржы министрлігінің сайтының "Азаматтарға" деген бөліміне кіріп, "Азаматтық бюджет" деген тарауын тауып алып, кестелер мен инфографикаларды қарау керек. Ол жерде тіпті мамандар сұрақтарға жауап беретін форум да бар. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын Есеп комитетінің мәліметтерімен де сол жерде танысуға болады. Ол жерде нақты жұмсалған шығындар туралы қызықты ақпарат көп. Тіпті өз аудан, қалаңның әкімдігі сайтына кіріп, "бюджет" деген қосымшасына құр көз жүгіртіп өтсеңіз де өзіңіз үшін пайдалы бірдеңе тауып қалуыңыз мүмкін. Егер әкімге жазбаша сұрақпен немесе орынды ұсыныспен жүгінсеңіз, ол жақтан сізге жауап келеді немесе билік сіз қозғаған проблемаға назар аударады, осылайша аймағыңыздағы жағдайды жақсартуға ықпал ете аласыз.

Азаттық: - Дамыған елдерде бюджет қандай формада жарияланады?

Өзге елдерде бюджет жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, әр тұрғын жоба авторларынан қаржылық құжат қабылданғаннан кейін тұрмыс қалай жақсаратынын, мысалы, қандай жолдар жөнделетінін немесе өз ауданында қашан мектеп салынатынын сұрайды

Әсел Қырықбаева: - Елдердің көбі біз сияқты кесте түрінде жариялайды, ал біздің азаматтық бюджеттерді түсінудің қиын болатын себебі – біздің атқарушы органдар әдетте жалпылама цифрларды ғана көрсетеді. Ал дамыған елдерде кесте, диаграммалар ғана емес, сараптамалық ақпарат та жарияланады. Өзге елдерде бюджет жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, әр тұрғын жоба авторларынан қаржылық құжат қабылданғаннан кейін тұрмыс қалай жақсаратынын, мысалы, қандай жолдар жөнделетінін немесе өз ауданында қашан мектеп салынатынын сұрайды. Бұған қоса, оларда бюджетті орындау туралы есеп бойынша да қоғамдық тыңдаулар өтіп тұрады. Ондай тыңдауларда жоспарланған нәрсенің бәрі орындалды ма, егер орындалмаса, оның себебін атқарушы органнан сұрауға болады.

Ондай тыңдауларға баяндама әзірлеу кезінде атқарушы органдар тұрғындардың сұрақтар қоюы мүмкін екенін ескеруіне тура келеді, ақпараттың сапасына бұл да әсер етеді. Бұдан бөлек, дамыған елдерде ауылдың немесе шағын қалашықтың әр тұрғыны бюджеттік шешімдер қабылдауға қатыса алатын немесе қатысатын мықты жергілікті өзін өзі басқару органдары баяғыдан бар. Ал Қазақстанда бюджеттің мұндай жаңа деңгейі биылдан бастап қана енгізілмек, яғни енді бізде де аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтердің бұдан былай дербес бюджеті және коммуналдық мүлкі болады.

Халықаралық сарапшылар қандай ақпарат барынша пайдалы әрі оны қалай таныстыруға болатынын анықтау үшін атқарушы органдарға азаматтық бюджетті (кейбіреулер оны "халыққа арналған бюджет" деп те атайды) құрастыру кезінде азаматтық қоғаммен және әлеуметпен ақылдасуға кеңес береді. Мысалы, азаматтық бюджетте экономикалық болжамдарды жариялауды, үкіметтің ақшасы қайдан түсетінін, олар қалай, қайда және неліктен жұмсалатынын, кіріс немесе шығыс неліктен ұлғайып я кеміп кеткенін түсіндіруге кеңес беріледі.

Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, АҚШ, ОАР сияқты елдерде бюджет ашықтығы тәжірибесі баяғыдан бар. International Budget Partnership (IBP) ұйымы дерегінше, қазіргі кезде азаматтық бюджетін 54 ел жариялайды. Азаматтық бюджеттің кей үлгілерін IBP сайтынан көруге болады.

Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін рақмет.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG